ТҮРКІСТАН: ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕФОРМАЛАРҒА МӘН БЕРУДЕ

 

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев соңғы жылдары өз бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық реформалар аясында прокурордың адам құқығы мен бостандығын қорғау саласындағы рөліне ерекше мән беруде. Полиция, прокуратура мен сот өкілеттіктерінің ара-жігі нақты ажыратылған қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілді. Түркістан қаласы прокуратурасы Түркістан қаласының азаматтарының құқығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында қылмысты анықтау, күдіктілерді табу, айғақтар жинау бойынша қызмет атқаруда.

Түркістан қаласы прокуратурасының қадағалауына жататын негізгі орган – қалалық полиция басқармасы. Онда тергеу аппараты 35 қызметкерден тұрады. Олардың жұмысын қадағалауды 6 прокурор жүзеге асырады. Жаңа модельге сәйкес жұмыс басталғалы 1 жыл 5 айда полиция басқармасы жалпы 3428 шешім қабылдаса, прокурорлар оның 178 келісуден/бекітуден бас тартқан, 3262 келіскен/бекіткен. Басым бөлігі – күдікті деп тану (жалпы 1029, оның 15 бас тартылған, 1014 келісілген) және күдіктінің әрекетін саралау (708, оның 5 бас тартылған, 703 келісілген). Яғни, адамның тағдырына қатысты барлық шешімдер прокурордың сүзгісінен өтіп, ол негізсіз деп тапса, келісілмей, тергеушіге кері қайтарылады.

Бұл ретте осы процестер электронды түрде онлайн форматта жасалады. Тергеушінің қаулысы электрондық жүйемен бірден прокурорға түседі. Егер шешім заңды болса, прокурор цифрлы қолтаңбамен қол қойып бекітіп береді.

Жалпы жаңа модель тергеуші мен прокурорды тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге итермелеп, тергеудің сапасын да жеделдігін де арттырды. Ең маңызды нәтижесі – адамдардың конституциялық құқығын бұзуға жол берілмеді. Оған дәлел – осы мерзімде қала прокуратурасы сотқа жіберген істер бойынша бірде-бір ақтау үкімі шығарылмаған. Бұл, бір жағынан,айыптау үрдісінің азаюының белгісі.

Екіншіден, Мемлекет басшысы жоғарыда аталған жолдауында мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіруі мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағалануы керек екенін және кәсіпкерлер шенеуніктер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бірден прокуратура органдарына жүгіну қажеттігін атап өтті.

Бұл тапсырма негізінде «Прокуратура туралы» Заңға 02.07.2021ж. өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бизнесті қорғауда прокуратура рөлі күшейтілді. Енді кәсіпкерлік субъектілердің шағымдары бойынша прокурорлар мемлекеттік органдарда тікелей тексеру жүргізу мүмкіндігіне ие болды. Атап айтқанда, прокурорлардың тексерісті тағайындау және жүргізу туралы шешімдері мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлердің қызметіне араласу фактілері бойынша олардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау үшін қабылданады. Сонымен бірге орындалуы жеке кәсіпкерлердің құқықтарын бұзуға алып келсе не алып келуі мүмкін болса, прокурорлар наразылық келтірілген құқықтық актінің не әрекеттің орындалуын наразылық бойынша шешім қабылданғанға дейін тоқтата тұруға құқылы.

Мысалы, заңнаманың жаңа талабына сүйене отырып тексерілген қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында көптеген жүйелі заң бұзушылықтар (оның ішінде кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу, әкімшілік кедергілер жасау фактілері) анықталды. Атап айтқанда, 11 кәсіпкер заңсыз әкімшілік жауаптылыққа тартылған, керісінше 134 тұлға әкімшілік жауаптылықтан негізсіз босатылып, бюджетке 11 млн. теңге айыппұл түспей қалған, 8 кәсіпкерге санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беруден негізсіз бас тартылса, 2 кәсіпкерге қорытынды заңсыз берілген, 6 кәсіпкердің өтінішіне кешіктіріліп жауап берілген.

Прокуратура ұсынуы негізінде 11 кәсіпкердің құқығы қорғалып, Басқарманың 3 қызметкері әкімшілік жауаптылыққа тартылды, 5 қызметкер (оның ішінде Басқарма орынбасары) мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар жасағаны үшін лауазымдарынан босатылды, ал Басқарма басшысы тексеру барысында өз еркімен қызметінен кетті.

Осылайша, прокурорлық тексеру нәтижесімен басқарма құрамы толығымен дерлік жаңартылды.

Үшіншіден, жоғарыда көрсетілген жолдауда Мемлекет басшысы балаларға қарсы жыныстық қылмыстардың алдын алу және оның жолын кесу ерекше бақылауда болуға тиіс екенін атап көрсетті. Өткен республикалық референдумда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар мақұлданды. Енді тиісті заң жобалары жыл соңына дейін қабылдануы тиіс.

Қазіргі заманғы сын-қатерлер прокуратураның құқық қорғау әлеуетін күшейтуді және жоғары қадағалау функциясын жаңғыртуды, прокурорлар қызметінің кепілдіктерін нығайтуды талап етеді.

Сондықтан «Прокуратура туралы» конституциялық заңда заңдылықты сақтауды неғұрлым тиімді қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, бизнестің, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғауға және қалпына келтіруге мүмкіндік беретін пәрменді құралдар мен тетіктерді бекіту жоспарланып жатыр.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *