ТҮРКІСТАН: ЗАҢДЫЛЫҚТЫ ҚАДАҒАЛАУ ҰДАЙЫ НАЗАРДА

 

Жыл сайын 6 желтоқсанда елімізде Прокуратура күні атап өтіледі. Өйткені, 1991 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасының жоғары қадағалау органының жүйесі бекітілген еді. Тәуелсіздік жылдары прокуратура қоғамда заң мен құқықтық тәртіпті нығайтуда мемлекет тірегіне айналып, халықты әлеуметтік қорғау, жеке кәсіпкерлер мен инвесторлардың, экономикалық сектордағы азаматтар мен мемлекеттің мүддесін қорғау, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару, қылмыстық істерді тергеу, мемлекеттік айыптауды қолдау, құқықтық процестерді цифрландыру, халықаралық ынтымақтастық пен басқа да бағыттарда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.

Жалпы, прокуратураның тарихы 1922 жылдың 13 шілдесінен бастау алады. Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті 3-ші сессиясының 2-ші шақырылымының шешімінен кейін Әділет халық комиссариатының жанынан мемлекеттік прокуратура органы құрылды. Әділет халық комиссары республика прокурорының міндетін қоса атқарды. Осы сессияда «Прокурорлық қадағалау туралы ереже» бекітіліп, прокуратура дамуының екінші кезеңінде, яғни 1933 жылы оның өкілеттігі кеңейе түсті. Әділет халық комиссары жанынан прокуратура басқармасы құрылып, тұңғыш рет прокурордың міндеттері Әділет халық комиссарынан бөлінді.

1936 жылы 5 желтоқсанда КСРО өзінің жаңа Конституциясын қабылдап, Қазақстан КСРО-ның құрамындағы тең құқықты мемлекет атанды. Алғашқы Конституцияны қабылдаған сәттен бастап прокуратураны дамытудың үшінші кезеңі басталды. Прокуратура Әділет халық комиссариатынан бөлініп шығып, дербес құрылым ретінде жұмыс істей бастады. Қазақ КСР-ның тұңғыш прокуроры С.Есқараев болды. Сол жылдың 11 қарашасында Әділет халық комиссариаты мен прокуратураны бөлу туралы бұйрық шығып, республика прокуратурасы тікелей КСРО прокурорына бағынатын болды. Сол кезеңдерде прокуратураға мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық және жекеменшік ұйымдардың іс-

әрекетінің заңдылығына, сонымен қатар, жеке адамдардың, тергеу органдары мен басқа да құзырлы органдардың қызметін қадағалауды жүзеге асыру міндеті жүктелді. Алайда, қалыптасқан күрделі жағдайларға байланысты прокуратураның өзінің құқық қорғау міндеттерін толық көлемде жүзеге асыра алмаған кезеңдері де болды. Нығмет Нұрмақов, Нұртаза Ералин, Сәдуақас Мәмбеев, Жанайдар Сәдуақасов, Боран Айтмағамбетов, Қанай Боранбаев, Мырзағұл Атаниязов және Сүлеймен Есқараев сынды республика прокурорлары саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Тек 1937 жылдың өзінде ғана прокуратура органдарынан 40-тан астам қызметкер негізсіз жұмыстан шығарылып, солардың бірқатары ұлтшыл топтарға қол ұшын берді деген жаламен  қамауға алынды. Сол аласапыран шақтың өзінде прокуратура органдарында өз жұмысына адал жандар заңдылықтың мүлтіксіз орындалуы үшін жан аямай еңбек етті. Ұлы Отан соғысы жылдарында прокурорлық-тергеу кадрлары майданда ерліктің өшпес үлгісін көрсетті. 1942 жылдың тамыз айында 885 прокуратура қызметкерінің 411-і Қарулы Күштер қатарына шақырылып, майданға аттанды. Көптеген прокурорлар мен тергеушілер Отан үшін өз өмірлерін құрбан етті. Соғыс аяқталған соң прокуратура қызметкерлері халық шаруашылығын қалпына келтіру үшін белсенді жұмыс істеп, мемлекеттік және қоғамдық меншікті мүлтіксіз қорғап, мемлекеттік еңбек тәртібін бұзғандармен аяусыз күресті. Елдің дамуымен қатар прокуратураның да рөлі мен орны өзгеріп отырды, яғни оның қызметі жаңа мазмұнмен толығып, прокурорлық қадағалаудың міндеттері өзгертілді. Алайда, прокуратураның алдында тұрған міндеттер өзгертілгенімен, заңдылық пен құқық қорғауды қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық, саяси және жеке құқықтары мен бостандықтарын қорғау прокуратураның негізгі міндеті болып қала берді.

