ТҮРКІСТАН: БИЫЛ ҚАНДАЙ ЗАҢДАР ҚАБЫЛДАНДЫ — 2

Заң жобасында әйелдер мен балаларға қатысты барлық зорлық-зомбылыққа қарсы жауапкершілікті күшейтетін, отбасы институтын нығайтатын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін арттыратын нормалар енгізілді. Атап айтқанда, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Сонымен қатар, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Сол сияқты 16 жасқа толмағандарға жыныстық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және бас бостандығынан заңсыз айырғаны үшін де жаза айтарлықтай қатаңдатылды.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды жәбірлегені үшін алғаш рет әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Енді білім беру ұйымдары кәмелетке толмаған жасөспірімдерге немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы алдымен құқық қорғау органдарына хабарлауға міндетті. Қоғамдық көлікте 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды. Сондай-ақ, заңда отбасылық құндылықтарды құрметтеу арқылы балалардың адамгершілік, рухани тұрғыда тәрбие алуына мүмкіндіктер қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, аталмыш заң әлеуметтік әділеттілік пен әйелдер мен балаларды қорғауға маңызды қадам жасалғанын білдіреді.

Президент маусым айында «Масс-медиа туралы» заңға қол қойды. Бұл заңды журналистер мен қоғам белсенділері екі жыл бойы талқылады. Жалпы, жаңа заң «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңның негізгі ережелері бойынша дайындалған. Заңда мемлекеттік ақпаратты жүзеге асыратын бірыңғай медиа платформа құру көзделген. Сонымен қатар жаңа құжатта мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар беру, аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі арқылы журналистерді мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тіркеу талаптары қарастырылған. Заңда журналистердің қызметіне қатысты бұдан өзге де жаңашылдықтар аз емес. Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа заңның журналистерді құқықтық жағынан қорғауға септігі мол болмақ.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының пәрменімен Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңға сәйкес, енді ауылға жұмыс істеу үшін баратын медицина қызметкерлеріне ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшерінде бір реттік ақшалай төлем беріледі. Бұл 8,5 миллион теңге. Айта кетерлігі, биылдан бастап елімізде ең төменгі жалақы 85 мың теңге болды. Бұл шалғай елді мекендерге барып, жұмыс істеймін деген жандар үшін үлкен материалдық қолдау екені даусыз. Сондай-ақ, мұны сапалы медициналық қызметтерге зәру ауыл халқына әрі жас мамандарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық десе болады.

Әрине, заңды қабылдау мен оны орындау – екі бөлек мәселе. Шерхан Мұртаза ағамызша айтсақ, заң –мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты. Заң қабылданды деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, ертең оны қалай жүзеге асырамыз? Әлбетте, заңды қатаңдатқанмен, проблема түбегейлі жойылып кетпейтіні белгілі. Сондықтан заң түпкілікті орындалуы үшін тұрғындар ең алдымен оны құрметтеп, тәртіпке бағынуы тиіс. Әрі өздерінің құқықтық мәдениетін көтеріп, заңға сай өмір сүруді үйренуі қажет.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *