ТҮРКІСТАН: ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАР ТҮРКІСТАННЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІНЕ СЕРПІН БЕРЕДІ

Түркістан қаласының өркендеуіне атсалысып келе жатқан, Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи университетінің ғылыми жұмыстарының бағыт-бағдарын жастарға үйретіп, қаламыздың әлеуетін көтеріп жатқан, отандық ғылымды өрістетуге үлес қосып келе жатқан, Түркістан қаласындағы үлкен ғылыми орда Ахмет Ясауи университетінің Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры университеттегі ғылымның даму бағыттары бойынша маманы Айнаш Ошибаевамен әңгімелескен едік.  Қоғам өркениетіндегі өмірдің ерекше саласы ғылым екендігі белгілі. Ғылым адамзат тарихының өн бойында дами отырып, қоғамдық сананың дербес формасына айналады. Өйткені, қоғамдағы барлық мәселелер көбінесе ғылымның араласуымен шешіледі. Демек, білім мен ғылым бір-бірін толықтыра отырып, табиғат пен адамзат арасында байланыстырушы тізбек болып саналады.

– Айнаш Есімбекқызы, университеттің ғылыми жұмыстарының бағыт-бағдары, барысы туралы айтып өтсеңіз…

– Кез келген оқу орнының ғылым саласындағы қол жеткізген жетістіктері – сол университеттің шынайы әлеуетін көрсететін бірегей сала. Оқу орнымыздың өте маңызды әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін ғылыми бағытта атқарған жұмыстары аз емес.Университетімізде ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруды және жүргізуді қамтамасыз ету негізінен мына мәселелерді қамтиды: іргелі, қолданбалы, іздестіру (бастамашыл) ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық, инновациялық жұмыстар, тапсырыс, бөгде ұйымдармен шарт бойынша ғылыми зерттеулер; оқытудың инновациялық технологияларын және ғылыми зерттеулер нәтижелерін оқу процесі мен өндіріске әзірлеу және енгізу; зерттеу қызметінің инновациялық инфрақұрылымын қалыптастыру, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру тетігін құру және енгізу; зерттеушілер мен әзірлеушілердің зияткерлік меншігі мен авторлық құқығын қорғау. Университет ғалымдары түркология, археология, дінтану, тарих, экономика, математика, физика, ақпараттық технологиялар, экология, электр энергетикасы, биотехнология, медицина және т.б. салаларда зерттеулер жүргізеді.

Бауырлас қос мемлекетке ортақ оқу ордамызда күні бүгінге дейін ғылыми дәрежесі әр түрлі деңгейдегі түркиялық 160-қа жуық оқытушы сабақ берген екен. Ал, енді Өкілетті Кеңестің қаржыландыруымен Түркия Республикасында магистратура, докторантура бағдарламаларын ойдағыдай бітіріп келген жастарымыз да аз емес. Олардың саны қазір елуге жақындап отыр. Жалпы, университетімізде оқытушы-профессор құрамы 1137 болса, оның ішінде 61 ғылым докторлары, 299 ғылым кандидаты және 126 PhD докторлар жұмыс істейді.

– Университет ғалымдарының халықаралық ғылыми журналдарда ғылыми мақалаларымен көріну деңгейі, жалпы оқу орнының ғылыми басылымдарының жайы қалай?

– Қазіргі ғалымдарға қойылатын ауқымды міндеттердің бірі импакт-факторы нөлден кем емес, Халықара-лық базадағы жоғары рейтингілі басылымдарға мақала жариялау болып табылады. Ғалымдарымыз өзіміздің ғылыми басылымдарда да мақалаларын жариялай алады. Қазақстандық және шетелдік ғылыми зерттеулердің, сондай-ақ талдамалық, ғылыми-көпшілік және өзге де материалдардың нәтижелерін жариялау мақсатында Ахмет Ясауи университетінің бірнеше ғылыми журналдар шығарылады. Олардың алғашқыларына «Ясауи университетінің хабаршысының» жарық көргеніне 25 жылдан асып барады.

Университеміздің ғылыми журналдарын одан әрі жетілдіру және ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің (КОКСОН) тізіміне енгізу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде «Ясауи университетінің хабаршысы» журналы КОКСОН тізіміне Педагогика ғылымдары және Филология бағыттары бойынша енгізілді. Қазіргі таңда аталған журналдың философия және тарих салаларын тізімге енгізу бойынша құжаттар министрлікке жіберіліп, сараптамадан өтуде.

–Университет аймақта ғана емес, елімізде медицина кадрларын даярлауда ірі орталыққа айналып келеді. Осы ретте, медицина кадрларын академиялық, ғылыми және клиникалық даярлаудың интеграцияланған моделін дамыту бағытында құрылған Медицина кластері туралы таратып айтсаңыз?

–Түрік Ынтымақтастық және Үйлестіру Агенттігі (ТИКА) «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Клиника-диагностикалық орталығына «Клиника-диагностикалық орталық жабдықтарын қолдау жобасы» аясында материалдық көмек көрсетті.

Түркия Республикасынан келген профессорлар «Анадолыдан атажұртқа денсаулық көпірі» жобасы аясында университетіміздің медицина факуль-тетінде сабақтар беріп, семинарлар өткізіп, науқастарға оталар жасады.

Өткен жылы Түркияның Ыстамбул қаласындағы Мармара, Истиние, Жеррахпаша университеттік клиникаларында және Анкарадағы Гази университетінің клиникасында Түркістан облысының 100 дәрігері екі апталық біліктілікті арттыру курсынан өтті.

– «Yassawi академиялық үстемдік орталығы» туралы оқырмандарымызға таратып айтсаңыз.

Орталықта университеттің клиникалық-диагностикалық орталығы базасында ауруларды диагностикалау мен емдеу жөніндегі ғылыми-зерттеу зертханалары шоғырландырылатын болады. Жаңа орталықты құру инновациялық білім беруді қалыптастыруға ықпал етеді және медициналық, биотехнологиялық және экологиялық ғылым мен практика саласындағы әлемдік жетістіктерді ықпалдастыруға мүмкіндік береді. Орталық аясында бірнеше ғылыми зертханаларды іске қосу жоспарланған. Атап айтар болсақ:

Big Data in Clinical Medicine зертханасы инженерлік факультет базасында «Компьютерлік ғылымдар» кафедрасының мамандарын тарта отырып жұмыс істейтін болады. Орталық ғылыми-зерттеу және диагностикалық зертханасы микроорганизмдердің молекулярлық генетикасы және генетикалық аурулар саласында ғылыми-зерттеу және диагностикалық жұмыстар жүргізу мақсатында құрылады.

Функционалдық диагностика орталығы Ахмет Ясауи Клиникалық-диагностикалық орталығының базасында функционалдық диагностика бөлімінің мамандарын тарта отырып, жұмыс істейтін болады.

Кардиохирургиялық орталық Ахмет Ясауи Клиникалық-диагностикалық орталығының базасында жүрек-қан тамырлары аурулары бөлімінің мамандарын тарта отырып, жұмыс істейтін болады. Аталған орталық келесі медициналық қызметтерді көрсететін болады: эхокардиография, стресс-экг, ангиография, жүрек тамырын стенттеу т.б. Сондай-ақ, Түркиядан жетекші мамандарды тарта отырып жоғары технологиялық кардиохирургиялық оталар, оның ішінде балаларға арналған кардиохирургиялық оталар жасалады.

Көз денсаулығы орталығы Ахмет Ясауи Клиникалық-диагностикалық орталығының базасында жұмыс істейтін болады. Орталықтың қызметі офтальмолог мамандарын дайындауға және Түркістан аймағының азамат-тарын емдеуге бағытталады. Мамандар Түркияның жетекші медициналық орталықтары мен университеттерінің шетелдік серіктестерімен бірге офталь-мология саласында заманауи күрделі хирургиялық операцияларды жүргізеді.

Өсімдіктер физиологиясы, фитопатология және агрохимпочввтану саласындағы зерттеулердің ғылыми-білім беру зертханасы үш бағытта жұмыс істейтін болады: Өсімдіктер физиологиясы және биохимиясы, өсімдіктер фитопатологиясы, өсімдік-терді минералды қоректендіру. «Эколо-гиялық қауіпсіздік» зертханасы «Био-логия» кафедрасының мамандарын тарта отырып, «Жаратылыстану» факультетінің базасында жұмыс істейтін болады. Зертхананың зерттеу бағдарламасына өңір аумағының ластану деңгейін бағалау және халық денсаулығы үшін тәуекелдерді белгілеу мақсатында қоршаған орта нысандарына кешенді экологиялық мониторинг жүргізу кіретін болады.

Қорыта келе, университеттің ғылыми әлеуетін арттыру мақсатында 2026 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында көрсетілген міндеттерге жету үшін қолайлы жағдайлар жаса-луда және жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Бұл өз кезегінде, Стратегиялық мақсатқа сәйкес университетті транс-формациялауға, аймақтың дамуына тың серпіліс береді деп сенеміз.

– Әңгіме-сұхбатыңыз үшін рахмет.

Сұхбаттасқан:

Әтіргүл ТӘШІМ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *