Президенттің Ұлттық құрылтайдағы әрбір сөзінде экономикалық дамудың жаңа парадигмасы, Қазақстанның Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталыққа айналу шарттары туралы айтылып келеді. Қазақстанның басым тұстарының бірі – аграрлық сектор. Еліміз астық экспорттаудан әлемдегі жетекші елдердің қатарында. Президент алдағы уақытта аграрлық сектордағы өңделген өнім үлесін 3 жылда 70%-ға жеткізу міндетін қойды. Бұл – үлкен жоба. Өнімді тікелей сатқаннан пайдасы артық түсетіні белгілі.
Геологиялық барлау жұмыстарын ынталандыру және көмірсутектердің ресурстық базасын ұлғайту мақсатында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске түзетулер топтамасы қабылданады. Сонымен қатар ірі кен орындарында жаңа газ өңдеу зауыттары салынады. Газ тасымалдау жүйесін кеңейту бойынша ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырылатын болады. Сондай-ақ АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізу жоспарланып отыр.
Кәсіпкерлікті одан әрі дамыту бөлігінде «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіру есебінен Шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытудың кешенді бағдарламасы әзірленеді. Кешенді бағдарлама бәсекеге қабілетті және өсуге әлеуеті бар шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталатын болады. Сондай-ақ бизнестің санатына және технологиялық күрделілік деңгейіне байланысты қолдау шараларының кең спектрі бар топтамалық шешімдер енгізіледі.
Бұдан басқа, орта бизнес сегментін кеңейту және кәсіпкерлерді бөлшектенуге ынталандырмау мақсатында кәсіпкерлік субъектілерінің өлшемшарттары (кіріс, жұмыскерлер саны) қайта қарау жоспарланып отыр. «KazakhExport» базасында экспорттаушылардың қолдау шараларына қол жеткізуін жеңілдетуге мүмкіндік беретін толыққанды экспортты ілгерілету институты құрылады.
Мемлекеттік сатып алу бойынша жинақталған проблемаларды шешу үшін бүгінгі таңда тиісті заң жобасы әзірленді. Ол сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды, сатып алу процесін оңайлатуды, сатып алуды өткізу мерзімдерін қысқартуды көздейді. Жақын арада заң жобасы Парламент Мәжілісіне енгізілетін болады.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерін бәсекелестік ортаға беру немесе оларды қайта ұйымдастыру жалғасады. Осы жылдың соңына қарай КЕГОК компаниясында,, ал 2024 жылы – «Эйр Астана», 2025 жылы – «QazaqGaz», «Қазақстан Темір Жолы», «Самұрық-Энерго» компанияларында 5%-ға дейін IPO/SPO жүргізіледі деп күтіліп отыр. Халықтық IPO-да «ҚазМұнайГаз» IPO-сы сияқты ел азаматтарының өтінімдері басым тәртіппен қанағаттандырылады.
Агроөнеркәсіп кешенінде бастапқы өндірістен неғұрлым жоғары өңдеу өнімін шығаруға көшу мақсатында терең өңдеуге арналған инвестициялық субсидиялау нормативтері 50%-ға дейін арттырылатын болады. Солтүстік Қазақстан облысының ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша табысты тәжірибесі құс фабрикаларын, көкөніс сақтау қоймаларын және етті мал шаруашылығы кәсіпорындарын салуға қолданылады.
Машина-трактор паркін жаңарту мақсатында ауыл шаруашылығы техникасын инвестициялық субсидиялау мен лизингті қаржыландыру ұлғайтылады. «Білім – ғылым – өндіріс» тиімді жүйесін қалыптастыру үшін Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы қатарласа интеграцияланған агротехнологиялық хабқа трансформацияланатын болады.
IT-қызметтер экспортының көлемін $1 млрд-қа дейін ұлғайту үшін 2026 жылға қарай Оңтүстік-Шығыс Азия және Таяу Шығыс елдерінде IT-хабтар ашу жоспарланып отыр. Жасанды интеллект саласын дамыту мақсатында ірі халықаралық құрылыммен бірлескен кәсіпорын құру мәселесі пысықталатын болады.
Саланың тартымдылығын арттыру, сондай-ақ отандық және шетелдік инвесторларды венчурлық қаржыландыруға ынталандыру үшін заңнамалық түзетулер енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар олар инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау есебінен ірі деректер орталықтарының құрылысына инвестициялар тартуға бағытталатын болады.
Республика бойынша біртұтас IT-экожүйені дамыту мақсатында өңірлерде Astana Hub үлгісі бойынша технологиялық хабтарды ашу мәселесі пысықталатын болады. Бұдан басқа еліміздің барлық мектебі отандық білім беру ресурстарына қол жеткізу кезінде тегін интернет-трафикпен қамтамасыз етілмек.
Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін іске асыру аясында Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізі арқылы тасымалдау көлемін ұлғайту бойынша жұмыс жалғасады. Сондай-ақ мультимодальды тасымалдарды дамыту және сол үшін қажетті инфрақұрылымды құру көзделеді.
Автомобиль жолдарын сапалы реконструкциялау бойынша ұзындығы 4,7 мың км негізгі автожол жобалары айқындалды. Бақылауды қатаңдатуға қатысты инженерлік және авторлық қызметтердің жауапкершілігін күшейте отырып, сапаны бақылаудың бірыңғай республикалық жүйесі енгізілетін болады. Бұдан басқа 2025 жылға дейін жаңа технологиялар мен әлемдік тәжірибені ескере отырып, автожол саласының қолданыстағы 1 200 нормативі қайта өңделіп, оңтайландырылатын болады.
Білім алудағы теңдікті қамтамасыз ету үшін цифрлық білім беру ресурстары тегін қолжетімді болады. Сонымен қатар бес жастан жоғары балаларды қамтитын «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу көзделіп отыр. Жоба білім алуға жеңілдетілген несие мен сараланған грант алу тетігін интеграциялауды көздейді.
Еңбек нарығын техникалық және жұмысшы мамандықтарын игерген азаматтармен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік тапсырысты ұлғайту бойынша жұмыс жалғасады.
Азаматтарды тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесімен қамтуды кеңейту және оларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Отбасы банктің» жұмысы облыс орталықтарынан аудандарға, моноқалалар мен ауылдарға қайта бағытталатын болады.Ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеге дейін арттыру мақсатында «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына өзгерістер енгізілетін болады.Платформалар арқылы жұмыспен қамтуды реттеу аясында пилоттық режимде интернет-платформаларды пайдалана отырып, қызметтер көрсететін адамдарды салықтық әкімшілендірудің өзгеше тәртібі сынақтан өткізілетін болады.
Зиянды еңбек жағдайларында жұмыспен қамтылған адамдарды қолдау үшін арнайы әлеуметтік төлемді енгізу мақсатында тиісті заңдарға түзетулер енгізілетін болады. Сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы және Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданатын болады.
Жалпы жоғарыда аталған және басқа да бірқатар шараны іске асыру 2029 жылға қарай экономиканың өсу қарқыны мен көлемін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. 2028 жылға қарай республиканың ЖІӨ-сі $475 млрд-қа дейін өседі деп күтілуде. Бұған, атап айтқанда, инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен өңдеуші өнеркәсіп пен АӨК-тегі оң динамика ықпал ететін болады. Инвестицияларды игеру аясында құрылыс саласында тұрақты өсім күтілуде. Нақты сектордағы өндірісті ұлғайту қызмет көрсету секторын дамытуға ықпал етеді.
Премьер-Министр ұсынылған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы барлық бастама мен тапсырманы қамтитынын атап өтті. Премьер-Министрдің айтуынша, аталған шараларды тиімді іске асыру, бірінші кезекте министрлер мен әкімдердің, сондай-ақ, тұтастай алғанда, экономикалық саясатты іске асыруға жауапты Үкіметтің үйлесімді және жедел жұмысына байланысты болады.
Ақбаян Алиакбарқызы,
№22 мектебінің педагог-зерттеушісі