Мақтаарал ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аудан көлемінде жаппай сенбілік өтті. Шара барысында тұрғындар мен еріктілер бірігіп, 4 500 дана қара ағаш көшетін екті. Бұл жұмыстар Мақтаарал ауданындағы барлық елді мекендерде бір мезетте ұйымдастырылып, әрбір ауылдық округ пен кентке көшет отырғызу жоспары бекітілген. Бұл шара өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, көгалды аймақтардың көлемін ұлғайтуға және халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, ағаш көшеттері негізінен көшелердің бойына, әлеуметтік нысандар мен демалыс орындарының айналасына, сондай-ақ канал мен арық-атыздардың бойына отырғызылуда.

Тиісті бөлімдер мен мекемелерге егілген көшеттердің күтімін ұйымдастыру тапсырылды. Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов бұл бастамаға барлық ауыл тұрғындарын белсене қатысуға шақырып, көгалдандыру ісі тек табиғатты қорғауға емес, ауданның жалпы мәдени келбетін арттыруға да зор үлес қосатынын атап өтті.
Жалпы ауданды көгалдандыру жұмысын күшейту мақсатында биылғы күз мезгілінде 25 мың дана ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Бұл бастама ауданның барлық кенттері мен ауылдық округтерін қамтиды.
