Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы Түркістан облыстық филиалының төрайымы, жеке кәсіпкер Инара Әбдіғаппарқызы Намазбаева басқарып отырған «Қуаныш» ЖШС мен «Түркістан Медиа» ЖШС-нің бірлескен жобасы бойынша аталмыш сауда орталығының отыз жылдық мерейтойына орай жыл басынан бері жүргізіліп келе жатқан «Табыс сыры» айдарының аясындағы бүгінгі мақаламыздың кейіпкері — алғыстан алқа таққан еңбек ардагері Кенжекүл Назарқызы Төлбасиева.
— 46 жыл болыпты «Қуаныш» базарымен тағдырымның тоғысқанына, — деп бастады әңгімесін Кенжекүл Төлбасиева. — 1979 жылы келдім жұмысқа. Ол кезде «Колхозный рынок», яғни, «ұжымдық базар» дейтінбіз бұл жерді. Облыстық ұжымдық базарлар басқармасына қарайтынбыз. Жетісай, Шардара, Шымкент, тағы басқа аудандардың бәрі облысқа қарайтын. Ол кезде облыс орталығы Шымкентте. Бастығымыз Т.Әлиев, есепшіміз Сандыбаев деген кісі болды. Сол жаққа есеп береміз, барлық мәселе сол жақтан шешілетін. 1984 жылдары облыстық тұтынушылар одағы тарап кетті де, бәріміз 1989 жылға дейін горпоға, қалалық өндірістік бөлімге қарайтын болып, Кеңес Одағының батыры Расул Есетов ұжымды он жылдай басқарған соң «Енді жастар жұмыс істесін» деп өз өтінішімен жұмыстан кетті. Сол кездегі басқарма бастығы Мырзабек Дайрабай деген кісі Расул ағайдың өтінішін қабылдап алып, екі-үш айдан кейін орнына конкурс жариялап, бес адам, атап айтқанда, Кентаудан Іздібаев, Түркістаннан Рыс Тәшметова, Нуритдин Курганов, Анарбай Абдукаримов және Әбдіғаппар Шаймерденұлы осы орынға конкурсқа түсті. Ғаппар ағайды біз өз таңдауымызбен жеңіп алдық. Сөйтіп, 1989 жылы 5 маусымда Ғ.Шәймерденұлы осы жерге бастық болып келді. Ол кезде бұл жерде мал базары да болатын. 1980 жылы олимпиада жылы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Рашид Тұрарұлы Ибраев базардың жан-жағын плитамен қоршап, реконструкция жасады. Ет павильонын арғы жақтағы ескі кеңсені салдыртты. Біз өзіміз шағын ғана «Нұрасыл» деген дүкенде отыратынбыз. Мал базарды «Асанбай базар» жаққа көшірді. Қазіргі автовокзалдың орны мал базары болатын және бізге қарайтын. Алғашқы күннен бастап кассир болып жұмысқа кірдім. Мал базары түнде жұмыс істейді. Жарна жинаушылармен бірге көмекке баратынмын. Ол кезде базар басқаша еді ғой. Азғантай адам. Бар-жоғы он үш адаммен жұмыс істедім. Жарна жинаушылар, тазалық қызметшілері, қасапшылар, таразы беретін жұмысшылар бар бәрін жұмыс кестесі бойынша бөлеміз. Ол кезде түнгі сағат төрттен таңғы сегізге дейін жұмыс істейтін «ТГЖД» деген ескі базарымыз, жолдың астында «Хитрый» базарымыз және қазіргі «Наурыз» кафесінің орнында да базар бар еді, — дейді өткен күндерді еске алған Кенжекүл Назарқызы.

Түркістан қаласының тумасы, бұрынғы В.И.Ленин, қазіргі А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің түлегі, арнайы бухгалтерлік курста, Қазақ-Ресей университетінде білім алған сауда орталығының кассирі, еңбек ардагері Кенжекүл Төлбасиевның базар өмірінен айтқан естеліктерін тыңдай отырып «өткен күнде белгі бар» екендігіне тағы да тәнті болдық. Тірі шежіре. Тірі тарих. Әрбір кезеңнің өзінің ұрпақтары, көзкөргендері бар. Бүгінгі таңда құлашын кеңге жайған сауда орталығын ұзақ жылдар бойы басқарып, заманауи келбетке келтірген, алғашқы мақсаттық нұсқасынан ауытқымай, дамытып, өндіріс пен кәсіпорындары тапшы киелі қаланың халыққа басты жұмыс берушісіне айналған «Қуаныш» базарының бастауында тұрған Әбдіғаппар Шаймерденұлының басшылыққа келген күнінен бастап сыр шерткен Кенжекүл замандасымыздың әңгімесінен осы ортамен оның біте қайнасып кеткендігіне куә болдық. «Үйімізге түнде ұйықтауға ғана барамыз ғой. Бар өміріміз осы жерде өтіп келеді» деп әзіл-шыны аралас жылы жымияды ол.
— Базарымызға бастық сайлайтын күні қалалық партия комитетінің екінші хатшысы Талипов Мақсұттың төрағалық етуімен жиналыс болып өтті. Он бір комиссия мүшесі болды. Базардан төрт адам бардық. «Құдай қаласа, өтесіз!» деп ағамызға дем беріп қоямыз. Сөйтіп, бес адамның ішінен дауыс беріп Ғаппар ағамызды таңдағанымызға осы уақытқа дейін еш өкінген емеспіз. Қайта ол кісіден басқа адам келсе, базарымыздың тағдыры қандай болатын еді деген ой келеді кейде. Сол күні таңдауымыздан қателеспеген екенбіз. Мұндай көпшіліктің мүддесін өз мүддесінен жоғары қоятын, халықтың қамын ойлайтын адам сирек. Іскерлігі, адалдығы бір бөлек, мінезін айтсаңызшы! Алла тағала жақсы көреді дейтін көркем мінезі қандай! Базардың жұмысы оңай емес. Көпшілік халықпен жұмыс істеу қиын. Мынадай әртүрлі деңгейдегі адам еңбек ететін ұжымда сабыр сақтап қалу кез-келгеннің қолынан келмейді. Өз жұмысым туралы айтып өтсем, бұрын салымшылармен, жарна жинаушылармен жұмыс істедік. Қазір кәсіпкерлерге жалгерлікке келісімшартпен орын береміз. Қызметкерлерге айлық береміз. Бір күн жұмыстан қалуға болмайды. Бір күн демалысымда демаламын. Жауапкершілікті қатты сезінгендіктен бе? Әйтеуір, жұмысым бірінші кезекте тұрады. Бала күнімнен табиғатым сондай. Ұқыптылықты жақсы көрем. Өзіме ұнайды жұмысым, — дейді өмірі «Қуаныш» базарымен қатар өрілген Кенжекүл Назарқызы.
Қоғамымызда таңдаған кәсібің мен қызметтің алар орны ерекше. Өмірдегі бағытың, таңдаған жолың да атқарып отырған қызметіңмен тікелей байланысты. Белгілі бір мекеменің қаржылық тұтқасын ұстап, оны ондаған жылдар бойы мүлтіксіз жүргізудің өз қиындығы бар. Осы орайда, Кенжекүл Назарқызы өз жұмысына адал, тиянақты, кәсіби біліктілігі жоғары қызметкер қатарынан көрініп, аудандық, қалалық деңгейдегі ресми орындардан, өзі еңбек ететін «Қуаныш» ЖШС тарапынан «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттар», ақшалай-заттай сыйлықтар алып, талай марапатқа ие болды.
— Ғаппар ағайдың кезінде де талай марапат алдым. Инара Әбдіғаппарқызынан да талай алғыс хат алдым. Сосын «Басқалар да алсын. Жастарға жол берейік» дедім. Әли Бектаевтан да марапат алдым. Қалалық әйелдер кеңесінде мүше болдым. Іскер әйелдер қауымдастығында да мүше болып, қоғамдық жұмыстарға да араластым, — дейді Кенжекүл.
Айтса айтқандай, ұжымды Әбдіғаппар Шәймерденұлы басқарған кезде де, Инара Әбдіғаппарқызы әке жолын жалғастырған қазіргі күнде де сый-құрметтен кенде емес. Мінезі салмақты, әрбір сөзін саралап, байыппен сөйлейтін Кенжекүл Төлбасиеваны тек қызметтес, әріптестері ғана емес, бүкіл Түркістан халқы біледі, сыйлайды, құрметтейді. Өйткені ол мұндай тәлімді тәрбие мен тағылымды Ұлы Отан соғысының ардагері, бір аяғын майдан даласына тастап келген өз елінің патриоты, асқар таудай әкесі Назар Төлбасиевтің алты перзент тәрбиелеп өсірген отбасынан, тату-тәтті жанұясынан бойына сіңірген. Жүрегіндегі ата-ана, бауырға, өз жанұясына деген сүйіспеншіліктің оты жанған Кенжекүл замандасымыз бүгінгі таңда өмірлік жары, спорт әлеміне есімі мәлім спортшы Мыңбол Әбентаев екеуі көзінің ағы мен қарасындай Айша бибі есімді қызғалдақ қыздарын тәрбиелеп, бақытты өмір сүруде. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, Айша бибі де анасы Кенжекүл Назарқызының жолын қуып, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ді «Қызыл дипломмен» үздік бітіріп, магистратураны тәмәмдады. Бүгінгі таңда «Аманат» партиясында есепші болып еңбек етеді. Өткен күнді бір сәт ой елегінен өткізсек, «әу» баста, сонау 1979 жылы мектеп бітіргеніне бірер жыл ғана болған, тұлымшағы желбіреген Кенжекүлін өзі қырық бес жыл еңбек еткен «Қуаныш» базарына жетектеп әкеліп жұмысқа тұрғызғанда кішкентайынан математикаға, есепке жүйрік қызының әке үмітін ақтайтынын сезгендей екен Назар ақсақал. «Ата — балаға сыншы» деген осы болар, сірә!? Мамандықтың жаманы жоқ. Және кез-келген мамандықтың қоғамымыздан алар өз орны бар. Ал, дамыған елдер қатарына қосылудың алғышарттарының негізгісі — сол елдің әлеуметтік- экономикалық дамуы. Тамшыдан құралатын күрделі сала. Міне, осы ауқымды жүйенің бір тармағындай мекеме, кәсіпорындарда, өндіріс орындарында тынбай еңбек етіп жүрген түркістандықтар қатарында — «Қуаныш» ЖШС-нің қаржы қызметкері Кенжекүл Төлбасиева да бар. Біздің қоғамда кез-келген еңбек бағалы. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Сан салалы маман-дықтардың бірі — есепші-кассир жұ-мысы тиянақтылықты, қаржылық ұқыптылықты қажет етеді. Өйткені, есеп-қисап «қиқаңды» көтермейді. Есебің дұрыс болса, есең түгел. Осындай жауапты салада қырық алты жыл еңбек етіп, алғыстан алқа таққан, жаймашуақ мінезімен көп-шілікпен тіл табыса еңбек етіп жүрген Кенжекүл Назарқызы Төлбасиева туралы бір үзік сыр шерт-тік. Оның тапжылмай бір орында қырық алты жыл еңбек еткен өмірі — өзгеге үлгі, өнеге. Абырой-мәртебеңіз асқақтай берсін, күндей күлген Кенжекүл Назарқызы!
Р.S. Кенжекүл Назарқызымен қоштасып, кетуге ыңғайланғанымда шағын кабинет төріндегі ұжым мүшелерінің суретіне көзім түсті. «Үйіңнің төріне апарып іліп қой. Естелік болсын!» деп Ғаппар ағай тапсырып еді ұжыммен атап өткен бір туған күнімде. Содан бері осында тұр» деді ол да жанарымен суретті нұсқап. Сосын қос еңбек ардагері Кенжекүл сіңлім екеуміз де суретке түсіп алдық. «Түркістан» газеті үшін сұхбат алған жарқын сәттен естелік үшін!
Роза НАРЫМБЕТОВА.
