КОНСТИТУЦИЯ КҮНІН ҚУАНЫШПЕН ҚАРСЫ АЛУДА

Бүгін Түркістан қаласының тұрғындары халықтық мереке — елдігіміздің тұғыры, тәуелсіздігіміздің тірегі – Ата Заңымыз мәңгілік болсын деген тілекпен таңды атырды. Олай болатын себебі де бар. Ұлық мерекеде өңір басшысы Нұралхан Көшеров жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, сегіз отбасыға баспана кілтін табыстады. Демеушілер есебінен салынған жаңа үйлердің табалдырығын аттаған шаңырақ иелерінің кеуделерін қуаныш кернеп, билік өкілдеріне және жомарт жүректі жандарға шынайы алғыстарын білдірді. Жаңа үйлер ыңғайланып, салынған. Әр пәтерде үш бөлме қарастырылыпты. Толық дүние-мүлік жасауымен сыйға тартылған баспаналардың бір отбасыға арналған бөлігі 68 шаршы метрді құрайды.

Жаймашуақ жаздың соңы Түркістан қаласындағы мәдениет және спорт саласында елеулі табыстармен қорытындылуда. Оның алғашқысы спортсүйер қауым үшін елеулі жаңалықтың бірі – қаланың бес секторынан салынып жатқан спорт кешендерінің де құрылыстары өз мәресіне жетуде. Соның бірі Сауран секторында орналасқан құны 600 млн теңгеге жуық қаржыны құрайтын спорт кешені пайдалануға берілді.


Түркістан топырағында кіндік қаны тамған даңқты боксшы, қазақ боксының қара нары Әбдісалан Нұрмаханов атымен аталатын облыстық олимпиада резервін дайындайтын спорт мектебі осы ғимаратқа орналасыпты. Талай жасты қанаттандырып, спорт әлемінде ел намысын қорғайтын жігерлі жастарды тәрбиелеп жүрген бұл мектеп соңғы жылдары жылы орнынан айрылып, әркімнің босағасында жүрген жалшының күйін кешіп келді. Бұрынғы Б.Саттарханов атындағы спорт кешенінің ғимаратына иелік ететін аталмыш мектеп, қайта жаңғыртылған құтты шаңырағынан түрлі себептермен көз жазып қалғанынан көпшілік хабардар. Дәл қазір жаңылыспасақ Сидней олимпиадасының чемпионы Б.Саттарханов атындағы спорт кешені әлі күнге дейін бос тұрса керек. Осылайша спортсүйер қауымның көңіліне кірбің ұялатып келген мәселе бүгін шешімін тапқанын көріп қуандық.
Енді жаңадан салынып, пайдалануға берілген спорт нысанына көшелік. Бір ғимаратта екі спорт залы қарастырылған. Оның бірінде күрестің бірнеше түрінен жаттығу жасалса, екінші қабатында орналасқан залда бокс үйірмелері жұмыс жасайтын болады. Сонымен бірге, спортшылардың жуынатын бөлмелері, әкімшілік бөлмелерге де ден қойылған. Ал, спорт ғимаратының сыртқы ауласында шағын футбол алаңы, белтемір құрылымдары секілді орындар қарастырылған. Айта кетерлігі, спорт нысандарын салуды Түркістан қалалық мәслихат депутаттары бастама етіп көтерген болатын. Нәтижесінде әкімдік ұсынысты қолға алып, игі бастама іске асып ел игілігіне беріліп отыр. Бұл – жоба бұқаралық спортты дамытуда таптырмайтын мүмкіндік десек болады. Себебі, бұған дейін орталықтағы спорт кешендеріне, спорттық үйірмелерге қаланың әр аймағындағы балғын балалардың қолы жете бермейтін. Салдарынан ата-аналар яғни, шаһар тұрғындары осындай мүмкіндігі жоғары спорт нысандары көптеп салынса деген тілегін әр жиындарда көтеріп, билік өкілдеріне мәселе жолдап отыратын. Өңір басшысы бұл нысанда да болып, көпшілікті құттықтады. Сонымен бірге, Әбдісалан Нұрмахановтың жұбайы Күлпәш Ғалымжанқызы аталмыш шараға қатысып, өзінің жүрекжарды тілегін жеткізді. Өмірлік серігі, сүйеніші болған жарының ескерткіші жаңа ғимарат маңына орналасқанын көріп іс басындағы азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.

Қасиетті шаһар облыс орталығы атанып, қуанған жұрт бөркін аспанға атып жатқан кезде жылы орнымен қоштасқан жергілікті мәдениет саласының өкілдеріне сүйіншілей хабарлайтын жаңалық. Атап айтқанда 500 орындық көрермен залы бар мәдениет үйі қолданысқа берілді.
Жалпы алаңы 3 мың шаршы метр шамасындағы ғимаратта концерт залы, шағын мәжіліс залы және арнайы қызметтік бөлмелері мен асхана қарастырылған. Жобаның құны 1 млрд 600 млн теңгені құрайтын мәдениет үйінде келушілерге қажетті жағдайлар толық ескерілген деуге болады. Концерт залында дыбыс құрылғылары, бейнеэкран секілді өзге де жабдықтар қамтылған.


Жергілікті өнерпаздар көп күткен зәулім ғимараттың ашылу салтанатындағы көк лентаны облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов және Түркістанның мәдениет саласына өлшеусіз үлес қосқан Ұлжан Мұстафаева қиды. Осылайша атаулы мереке Түркістан қаласында елеулі жаңалықтармен бастау алды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *