Арыс қаласына қарасты Байырқұм ауылындағы М.Шаханов атындағы мектептің дарынды оқушылары арасында ерекше көзге түсіп жүрген Әділет Медеу есімді жас өнертапқыш өз идеяларымен көпшілікті таңдандыруда. Ол білімге деген құштарлығының арқасында робототехника саласында айтарлықтай жетістікке жетіп үлгерді. Оның алғашқы ұстаздарының бірі әрі робототехника үйірмесінің жетекшісі Оразбек Смаилдің көмегімен Әділет алғашқы қадамдарын жасап, бұл күрделі саланы игерудің негізін үйренді.
Талмай іздену мен үздіксіз еңбектің нәтижесінде Әділет биыл ерекше жобаны – адамның қатысуынсыз жұмыс істейтін автотұрақ ғимаратының моделін жасап шығарды. Жобаның мақсаты – ірі қалаларда көлік қоятын орынның тапшылығын шешу және автотұрақтарды автоматтандыру арқылы көлік жүргізушілерінің уақытын үнемдеу. Ірі қалалардың күнделікті мәселесіне айналған автотұрақтың жетіспеушілігі жас өнертапқышты терең ойландырды. Ол зерттеулер жүргізіп, түрлі техникалық шешімдерді қарастырып, ақыры өз жобасының негізін қалады. Автотұрақ ғимаратының басты ерекшелігі – оның толықтай автоматтандырылуы. Бұл жүйе көліктерді басқару, орналастыру және реттеу жұмыстарын адамның көмегінсіз жүзеге асырады.
Бұл жоба Әділеттің түрлі байқауларда жеңіске жетуіне мүмкіндік берді. Әсіресе, биыл Шучье қаласында өткен республикалық байқауда ол ІІ орынды иеленіп, өз идеясын республикалық деңгейде танытты. Байқауда оның жобасы жаңашылдығымен, тиімділігімен және өзектілігімен ерекшеленіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Жас ғалым өз еңбегінің құнын жақсы түсінеді. Сондықтан да ол «Автоматтандырылған автотұрақ» жобасына авторлық құқық алу үшін «Қазпатент» ұлттық зияткерлік меншік институтына құжаттарын өткізіп қойды. Зияткерлік меншік куәлігін алу – оның болашақтағы үлкен жетістіктеріне жол ашатын маңызды қадам. Әділет Медеудің бұл жетістігі тек оның жеке жеңісі ғана емес, ауыл мектептеріндегі оқушылардың да үлкен армандарды жүзеге асыра алатынын дәлелдейді. Жас ғалымның еңбегі мен табандылығы көпке үлгі. Ол білімге деген құштарлығы мен ізденісінің арқасында ғылым мен техника саласына үлкен үлес қосуға дайын екенін көрсетті.