ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ӨНДІРІСТІҢ ДАМУ ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫ

Төлеби ауданына арнайы іссапармен барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды диқандармен кездесіп, ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Кемеқалған ауылдық округіндегі «Қазығұрт бақтары» өндірістік кооперативінің қарқынды алма бауында болды.

Тамшылатып суару жүйесі арқылы қарқынды алма бауын өсіру ісін қолға алған кәсіпкер иелігіндегі 138 гектар аумақтың 110 гектарына 300 мың түпке жуық көшет отырғызған. «Гренни Смит», «Айдаред», «Голден делишес», «Гала» сортты алмаларын еліміздің барлық өңірлерімен қатар, алыс-жақын шетелдерге экспорттайды. Сондай-ақ, жеміс өнімдерін сақтайтын 500 тонналық қойма құрылысын өз қаржысы есебінен аяқтап, жеміс тосаптарын дайындайтын цех салған. Кәсіпкер таяуда алма өнімдерінен табиғи шырын дайындайтын цехты іске қосуды жоспарлап отыр.

Табиғаттың қолайлылығын пайдалана отырып, озық жаңа тәсілдер енгізілуде. Атап айтқанда, қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. Қазіргі уақытта облыстағы қарқынды баулардың көлемі 5,8 мың гектарға жетті. Бұрын дәстүрлі баулардан гектарына 60-70 центнерден өнім алынатын болса, қарқынды баулардан өнімділік 5 есеге артып, 300-350 центнерге дейін өнім жиналуда.

Өңір басшысы Леңгір қаласындағы «Жарқын өмір және тең қоғам» мекемесінің ашылу рәсіміне қатысып, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орталықтың жұмысымен танысты. Орталықта мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіліп, психологиялық қолдау бағытында кеңес беріледі. Массаж, йога орталығы, емдік-спорттық дене шынықтыру, көңіл сергіту шаралары қарастырылған. Бұған қоса зейнеткерлердің тынығып, демалып, тыныс жолдарын ашу үшін тұз шахтасының кабинеті де жасақталған. Мұнда рухани-танымдық шаралар да ұйымдастырылады.

Орталықта ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жұмысқа орналастыру бойынша кеңестер мен ұсыныстар беріледі. Сондай-ақ, ардагерлердің шахмат ойнап, әңгіме-дүкен құруларына арнайы бөлмелер бөлінеді. Зағип жандардың, жалпы мүгедектігі бар азаматтардың бір сәт көңіл сергітетін заманауи орталығының мақсаты – мүгедектігі бар тұрғындардың белсенділігін арттыру.

Осы орталықтың жанынан ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Мейірім» орталығы жақын күндері өз жұмысын бастайды. Бұл орталық 3 пен 15 жас аралығындағы церебралды паралич, яғни сезімталдығы мен түйсіну қабілеті, сонымен қатар, қимылдау жүйесі бұзылған, интеллектуалды дамуында ақауы бар, Даун синдромымен ауыратын балаларға арналған.

Мұнда түзету және дамыту, психологиялық-педагогикалық көмек, массаж, физиотерапия кабинеті, әлеуметтік және еңбекке оңалту, музыка, өнер және ойын-сауық қызметтері бар. Аса қатты көңіл бөлуді қажет ететін балаларға психолог, невропатолог, логопед, педиатр, дефектолог және басқа да мамандар жан-жақты көмек көрсетеді. Әр баланы оңалту мен дамытуға арналған жеке даму жолы әзірленеді.

Орталық жұмысымен танысып шыққан облыс әкімі өңірдегі ерекше балаларға барлық жағдай жасалатынын және осындай орталықтардың өзге де аймақтарда салынуын қолдайтынын айтты.

Облыс әкімінің жаңа форматтағы кездесуінде өңір басшысы осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстарды баяндады. Алдағы жоспарларды пысықтап, ауданды дамыту жұмыстарына тоқталды.

– Бүгін өздеріңізбен маңызды мәселелерді талқылау үшін жүздесіп отырмыз. Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Төлеби ауданында 2023 жылы 16 елді мекенде 27 жобаны іске асыруға 3,5 млрд. теңге бөлінді. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру, әл-ауқатын жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1 млрд. теңгеге 190 жоба қаржыландырылды. Төлеби ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 36 пайызға өсіп, 2023 жылы 146 млрд. теңгеге жетті. Біз аудандағы кейбір салалардағы кемшіліктерді жасырмай ашық айтып, оларды шешу жолдарын қарастыруымыз қажет. Біз әлі де қоғамдық немесе әлеуметтік жұмыстардан бөлек, өз жұмыс орнымызды ашып үйренуіміз қажет. Нарық талабы солай. Бизнесті қолға алып, өндірісті дамытуымыз керек, – деген облыс әкімі елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына атсалысуға шақырды.

Мемлекет басшысы мектептерді жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтуды тапсырған болатын. Жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін «Starlink» спутниктік интернет желісінде Төлеби ауданында жоспарланған 20 мектептің 19-ы қосылды. Қалған бір мектепте ол тамыз айында іске қосылады. Бастапқы интернеттің жылдамдығы секундына 20 мегабитке жетпейтін болған, қазіргі кезде ол 200 мегабитке жетіп, сапалы қызмет көрсетілуде.

Аудан әкімі Төлеген Телғараевтың 2023-2024 жылдары атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалған соң тұрғындардың сұрақтарына кезек берілді. Төлебиліктер инфрақұрылым, кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс пен туризм саласы және өзге де мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, өтініш-тілектерін айтты. Облыс әкімі әрбір өтініш бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Сонымен бірге аудандағы өзекті мәселелерді қозғап, оларды шешу бойынша аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар берді.

Кездесуден соң өңір басшысы жеке қабылдау өткізіп, аудан тұрғындарының өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Жергілікті тұрғын Нысанбек елді мекенінің атауын Қапал батыр ауылы деп қайта атауды ұсынды. Зертастық тұрғын осыған дейін көтерген елді мекенге спорт кешенін салу мәселесінің шешімін тапқаны үшін алғысын айтты. Төлебиліктер баспана, инфрақұрылым мәселелерін қозғады. Қабылдауға құқық қорғау органдары мен аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары қатысып, көтерілген мәселелердің тиісті шешімін табуға атсалысты. Өңір басшысы жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктеді.

Төлеби ауданына сапары аясында облыс әкімі Дархан Сатыбалды аумақтың тазалығына жауапты мамандармен жүздесті. Бүгінде мұнда санитарлық тазалықты сақтау үшін техника сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *