Түркістан облысы, Ордабасы ауданында Ұстаздар күніне арналған «Ұстаз – ұлт рухының шамы» атты мерекелік шара өтті. Жиынға облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Бақыт Сейтжаппарұлы мен аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Салтанатты шара барысында өңірдің білім беру саласына елеулі үлес қосқан үздік мұғалімдерге алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Шара аудандық өнерпаздардың қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға ұласып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ән мен күйге толы кеште ұстаздар қауымы қошеметке бөленді.
Қазіргі таңда Ордабасы ауданында 78 жалпы білім беру мектебі мен 3 өнер мектебі жұмыс істеп тұр. Аталған білім ордаларында 38 мыңға жуық оқушы білім алып, 5 626 мұғалім сапалы білім мен тәрбие беруде. Соңғы екі жыл ішінде ауданда 6 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, мемлекетке қайтарылған қаржы есебінен бой көтерген 300 орындық Өнер мектебі мен Шұбарсудағы 600 орындық жалпы білім беретін мектеп жуырда қолданысқа берілмек. Білім беру мекемелеріне кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйелері табиғи газға көшірілуде. Бұл өз кезегінде оқу үдерісінің сапасын арттырып, қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, аудан педагогтарының кәсіби біліктілігі артып келеді. Жыл сайын мұғалімдер облыстық және республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Жақында ғана өткен облыстық «Үздік педагог» байқауында ордабасылық бірнеше ұстаз жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, жас мамандар халықаралық білім жобаларына белсенді қатысып, өз кәсіби тәжірибесін жетілдіруде.
