ТҮРКІСТАН: ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ӘДІЛЕТТІҢ БАСТЫ КЕПІЛІ

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы 2 қыркүйекте «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған болатын.Осы орайда Түркістан қаласының тұрғындарына ақпараттық сайтымыз арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырмыз.

Адамзат баласы әлмисақтан бері әділет іздеп келе жатқаны анық. «Әділет жоқ» деп кей-кейде налитынымыз да бар. Әркімнің өз ақиқаты барын ескерсек, тұтас қоғам мен мемлекеттің әділ болуы – аса маңызды мәселе. Бұл ретте біздің қоғамның әділетке зәру екені белгілі. Осыны терең сезінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолына ұстаған кезінде «Біз әділетті мемлекет, әділетті экономика және әділетті қоғам құрамыз» деп мәлімдеді. Содан бері елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен тың әрі жаңа өзгеріс серпілісі басталды.

Осы орайда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев Президент Жол­дауын­­да халықтың құқық­­тық мәдениеті артып, қоғамда оң өзгерістер байқалып келе жатқанын атап өтті. «Қа­зақ­стан халқы қазір мүл­де жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқым­ды реформалар жасал­ды. Еліміздің саяси жүйесі түбе­гей­лі өзгерді. Жұрт­тың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқық­тық мәдениеті артып келеді. Аза­мат­тардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр», деді Қ.Тоқаев.

Әділетті Қазақстан орнық­ты­ру­дың басты ұраны да, құралы да заң мен тәртіп болуы керек. Бұл, әсіресе бүгінде түрлі пікірлер мен көзқарастардың тайталасы ушыға түсіп, кейде жеке адамның ар-намысын аяқасты ететін, кейде Құдайға да, Құранға да қарсы шығып, ата салтты мансұқтап, үлкен­дер­­дің айтқанына құлақ асудан да қалып бара жатқан қоғам үшін ауадай қажет. Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының осы үш қағидасы, яғни заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм барлық отандасымызды ортақ мүдде мен мақсатқа жұмылдыратын басты идеологиясы болуға тиіс.

Осы орайда Мемлекет бас­шы­­сының ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жоюға мән бергені, «Банк­тер туралы» жаңа заң керек екенін алға тартқаны бекер емес. Қазір халық банк­терге сене бермейді. Тіпті банктерді «халықты ашықтан ашық тонау­шы» ретінде санау көзқарасы да жоқ емес. «Банк­тер туралы» жаңа заң ендігі арада қарапайым халыққа түсінікті боларлықтай етіп жазылуы керек. «Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банк­тер санатына қосады» деген Мемлекет басшысының бірауыз сөзі үлкен ойға же­те­лейді. Қазақ банктері әлем бойынша ең көп пайда та­батын банктер санатында болса, онда еліміздегі банк­тер беретін несиенің па­­йыздық мөлшерлемесі неге ұдайы жоғары болып ке­­ле­ді? Қарапайым халықтың банктерде сақтап отырған қаржысына төлентетін үсте­менің пайыздық мөлшері неге төмен? Осы екі мәселе банктер халық мүддесінен гөрі өз пайдасын көбірек ойлайтынын аңғартса керек. Сосын «банктік құпия» деген желеумен отан­дық банк­тер қызметі, табысы жөнін­дегі ақпараттарды жариялай бермейді. Біз ашық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Олай болса, банктердің де ашықтығын жолға қою керек. Кейде осы банктердің қызметіндегі ашықтықтың жоқты­ғынан да болар, еліміз бойынша жыл сайын өте көп мөлшерде қаржы шетелдерге заңсыз шыға­рылып келді. Міне, қоғамды толғандыратын осы мәселелер банктер туралы әзірленетін жаңа заңда айқын көрініс табуы қажет.

Әлеуметтік тұрғыдан осал аза­­маттарға қолдау көр­се­ту – өте маңызды міндет. Пре­­­зи­дентіміз «Мемле­кет­тік қолдау шын мә­нінде мұқ­таж адамдарға көрсе­тілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс», деді. Бұл ретте мемле­кет тарапынан әлеу­мет­тік шығыстардың біртін­деп ұлғайтылып жатқаны да – ақиқат. Қазіргі уақытта бюд­жет­тің жартысынан көбі әлеу­меттік салаға жұмсалуы, бала­лы отба­сы­­ларды қолдау үшін сәби күті­міне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылуы, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жат­қаны жақсы. Әсіресе «Ұлт­тық қор – балаларға» ауқымды жобасының іске қо­сы­­­лып, 7 миллион баланың есеп­­шотына Ұлттық қордың табы­­­сынан жалпы сомасы 300 млрд-тан аса теңгенің ауда­рыл­­­­уы – Жаңа Қазақ­­станның бір жақсылығы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *