ТҮРКІСТАН: «ӘДІЛДІК ПЕН ТӘРТІП – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗІ» — 2

 

– Құқықтық зайырлы мемлекетте азаматтар зорлық көрмеуі, азаптауға ұшырамауы маңызды. Бірақ, күнделікті өмірде мұндай жағдайлардың орын алып жататыны жасырын емес. Бүгінде азаптаумен байланысты қылмыстық істерді тергеп-тексеру прокуратураға жүктелгенін білеміз. Қадағалаушы орган азаптауларға қарсы тұра алып отыр ма?

– 2023 жылы Түркістан облысының прокуратурасында азаптау фактісі бойынша 51 қылмыстық іс тіркелген. Осы тіркелген 4 қылмыстық істе азаптау қылмысын 11 полиция қызметкерлері жасаған. Халықты қорғайды, қолдайды деп жүрген полицейлердің азаптау әрекеттерінің ортасында жүруі, әрине, өкінішті. Алайда, біз әлі күнге мұндай теріс әрекеттерден арылмай келеміз. Кешенді іс-шаралардың арқасында азаптау қылмысының тіркелу динамикасы күрт азайып, 2024 жылы 18 іс тіркелсе, олардың барлығы қылмыс құрамы болмауына байланысты тоқтатылды. Ал 2025 жылы азаптау бойынша 1 ғана іс тіркелген. Осының өзі прокуратураның үйлесімді жұмысын көрсетсе керек.

Өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқару үшін облыстық прокуратура полиция ғимараттарындағы бейнебақылау камераларының толық жұмыс істеуіне, «соқыр» аймақтардың, заңсыз ұсталған, жеткізілген азаматтардың бар/жоғына, прокурор бөлмесінің жабдықталуына мән беріп, тұрақты тексеруде. Кешенді жұмыстар нәтижесінде облыстық полиция бөлімдері толық бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілді.

– Президенттің жолдауында жаңа технология жетістіктерін барлық сала жұмысына пайдаланып, жасанды интеллект көмегіне жүгінудің кезек күттірмейтіні айтылды. Прокуратура өз қызметінде сандық технология мүмкіндіктерін қаншалықты қолданады?

– Цифрлық ел болу бір күннің, болмаса бір сәттің мәселесі емес. Бұл көп болып жұмыла атқаруды қажет ететін ауқымды іс. Әрі біз сандық технология жетістіктерімен бүгін ғана бетпе-бет келіп тұрғанымыз жоқ. Азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша іс-шаралардың қолға алынып, оң нәтиже бергеніне біраз уақыт болды. Соның ішінде Прокуратура тарапынан жасалған бірқатар цифрлық жобаларды көпшілік күнделікті тұтынып келеді.

Жасанды интеллектіні жаңашылдықтардың өзегіне айналдыруға көптің ниеті, елдің талабы қозғау салғаны белгілі. Қазір әлем сандық технология эволюциясында өмір сүруде. Халықтың негізгі сұранысы, қажеттілігі – интернет, жасанды интеллектпен байланысты. Соған орай мемлекет те өзінің бағыт-бағдарын өзгертіп, қызметін тұтынушы талабына сай жандандыруы керек. Сонда ғана Президентіміз айтқандай үш жылда цифрлық елге айналарымыз анық.

Айталық Құқықтық статистика және арнайы ескепке алу комитетінің жетекшілігімен дайындалған «qamqor.gov» сервисі 2017 жылдан бері ел игілігіне қызмет етуде. Бұл мобильдік қосымша мемлекет мен азаматтар арасындағы жедел диалогтың тиімді құралы ретінде мойындалған. Сервис халықтың құқық қорғау құрылымдарына онлайн сұраныс жолдап, жылдам қызмет алу жүйесін қалыптастырған бірегей жоба.

Сонымен қатар күнделікті қолданылатын Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тізімі (СДТБТ) қылмыстық істер туралы мәліметті бір орталыққа жинап, прокурорлардың қылмыстық іс бойынша әрекеттерді жіті қадағалауына мүмкіндік береді. Бұл сондай-ақ қылмыстық процесс қатысушыларына тергеу және қылмыстық қудалау органдарымен қашықтан байланысуға жол ашады.

Е-otinish арқылы шағым-арызын мемлекеттік органдарға жолдаған азаматтар оның қаралу барысын және нәтижесін жүйе бақылап отыратынын да айта кеткен орынды. Бұдан бөлек, «Ахуалдық орталық», «Георкарты», «Сот кабинеті» және т.б. ақпараттық жүйелер күнделікті қолданылуда, бұлар өз кезегінде жұмыс барысында тиімділігін тигізіп келеді.

Қазақтың маңдайалды жазушысы Мұхтар Әуезов «Қай істің болсын өнуіне үш шарт керек: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң тәртіп керек», – деген екен. Сол айтпақшы, елдік мұратқа көп болып ұйып, күш біріктіргенде ғана жетуге болады.

– Прокуратура тарапынан қолға алынған сандық жобалардың нәтижесі қандай? Ізденістер ел көңілін шығып жатыр ма?

– Прокуратурадағы кез келген жоба, әрбір бастама – терең ізденіс пен тынымсыз еңбектің нәтижесі. Көпшіліктің көңілінен шыққан, азаматтардың қажетіне жараған жобалар ғана өміршең. Біз осындай өміршең жобалар дайындауға күш саламыз. Мысалы комитет порталында адамдарды іздеу бойынша 5 бөлім бар. Соның арқасында алимент бойынша берешегі бар азаматтардың тізімін іздеу өте жеңіл. Алимент төлеуден жалтарғандарға, сот орындаушылары белгілі бір шектеулер қоятыны белгілі. Әрі мұндай борышкерлер іздеу тізіміне енгізіледі. Біздің қызметімізде осындай іздеуде жүрген мыңға жуық адам бар.

«Балаларды іздеу» деп аталатын бөлімде 7 жасқа дейінгі жоғалған балаларға қатысты ақпарат жинақталған. Порталда қылмыскерлерді, борышкерлерді және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу барынша ыңғайлы. Мұнда кез келген адамның іздеуде екенін тексеруге болады. Мысалы, сіз жұмысшылар тобын жалдайсыз, өзіңізді және отбасыңызды қорғау үшін порталға олардың атын енгізіп, іздеуде тұрған, тұрмағанын білу оңай.

Прокуратура қылмыстық, әкімшілік және азаматтық-құқықтық салаларда құқықтық статистиканы жинап қана қоймай, ақпаратты алудың ыңғайлы әдістерін де дамытып жатыр. Біздің ерекшеліктерімізге сүйене отырып, қылмыстардың, әкімшілік құқық бұзушылықтардың толық және сенімді статистикасына қол жеткізуге болады.

– Биылғы жолдауда Мемлекет басшысы Цифрлық кодексті дайындаудың маңызды екенін атап өтті. Бұл кодекс қолданысқа енсе, не өзгеруі мүмкін?

– Сандық технологияға қатысты сауаттың кемдігі, азаматтардың жеке басына қатысты ақпараттарға салғырт қарауы салдарынан кибер алаяқтық күн санап көбеюде. Цифрлық кодекс – сандық технологияны қару еткен қылмыскерлерге тосқауыл қоюдың пәрменді құралы болуы тиіс. Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалады деп күтілуде.

– Өтінішімізді ескеріп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет! Елдің қорғанына айналған прокуратураның жұмысы алға баса берсін!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *