Түлкібас ауданындағы Қызылбастау және Азаттық ауылында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңа медициналық нысандардың құрылысы жүргізілуде. Аталған нысандар биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындары үшін қолжетімді болмақ. Осы орайда аудан әкімі Асқар Естібаев құрылыс алаңына арнайы барып, нысандардың құрылыс барысымен танысты. Аралау барысында аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне бірқатар ескертулер жасап, құрылыстың сапасына ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, бүгінгі таңда аудан аумағында медициналық тіректі қажет ететін Майтөбе, Жанұзақ, Еңбек, Ұрбұлақ, Пістелі, Иірсу және Дәубаба елді мекендері бар. Ауылдық елді мекендерді сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету — ұлттық жобаның негізгі мақсаттарының бірі. Жаңа медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттердің ашылуы ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғауға және аурулардың алдын алуға оң әсер етеді.
