ТҮРКІСТАН: ЖАСТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТЫ КӨТЕРІЛІП КЕЛЕДІ

 

Түркістан облысында жастар саясатын жүзеге асыру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Соның ішінде «Заң және тәртіп» қағидаты аясында атқарылған жұмыстар да баршылық. Бұл туралы өңірлік коммуникация алаңындағы брифингте облыстық «Жастар ресурстық орталығы» басшысының орынбасары Дінислам Бимаханбетов айтып берді.  

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Заң және тәртіп» қағидаты – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры екендігін атап өтті.

Осыған орай, облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аудан, қалаларда сот орындаушы, нотариус, адвокат және тағы басқа құқық саласы мамандарының қатысуымен ашық форматта кездесулер өткізіліп жатыр. Жыл басынан бері облыс көлемінде 1 869 кездесу өткізіліп, 45 мыңнан астам жас  құқықтық сауатын көтерді. Сонымен қатар, аудан, қалаларда «Қарызсыз қоғам» атты көшпелі оқу семинары өткізілуде. Жалпы, 70-ке жуық іс-шара өтіп, 3500-ге жуық жасқа қаржылық жоспарлау және несие шарттарын түсіндіру бойынша білім берілді, – деді Дінислам Нартайұлы.

Облыс аумағында «Заң және тәртіп» қағидасы аясында жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, жастардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында 781 рет психо-профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, 53 710 жас қамтылған. Сондай-ақ, 2025 жылы аудан, қалалық жастар ресурстық орталықтарының, білім бөлімдері мен құқық қорғау органдарының мамандары бірлесіп, арнайы мониторинг топтары құрылған. Мониторингтік топтар жыл басынан бері 800-ге жуық рейдтік іс-шара өткізген. Одан бөлек, келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардан зардап шеккен жастарға психологиялық көмек көрсету мақсатында аудан, қалаларда «Тәртіп – тұрақтылық кепілі» атты семинар өткізілген.

– Халықаралық туризм және меймандостық университетінде «Қауіпсіз орта – біздің ортақ жауапкершілігіміз» тақырыбында кездесу өткізілді. Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында харрасмент, буллинг және психологиялық қысымның алдын алу, сондай-ақ, қауіпсіз әрі қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру. Сонымен қатар, «Жастар ресурстық орталығы» және Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының кубогы үшін республикалық «Zandy kulki» жайдарман ойыны өтті. Облыстық «Білімді жастар – ел ертеңі» атты құқықтық тәрбиелік көшбасшылар форумы ұйымдастырылып, еліміздің құқықтық жүйесі мен қоғамдық-саяси саласында еңбек етіп жүрген жетекші тұлғалар тәжірибелерін бөлісті.

Жалпы, атқарылған іс-шаралар «Заң және тәртіп» қағидатын жүйелі түрде іске асыруға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталды. Алдағы уақытта да жастарға құқықтық тәрбие беру және қауіпсіз орта қалыптастыру жұмыстары жоспарлы түрде жалғасын табады, – деді спикер.

Бауыржан ЕРМАН.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *