ТҮРКІСТАН: «ӘДІЛДІК ПЕН ТӘРТІП – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗІ»

 

– Мұрат Әжінұрұлы, Мемлекет басшысының әр жолдауы – елдің ертеңіне берілген бағдар іспетті. Осы стратегиялық құжатта елдегі басты қағиданың бірі ретінде «Заң мен тәртіптің» белгіленгені белгілі. Тапсырмалардың орындалуы көңілден шыға ма?

– Биылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры. Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. …Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады» деп барлық дамудың бастауында заң мен тәртіп тұратынын айтты. Расында заң салтанат құрмаған, тәртіп сақталмаған мемлекеттің ілгері басуы қиын. Сондықтан прокуратура да бұл қағиданы басшылыққа ала отырып, көптеген іс-шараларға бастамашы болып келеді.

Күнделікті тәжірибе көрсеткендей мемлекеттегі заңсыздық пен құқық бұзушылықтың дені хабарламаны тіркемеумен тікелей байланысты. Қылмысты жасырудың, азаматтарды негізсіз қылмыстық жауапкершілікке тартудың соңы жалпы әділдікке деген көзқарасты күйретеді. Мысалы, Түркістан ҚІІБ қызметкерлері бір азаматшаның арызы негізінде «Дем» дүкенінің сатушысына қатысты қылмыстық іс бастаған. Арызданушы сатушыны кассадан қомақты сомада ақша қаражатын жымқырды деп көрсеткен. Прокуратура қадағалау тәртібінде осы іске араласып, сатушыға қатысты қылмыстық істі тоқтатты. Себебі, тергеу органымен Бас прокурордың Нұсқауының және ҚПК-нің қылмыстық істі тіркеуге қатысты талаптары бұзылған, яғни арыз иесімен аудиттік тексеру, ревизия қорытындысы, залал сомасын растайтын құжаттар ұсынылмаған. Егер әрбір адам қанша ақша жоғалғанын білмей тұрып, кімнің жымқырғанына көзі жетпей тұрып полицияға арыздана берсе, әрі оны полиция сүзгіден өткізбей тіркеп, тексеретін болса, айналамызда заңға, құқықтық құрылымдарға өкпелі жандардың саны көбейе бермей ме? Бұл – мемлекеттің құқықтық саясатына ғана емес, азаматтардың мүддесіне қарсы жасалған қадам.

Қылмыс орбитасына заңсыз тарту деректері көп пе?

– Бүгінгі таңда бизнес субъектілеріне де қатысты басталған барлық қылмыстық істердің заңдылығы прокурорлар тарапынан жедел түрде зерделеніп, құқықтық баға берілуде. Өйткені, кәсіпкерлерді заңсыз қылмыс орбитасына тарту Бас Прокурордың қатаң бақылауында. Соның нәтижесі ретінде, қадағалау тәртібінде Түркістан өңірінде соңғы 3 жылда негізсіз басталған 800-ден аса қылмыстық іс 3 тәулік ішінде тоқтатылған. Осы санның артында қаншама жазықсыз адамның тағдыры, тілегі, сенімі тұр. Міне, сондықтан да біз Мемлекет басшысының жолдауларында жүктелген тапсырмалардың әрқайсысын – азаматтар өмірін, мүдделерін, құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталған пәрменді тетік деп қабылдаймыз.

– «Еститін Мемлекет» қағидасы ашықтық пен сенімге құрылған. Ал прокуратура халықтың үнін дер кезінде естіп, шара қабылдай алып отыр ма?

– «Еститін Мемлекет» қағидасының басты формуласы – ашық диалог, қолжетімді қызмет, жедел байланыс. Прокуратураны да халыққа жақын еткен осы қағидалар. Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен кез келген құқық бұзушылыққа тосқауыл қоюда азаматтар белсенділігін арттыру аса өзекті. Осы мақсатта «Бұзушылыққа тоқтам» атты пилоттық жобаны қолға алған едік. Бүгінде әр ауданда осындай 17 телеграм-бот ашылып, қолданысқа енгізілген. Оның тиімділігі – кез келген азамат өзіне белгілі болған, өзі куәсі болған барлық құқық бұзушылықтар туралы дереу онлайн режимінде оқиға орнын (локациясын) көрсете отырып, құзырлы органдарға хабарлай алады және өз хабарламасы бойынша қандай әрекеттер жасалғанын білуіне мүмкіндік бар. Бұл прокуратура мен азаматтар арасындағы кері байланыстың тамаша үлгісі. Бүгінде телеграм-боттарға  бұзушылық туралы 242 хабарлама түскен. Соның ішінде азаматтар интернет-алаяқтық, жол-көлік оқиғасы, көшенің ластануы, жолдың сапасыздығы, бағдаршамның істен шыққаны, қоғамдық орындардағы бұзушылықтар, есірткі өсіру, сақтау бойынша хабарлама берген. Ел ішіндегі заңсыздықтарды құзырлы органдардың бірден байқамауы мүмкін. Ал мына телеграмм-бот көптеген заңсыздықтардың дер кезінде анықталып, шешімін табуына жол ашады.

– Инвесторлар – мемлекеттің дамуына ықпал ететін қуатты күш қана емес, ел мен елдің арасын жалғайтын алтын көпір. Инвесторларды қолдау, ел ертеңіне салынған қаржының мақсатқа сай жұмсалуын қадағалау қалай жүзеге асырылуда?

– Бұл жұмыста Мемлекет басшысының «Ел экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға қатысты шаралар туралы» Жарлығы басты бағдарға айналған. Осы Жарлыққа сай прокуратураға жүктелген міндет айқын. Ол – бизнесті жүргізу мен инвестиция тарту үдерісін барынша ашық, түсінікті және жеңіл ету. Сонымен бірге инвесторлар бетпе-бет келетін мәселелер мен кемшіліктерді жедел шешу өзекті. Біз инвесторларды – ел экономикасына қозғау салушы, ел еңсесін тіктеуші, елдің табысын еселеуші тетік ретінде қарап, оны заңдық тұрғыдан қорғауымыз керек.

Қазақстанның әлеуетіне сенгендіктен болар соңғы жылдары қаржысын біздің өндіріске салатын шетелдік инвесторлар көп. Айталық 2025 жылдың сегіз айында Түркістан облысына 783 млрд теңге инвестиция бағытталып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда салынған қаржы 125%-ға өсті. Инвестицияның көбеюі өңірдің түрленуіне, аймақтың қуатты өлкеге айналуына, көптеген жұмыс орнының ашылып, табысты азаматтар қатарының өсуіне ықпал етуде. Ал осы ел игілігіне жарайтын қаржы мақсатына сай жұмсалып, инвесторлардың құқығының бұзылмауы – прокуратураның жіті бақылауында.

Мемлекетте кәсіп жүргізуге қажетті құжаттардың реті бекітілген. Соған сай бір жобаны бастау үшін инвесторларға бірқатар құрылымдардың тексеруінен өтіп, рұқсатын алу қажет. Осы құрылымдардың бірі рұқсатты кешіктіріп беріп, қолдан кедергі жасаса, инвесторлар жұмысы ақсайды. Ал қазір уақыттан бағалы, сенімнен қадірлі не бар? Прокуратураның да мақсаты инвесторларға Қазақстанның ең қауіпсіз, ең сенімді ел екендігін құқықтық құралдар арқылы растау.

Сондай-ақ Президенттің бастамасымен – инвесторларды қорғау бағытында «Прокурорлық сүзгі» тетігі енгізілді. Бұл жоба бойынша мемлекеттік органдар инвесторға қатысты кез келген тыйым салу немесе шектеу әрекетін қолға алар алдында прокуратурамен міндетті түрде келісуі тиіс. Осы механизмнің көмегімен прокурорлар екі жылда 31 инвесторға қатысты уәкілетті органдар тіркеген заңсыз әкімшілік істердің күшін жойып, 17 инвесторға қатысты заңсыз тексеруді тоқтатты.

Одан бөлек инвесторлар арасында жедел өзара іс-қимыл жасау және тиісті ақпарат алмасу үшін «Turkistan Invest ОП» атты «WhatsApp» мессенджері құрылған. Инвестжобаға қатысты сұрақ туындаса, прокуратура органына немесе «WhatsApp» мессенджеріне жазба қалдыра отырып, шағым түсіруге болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *