Президенттің Ұлттық құрылтайдағы әрбір сөзінде экономикалық дамудың жаңа парадигмасы, Қазақстанның Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталыққа айналу шарттары туралы айтылып келеді. Қазақстанның басым тұстарының бірі – аграрлық сектор. Еліміз астық экспорттаудан әлемдегі жетекші елдердің қатарында. Президент алдағы уақытта аграрлық сектордағы өңделген өнім үлесін 3 жылда 70%-ға жеткізу міндетін қойды. Бұл – үлкен жоба. Өнімді тікелей сатқаннан пайдасы артық түсетіні белгілі. Сондай-ақ өнім өндіру еңбек нарығында жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Аграрлық секторды дамыту ғылыми-технологиялық жаңалықтарды енгізумен тікелей байланысты. Сондықтан да осы тұста Мемлекет басшысы отандық және әлемдік ғылыми орталықтармен бірлесе жұмыс істеу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, географиялық орналасуымыз әлемнің үлкен нарықтарына тікелей немесе көлік-логистикалық потенциалды пайдалана отырып, оңтайлы шығуына мүмкіндік береді. Түркістандық тұрғындарға түсінікті болу үшін Ұлытауда және Түркістанда, сондай-ақ, биыл ғана Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелерге кешенді талдау жүргізсек, әрбір бастаманы прагматикалық тұрғыда, бір-бірімен өзара тығыз байланыста дамытуға басымдық берілгенін аңғаруға болады. Үкімет алдына жыл сайын экономиканың даму тенденциясын 6-7%-дық деңгейге шығару міндеті қойылды. Сонымен қатар 2029 жылы ІЖӨ көлемін екі есеге ұлғайтып, 450 млрд долларға жеткізу мақсаты белгіленді. Президент 2026 жылғы қарай IT саласы қызметтерінің экспортын 1 млрд долларға жеткізуді міндеттеді. Қазақстан халқының мүмкіндігі, жастарымыздың потенциалы мен ерік-жігері осы мақсатқа жетуге толық негіз бола алады. Бұл үлкен жұмысты қажет етеді, дегенмен Қазақстанның мүмкіндігі жететін меже деп ойлаймын. Байқасаңыз құрылтайда отандық өнімді қолдау, нақты өнім өндіретін секторларды дамыту, республикамыздың көлік-логистикалық мүмкіндіктері мен аграрлық сектордағы артықшылықтарын барынша эффективті пайдалану, еліміздің технологиялық дамуы сынды бастамалар қолға алынды. Үкімет, жергілікті басқару органдары, жалпы ел азаматтарымен бірлесе жұмыс істей отырып, бұл басымдықтарды іске асырамыз деген сенімдемін.
“Енді экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі тұстарына тоқталайын. Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда. Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек. Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді.
Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн. Жұмысқа өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану қажет. Біз жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуге тиіспіз. Мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын реттейтін және ынталандыратын түрлі тәсілдерді қолдану қажет. Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жеткілікті көлемде алуы керек. Сонымен бірге реттелетін сатып алу кезіндегі өз тауарларымыздың үлесін арттыру және офтейк жүйесін толық іске қосу қажет. Еліміздегі өнім өндірушілермен жасалатын офтейк келісім-шарттардың үлесін кемінде 10 пайызға жеткізу керек. Бұл – жыл сайын 2 триллион теңге деген сөз. Мен былтыр қолданыстағы жүйенің бітпейтін дау-дамай, жұмыстың ұзақ мерзім, ашық еместігі сияқты түйткілді мәселелерін шешу үшін жаңа мемлекеттік сатып алу жүйесін енгізуді тапсырдым. Үкімет жаңа заң жобасын әзірледі. Бұл құжат бюджет қаржысын үнемдеп әрі есеп бере отырып жұмсауға септігін тигізуі керек. Бір жағынан жаңа жүйе еліміздің кәсіпкерлеріне одан әрі қолдау көрсетілуін және ең бастысы, қордаланған мәселелерге тоқталайын. Жұмыстың ашық болуын арыз-шағымдарды қараудың жаңа тәсілін қолдану және қоғамдық мониторинг институтын енгізу арқылы қамтамасыз еткен жөн. Соның нәтижесінде алдағы үш жылдың ішінде реттелетін сатып алу саласындағы жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесі кемінде 60 пайызға жетуге тиіс. Қазір көптеген елдер ішкі нарықты қорғау шараларын белсенді қолданады. Дамыған мемлекеттердің өзі протекционистік өнеркәсіп саясатына көшті. Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауынша, біздің елдегі ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен, небәрі 128 тарифтік емес шара. Сондықтан біз сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керек. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек. Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі жақсы дамығаны баршаңызға белгілі. Осы сала ұлттық экономиканың өсімін қамтамасыз ететін сенімді табыс көзі болып келеді”,деді президент.
Осы орайда Үкіметтің жаңартылған құрамының алғашқы отырысында қабылданған жоспарлар мен тұжырымдамаларды, сондай-ақ Мемлекет басшысының әсіресе соңғы Құрылтайда берілген тапсырмаларын орындау қажеттігін атап өткен болатын. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұл құжат экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, азаматтардың әл-ауқатын сапалы өсіруге бағытталған 100 іс-шарадан тұратынын баяндаған болатын.Өңдеу өнеркәсібі саласында ірі кәсіпорындардың ел ішінде шикізатты, концентратты және бастапқы металды кезең-кезеңімен қайта өңдеу жөніндегі міндеттемелері заңнамалық деңгейде бекітіледі. Бұл ретте мемлекеттік қолдау шаралары тек орта және жоғары өңдеу өнімдерін өндірушілерге ғана көрсетілетін болады.
Сонымен қатар отандық қайта өңдеушілерді шикізаттың жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету үшін өндіруші кәсіпорындармен келісімдер жасасудың қолданыстағы ерікті тетігі міндетті сипатқа ауыстырылады. Бұл ретте ерекше бәсекелестік баға белгілеу бойынша қолданыстағы тетік, яғни экспорттық бағадан төмен баға сақталады.
Реттелетін сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру заңнамалық міндеттемелерді енгізу есебінен қамтамасыз етілетін болады. Атап айтқанда, ірі тапсырыс берушілермен офтейк-келісімшарттар, ұзақ мерзімді шарттар жасасуды, сондай-ақ өз өндірісінің айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру жөнінде шаралар қабылдауды көздейтін Жергілікті қамтуды дамыту бағдарламалары қабылданады.
Қорғаныс өнеркәсібінде зауытаралық кооперацияны ескере отырып, әртүрлі калибрлі артиллериялық оқ-дәрілер, атыс қаруы және ұшқышсыз ұшу аппараттары сияқты жаңа өндірістер ұйымдастырылады.Туризм саласындағы осы жылдың соңына дейін кемінде 15 ірі жобаны айқындау және әкімдердің дербес жауапкершілігін бекіте отырып, арнайы жол картасын бекіту жоспарланып отыр.