Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен үлкенді-кішілі деңгейдегі әкімдер халыққа есебін жалғастыруда.Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Жібек жолы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Тұрғындардың бұған дейінгі кездесулерде айтылған арыз-шағымдарының орындалу барысы айтылды. Аудан әкімі өңірдегі инвестициялық ахуал, кәсіпкерліктің дамуы жаңа жобаларды баяндай келіп, Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Әбуұлы Әшірбековтің 2024 жылы жоспарға сай атқарылатын жұмыстары және өңірдің өзекті жайлары бойынша ауылдық округтің әлеуметтік- экономикалық дамуы туралы есептік баяндамасын тыңдады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Бүгінде менің бастамаларымның басым көпшілігі жүзеге асты. Бірқатар жұмыс жалғасып жатыр. Осы орайда халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өткім келеді.
Мысалы, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.Мен нақты іске асқан шаралардың бір бөлігін ғана атап өттім. Шын мәнінде, көп жұмыс атқарылды, болашақта да өз жалғасын табады»,-деген болатын.
— Осыған орай, Сауран ауданында соңғы үш жылда атқарылған ұланғайыр жұмыстарға тоқталғым келеді. Өздеріңізге белгілі, Сауран ауданы құрылғанына биыл үш жыл толып отыр. Осы уақытта аудан өзінің жаңа келбетін қалыптастырып үлгерді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсім байқалады. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында, барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулері тұрақты жалғасын тауып келеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай мен жақында барлық ауылдарды аралап шықтым,-деді Мақсат Асылбекұлы.
БИЛІК БАСТАМАЛАРЫНА ХАЛЫҚ СЕНІМІ НЫҒАЙЫП КЕЛЕДІ
Өткен жылы облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен өткізілген 2 кездесу барысында 29 мәселе көтерілген болса, бүгінгі таңға оның 22 мәселесі өз шешімін тапты, 7-уі орындалу үстінде.
2023 жылы ауданның жалпы өңірлік өнімі 120,4 млрд. теңгені құраған болса, ағымдағы жылы 132,4 млрд. теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда 13,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағытының 84%-ы ауыл шаруашылығына, 9,2% өнеркәсіп саласына және 4,7%-ы құрылыс жұмыстарының, 1,4% тауар айналымының үлесінде.
Әкімдердің негізгі жұмысы барлық салаға инвестиция тартуымен бағаланады. Соған орай 2023 жылы ауданға 34,6 млрд. теңге инестиция тартылған болса, ағымдағы жылы 42,0 млрд. теңгеге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз, 5 айда 9,8 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылды.
Оның ішінде жеке инвестициялар 6,8 млрд. теңге, бюджеттік инвестициялар 2,9 млрд. теңге болып отыр.
Аудан бойынша 2024-2025 жылдар аралығында жалпы құны – 61,4 млрд. теңгені құрайтын 102 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз.
Атап айтқанда,өңдеу өнеркәсібі саласында 23 жоба, жиһаз жасау бағытында – 12 цехті іске қосуды жоспарласақ, бүгінгі таңға 9 цех іске қосылды және 3 цехты жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Санамалап айтатын болсақ, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін бір цех,трансформатор құрастыратын және жөндейтін бір цех, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағытында екі цех, жаңбырлату қондырғыларын өндіретін бір цех іске қосылды. Тері өңдейтін бір цех, мақта және мақта шитін өңдейтін 2 цех, жылыжай жабдықтарын өндіретін 1 цех, 2 тігін цехы іске қосылды. Өнеркәсіптік тоңазытқыш жабдықтарын өндіретін 1 кәсіпорын алдағы уақытта іске қосылады. Демалыс аймағы және қоғамдық қызмет көрсету бойынша – 22 нысан жоспарланып, 2 нысан іске қосылды. Қалған 20 нысан 2025 жылы іске қосатын боламыз. Әлеуметтік салада кәсіпкерлер есебінен – 15 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы саласында — 41 жоба жоспарланып отыр. Сy ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында 1051 гектарға жаңбырлатып және тамшылатып суару құрал-жабдығын орнату бойынша 5 жоба жоспарланып, орнатылды. Тамақ өнімдері бойынша — 3 жоба, сүт тауарлы фермасы бойынша — 3 жоба жасалуда. Мал бордақылау және мал сою алаңдары бойынша — 18 жоба жүзеге асырылмақ. Құс фермасын салу бойынша — 3 жоба, балық шаруашылығы бойынша — 5 жоба, мал азығын дайындайтын комбикорм цехы бойынша бір жоба жасалуда. 4 гектарға өнеркәсіптік жылыжай және 1,7 гектарға фермерлік жылыжайды салуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда осы аталған жобалар бойынша барлығы 39 жоба іске қосылып, 650 жаңа жұмыс орындары ашылды.
ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ АХУАЛ ОРНЫҚТЫ
Мейрамбек Әбуұлының баяндауынша, Жібек жолы ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы атқарылған жұмыстары және 2024 жылға жоспарланған жұмыстарымен инвестициялық жобалары мен өзекті мәселелері жұртшылыққа баяндалды.
Атап айтқанда, Жібек жолы ауылдық округі екі елді мекеннен құралған. Олар Сауран және Ескі Сауран елді мекендері. Сауран елді мекенінде 1733 адам, Ескі Сауран елді мекенінде 799 адам тұрады. Барлығы 2532 адам мекендейді. Мал шаруашылығы саласы бойынша. Сыр бойына жақын орналасқан малға жайлы құт мекенде 2393 ірі қара мал, 21624 қой-ешкі, 576 жылқы, 711-түйе, құстар саны 3019.
Жібек жолы ауылы әкімі аппаратына 2024 жылы барлық шығындарын өтеуге 58056,0 мың теңге жоспарланған. Ал, 2024 жылдың 5 айында 18588,0 мың теңге қаралып толық мақсатты игерілді.
Жібек жолы ауылдық округі бойынша 2024 жылы 5 айында мүлік салығы 70000 теңге, көлік салығы 3099000 теңгеге орындалды.
Ауылдық округте атаулы әлеуметтік көмек бойынша 2024 жылы 1 тоқсанда, 5-отбасының құжаты қабылданып, 39 адамға 768705 теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.
Жібек жолы ауылдық округі бойынша тұрмысы төмен көп балалы отбасыға 8 наурыз мейрамына орай қаржылай және азық-түліктей көмек көрсетілді.
АЙТЫЛҒАН ЖАЙЛАР ЖЕДЕЛ ШЕШІМІН ТАБУДА
Аудан әкімінің бұған дейінгі тұрғындармен кездесуінде айтылған ауыл ішін абаттандырудың барысына тоқталды. Бұған дейін Шорнақ елді мекені мен Ескі Сауран елді мекені арасындағы автомобиль жолын жасаса, Батыс Еуропа — Батыс Қытай халықаралық магистралына шықпай-ақ тура жолмен тез қатынай алар еді. Қазіргі кезде Шорнақ пен Ескі Сауран арасындағы автокөлік жолын жасаудың жобалау сметалық құжаттамасы әзірленген. Құрылыс жұмысы басталды. Тұрғындар ауылға кіре берістегі темір жол өткелін жөндеу жұмыстарын жүргізсе десті. Себебі, көктемде күзде лайсаң болғандықтан бұл өткелден көліктердің өтуі мүмкін емес. Аудан әкімінің айтуынша, Жібек Жолы ауылдық округінің темір жол өткелдері арқылы кіретін жол мәселесін түбегейлі шешу мақсатында жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Жөндеу жұмысы басталды.
Жібек жолы ауылдық округінің құрамына кіретін Сауран ауылы мен Ескі Сауран елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету туралы ұсынысы қарастырылды. Ауылдарды табиғи газбен қамту мәселесі бойынша, қазіргі таңда бірақтар ауылдардың жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Оранғай, Жүйнек, Қарашық, Шорнақ, Иассы ауылдық округтеріне 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлдіру жұмыстары жүргізілуде. Жібек жолы ауылдық округіне қарасты елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз етуге 2024-2025 жылдары жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленетін болады.
Сондай-ақ, Жібек жолы ауылдық округінің қоқыс полигонының аумағына қоршау орнату жұмыстарына мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жоба құны 13292,5 мың теңге. Сауран елді мекенінде воркаут, балалар алаңшасы, футбол алаңшасын орнату жұмыстарына мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жоба құны — 34979,0 мың теңге болады.
Ескі Сауран елді мекеніндегі Т.Ерімбетов көшесін орташа жөндеу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жұмыстары өткізілуде. Жоба құны – 39376,0 мың теңге тұрады. Сауран елді мекені А.Оразбаев көшесіне жарық шамдарын орнату мен аяқ жол құрылысына мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жоба құны – 19978,0 мың теңге. Бұл жобалардың барлығы кезең-кезеңімен орындалатын болады.
— Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Басты міндетіміз аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында жұмыстар жалғасын табатын болады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының әрі қарай тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жаңа кәсіпорындар ашу, жұмыс істеп тұрған қуаттарды кеңейту есебінен аудан экономикасын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстар атқарылып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге жүйелі жұмыстар атқарамыз. Сондықтан, күрделі мәселелерді шешуге және ауданның дамуына Сіздермен бірге жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз,-деді Мақсат Асылбекұлы.
АУЫЛДАР АБАТТАНДЫРЫЛУДА
Елімізде басталған «Таза Қазақстан» акциясына жібек жолдықтар белсене кірісуде. Ауыл округінде көркейту, көгалдандыру, абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстарының іс-шаралары жасалып, бекітілді. Бекітілген іс-шараға сәйкес, 2024 жылы жалпы жиырмадан астам рет сенбілік ұйымдастырылып, нәтижесінде 27 тонна күл-қоқыс арнайы полигонға төгілді.
«Жасыл аймақ» бағдарламасы бойынша екі елді мекендегі басты көшелеріне жалпы саны 750 ден аса жасыл желектер отырғызылды. Сонымен қатар Ескі Сауран қалашығында туристер келіп демалып отыратын беседкалар мен автотұрақтың бағаналары сырланып қалпына келтірілді. Ауылдық округ бойынша басты көшелердегі тал теректер бұталып, түптері әктелді. Сонымен қатар тұрғын үйлердің, ғимараттардың қасбеттері әктеліп, сырланып көркейту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолдары ретке келтіріліп, тақтатастары сырланды.
КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ ЖАСАЛУДА
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Жібек жолы ауылдық округі тұрғындарының ішінде өз кәсібін ашуға қолдау таппай жүргендерге барлық жағдай жасау керектігін ескертті. Аудан әкімі Мақсат Асылбекұлының айтуынша, қазіргі таңда 12 ауылдық округтердің орталығынан кәсіпкерлерге арналған 10 гектар көлеміндегі жер беріліп, онда индустриялық аймақтарды ашу жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы Жібек жолы ауылдық округіндегі негізгі саласы болып табылады. Биылғы жылы Жібек жолы ауылдық округі бойынша 1387 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдарын егу жоспарланып, қазіргі таңда 866 гектар жерге әртүрлі дақылдар егілді. Тұрғындар негізінен бақшалық дақылдар, көкөніс, картоп, дәндік жүгері, жоңышқа, мақта егеді.
Кәсіпкерлік және жұмыспен қамту саласында ауылдық округ бойынша алты сауда нүктесі, 59 шаруа қожалықтары бар. Жібек жолы ауылдық округі бойынша егін шаруашылығы жақсы дамыған, шаруалар бау-бақша өнімдерін егіп қазіргі таңда мол өнім алу мақсатында көптеген жұмыстар атқаруда. Алдағы айларда жиын-терім маусымы басталып, өнімдерін жинап алып, облыстық, қалалық және алыс-жақын шет елдерге шығаруды жоспарлауда.
«JMJ – Агро» ЖШС ауылшаруашылығы саласында егістік алқаптарын жаңбырлатып суғару әдісін орнатуды жоспарлауда. Бағлан Мұсабеков ауылшаруашылығы мақсатындағы жеріне жер асты суларын үнемді пайдалану мақсатында жаңбырлатып суару қондырғысын орнатуын жоспарлап отыр. Жоба құны 560млн. теңге тұрады. Биыл бастап жыл аяғына дейін орындауды көздеуде.
Жібек жолы ауылдық округінің Гүлхан, Аль-Тайр, Мөлдір бауы, Шырынкүл және Бахтияр шаруа қожалықтары ауылшаруашылығы жерлерін өңдеу, жырту, дәрілеу жұмыстарын жүргізе отырып, өнімдерді тасымалдау үшін ауылшаруашылығы техникаларын жаңартты. Ауылшаруашылығы саласында ауыл тұрғындары Музапбар Айберген және Үсен Байсалды қаржы ұйымдарынан жеңілдетілген несие алып, түйе шаруашылығымен айналысып, уақ мал басын көбейтуге қызығушылық танытуда.
САУРАННАН ШОРНАҚҚА ЖОЛ ТҮСУДЕ
Бұған дейінгі аудан әкімімен кездесулерде айтылған тұрғындардың сұранысы бойынша Жібек жолы ауылдық округінің орталығы Саураннан Сауран ауданының орталығы Шорнаққа қарай асфальт жол салынуда. Бұл жолы да тұрғындрмен кездесуде Жібек жолы ауылдық округі бойынша табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі алдағы бірер жылда шешімін табатын болады.
Ауыл әкімі Мейрамбек Әшірбековтың баяндауынша, Жібек жолы ауылдық округі Сауран және Ескі Сауран ауылдарында жалпы бес көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда атап айтқанда: Шорнақтөбе, Жібек жолы, Ү.Алдияров, М.Момбеков және Е.Жарылқасынов көшелері жоспарға енгізілді. Сонымен қатар Ескі Сауран ауылына көктемгі мезгілде ашылған өзенінен таудан қарқынды ағын су келген жағдайда автокөліктерінің өтуіне кедергі болған кезде, қосымша айналма жолға 1,5 шақырымға жолға тас төсеу жұмыстары жүргізіледі. Ескі Сауран ауылынан Батыс Қытай-Батыс Еуроппа автомагистралының Қызылорда немесе батыс бағытына шығу үшін қосалқы жолға тас төсеу жұмыстары жоспарлануда.
Жібек жолы ауылдық округі Сауран ауылында басты көше А.Оразбаева көшесінің бойында кіші футбол алаңы және балалар ойын алаңдары құрылыс жұмыстары қазіргі таңда жүргізілуде. Ағымдағы жылы құрылысы толық аяқталып тұрғындардың пайдалануына берілу күтілуде. Жібек жолы ауылдық округі аумағынан жолаушыларға қызмет көрсету үшін қонақ үй, асхана құрылысын салу жобасы да жаспарда бар. Кәсіпкер Бектемиров Сырлыбай 50 – орындықты асхана және қонақ үй ғимаратын салуды жоспарлап отырған жоба құны 80млн.теңге тұрады. Құрылысты биыл бастап келесі жылы пайдалануға беруді көздеуде. Жібек жолы ауылдық округі бойынша өзекті мәселелердің ішінде ауылды сапалы ауыз сумен қамту жобасы орындалды. Ескі Сауран елді мекеніне Батыс Қытай-Батыс Европа автомагистралынан елді мекенге бұрылатын бұрылыс ашу кезек күттірмейді.
АҒЫН СУЛАРДЫ ЖЕТКІЗУ «ТҰРАН СУ» ЖШС-ІНЕ ЖҮКТЕЛДІ
Аудан әкімінің ауылдық елді мекендердің тұрғындарымен кездесуде алдынан шығатын маңызды мәселелердің бірі егістікке ағын суларды жеткізу жайы. Себебі, су тоғандары мен қоймалары ескі, бетонды (лотоктар) арналар шұрық-тесік. Соған орай, Жібек жолы округінің диқандары Арыс-Түркістан каналы арқылы егістік алқаптарына ағын суды жеткізу жөнінде ұсыныс білдірді. Жібек жолы ауылдық округіне Түркістан магистралды каналы арқылы ағын су 2004 жылға дейін ерте көктем және күз айларында күздік егістік алқабына су берілген болатын. Қазіргі таңда, Түркістан магистралды каналы арқылы ағын су беріліп жатқан жоқ. Себебі, Бөген су қоймасынан келетін егіс көлемі ұлғайған. Осыған байланысты, үстіміздегі жылы Сауран ауданының маслихат жиналысында «Тұран су» мекемесінің орынбасары мен «КазСуШар» РМК мекемесінің инженерінің қатысуымен, «КазСуШар» РМК мекемесінің теңгеріміндегі Р-46, Р-47, Р-48 каналдарын «Тұран су» мекемесінің теңгеріміне өткізу және Р-45 каналынан бастап 80 см биік орналасқан жерлерді төмен түсіріп, механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуге келісім берілді. Бұл жұмыстар жүргізілген жағдайда, Жібек жолы ауылына ағын су таратылатын болады.
Суармалы жердегі скважиналық құдықты заңдастырып беру мәселесі туралы да айтылды. Егістік жерде орналасқан тік ұңғымалар Жібек жолы ауылдық округі әкімдігінің коммуналдық меншігіне заңдастырылған. Ағын суды егістік жерге пайдалануға мүмкіндік бар.
Тұрғындар әкімнен Сырдария өзені бойында орналасқан 664 гектар суармалы жерге баратын суландыру жүйесінің бетонды лотоктың заңды меншік иесін анықтап, жөндеуден өткізіп, іске қосып беру жөнінде ұсынысын білдірді.
Аудан әкімінің баяндауыша, Сырдария өзені бойында орналасқан 18,85 шақырымдық бетонды арықты Жібек жолы ауылдық округі әкімдігі тарапынан коммуналдық меншікке алынған мемлекеттік актіні Сауран ауданына өзгеріс жасап, техникалық төлқұжат пен мемлекеттік қабылдау актісін жасақтауға ауылдық округі әкімдігіне тапсырма берілген. Құжаттар толық рәсімделгеннен кейін «Тұран су» мекемесіне немесе сенімгерлік басқаруға беру жолдары қарастырылды.
ЗАҢСЫЗ ЖЕРЛЕР ОРТАҚ ЖАЙЫЛЫМҒА АЙНАЛУДА
Ауыл тұрғындары пайдаланылмай келген жекеменшік жайылым жерлерді ауылдың ортақ жайылымына қосу барысында ауылға алшақ орналасқан жерін алмаса деген ұсынысын жеткізді. Ауыл округ әкімі аппараты және жергілікті қауымдастықтың жиналыс хаттамасы негізінде келісілген жайылымдық жер телімдерін мемлекеттік мұқтаждығына ала отырып, ауыл әкімі аппараты теңгеріміне ортақ жайылым үшін сәйкестендіру актісі рәсімделеді. Қалай болғанда да, ортақ жайылымды таңдау барысында жергілікті тұрғындардың пікірлері ескерілетін болады. Қазіргі таңда Жібек жолы ауылдық округінде екі клуб, екі кітапхана орналасқан. Жібек жолы ауылдық кітапхана №27 кітап қоры — 13872, мәдени шара 24, Ескі Сауран ауылдық кітапхана №26, кітап қоры — 8621, мәдени іс-шара 18 мәрте өткізілді.
Байланыс саласы Жібек жолы ауылдық округі бойынша 1 пошталық байланыс бөлімшесі жұмыс жасауда. Сауран елді мекенінде ғана аталған поштада мемлекеттен зейнетақы, жәрдемақы және т.б әлеуметтік төлемдер бойынша қызметтер көрсетілуде.
— Ауыл тұрғындарын қатты мазалап отырған екі мәселе бар. Ол Ескі Сауран елді мекеніне Батыс Қытай — Батыс Европа автомагистралынан елді мекенге бұрылатын бұрылыс ашуды жеделдету және Жібек жолы ауылдық округі бойынша табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі. Бұл жағдайлар да жақында сәтті шешімін табатын болады. Бәрінен бұрын елдің тыныштығы мен татулығы алдыңға қатарда тұруы тиіс. Сонда ғана ел іші берекелі болады,-деп түйіндеді сөзін аудан басшысы Мақсат Асылбекұлы.
Ләззат САРЫБАЕВА.