Алайда, Қазақстан тәуелсіздігін алғанға дейін прокуратура да басқа құқық қорғау органдары сияқты әміршілдік-әкімшілік жүйенің мүддесін бірінші кезекке қойғанын жасыра алмаймыз. Соған қарамастан прокуратура қай кезде де заң бұзушылықты анықтап, оған дер кезінде тосқауыл қоя білді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында орын алған тың үрдістер мен заң саласындағы жаңалықтар адамды қоғамның жоғарғы құндылығы ретінде бірінші кезекке шығарып, азаматтардың сотпен қорғалу құқығын кеңейте түсті. Жеке адамның құқығын қорғау прокуратураның негізгі қызметіне айналды. Прокурорлық қадағалаудың одан әрі дамуы және прокуратура органдары жүйесін реформалау кезеңі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін басталды. 1991 жылдың желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, оның дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Қаулысына сәйкес, Қазақ КСР-ның Бас прокурорына бағынатын бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі құрылды. 1992 жылғы 17 қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен «Қазақстан Республикасының Прокуратурасы туралы» Заң күшіне еніп, соған сәйкес прокуратура Жоғарғы Кеңеске есеп беретін, заңдардың орындалуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратын орган болып танылды. Осы заң прокуратураның құқық қорғау қызметін жақсартуға оң әсер етті. Алайда, құқықтық демократияның өріс алуы құқық жүйелерін қалыптастыруда жаңа ізденістерді талап ете бастады. Осыған байланысты 1994 жылы 12 ақпанда ҚР Президенті Қаулысымен Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл құжатта прокуратура органдарын реформалаудың негізгі қағидалары белгіленді. Ондағы негізгі қағидалар 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституциямызда және ҚР Президентінің 1995 жылғы «Қазақстан Республикасының Прокуратурасы туралы» заңдық күші бар Жарлығында жан-жақты көрініс тапты. Конституцияның 83-бабындағы прокуратура туралы негізгі ереже прокуратураның бірыңғай орталықтандырылған дербес жүйе екендігін әйгілеп берді. Сөйтіп, прокуратура мемлекеттік билік органдары арасында өзінің конституциялық орнын еншіледі.

2022 жылғы республикалық референдумда Ата заңға өзгеріс енгізу арқылы қадағалау органы тарихына жаңа бетбұрыс жасалды. Жаңартылған Конституцияда Прокуратура туралы заңға конституциялық мәртебе беріліп, прокуратураның негізгі функциялары айқындалды. Сол жылғы конституциялық реформа барысында Бас прокурорға Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығы берілді. Бүгінде қадағалау органдарының мамандары жедел-іздестіру қызметі, сотқа дейінгі тергеп-тексеру, қылмыстық-құқықтық саладағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, күшіне енген сот үкімдерінің заңдылығын, қылмыстық жазалардың орындалуын, түзеу мекемелеріндегі сотталғандардың құқығы сақталуын, жазасын өтеген адамдардың пробациядан өтуі мен әлеуметтік бейімделуін қадағалауды жүзеге асырады. Яғни бүгінде прокуратура қызметі қылмыстық-құқықтық саланың барлық кезеңін қамтып отыр деуге болады.

Қорыта айтқанда, прокуратура органдары өз өкілеттігін Ата Заңымыз бен өзге де заңдарымызға сәйкес жүзеге асырады. Қазіргі кезде ол басқа мемлекеттік органдар қызметін алмастырмайды, түрлі шаруашылық субъектілерінің қызметіне негізсіз араласпайды. Сонымен қатар, Ата Заңның 83-бабына сәйкес, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғалары жол берген заң бұзушылықтарды анықтауды күшейтіп, орын алған кемшіліктерді заңдық тұрғыда жоюға ықпал етеді.

Саян Келдібеков,

облыс прокурорының бірінші орынбасары. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *