Адамзат әлемінің түрлі кереметтерге толы екені анық. Алайда, жақсылық пен жамандықтың қатар жүретін заңдылығына сәйкес, қоғамның дамуына кері әсерін тигізіп, жер тұрғындарының түрлі қиындықпен бетпе-бет келуіне ықпал ететін ғаламдық проблемалардың бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Әлі күнге дейін күрмеуі шешілмей келе жатқан сондай қоғам «дертінің» бірі – бармақ басты, көз қысты әрекеттер, яғни сыбайлас жемқорлық. Өкініштісі сол, перзентханадан қабірге дейінгі бүкіл салаға тамырын жайған бұл заңсыздыққа тосқауыл қою оңай емес. Оны істейтін де адамзат, зардабын шегетін де адамзат.
Халықаралық ұйымдардың өткен жылдың соңындағы мәліметтеріне сүйенсек, сыбайлас жемқорлық, парақорлық, ұрлық, салық төлеуден жалтару және басқа да заңсыз қаржылық ағындар дамушы елдер үшін жылына 1,26 трлн. доллар шығын келтіреді екен. Бұл қаржы күніне шамамен 600-700 теңге жұмсайтын 1,4 миллиард адамды кемінде алты жыл бойы кедейлік шегінен шығаруға жеткілікті болады екен. Бірақ, кейбір адамдар мұндай ізгі істерді ойлаудың орнына құлқынын толтыра алмай, демократиялық өмір салтына, әділетті қоғам құруға, кедейліктен арылуға, мемлекеттік қызметтер тиімділігін арттыруға және өзге де игіліктерді көбейтуге жол бермей келеді.
Сондықтан да Қазақстан билігі ондаған жыл бойы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға баса назар аударып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен оның өңірлердегі органдары пайдалы іс-қимылдарын үзбей жүргізіп жатыр. Бұл үрдістің кең етек алуына әсіресе 2008 жылғы Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялауы айрықша әсерін тигізген-ді. 2019 жылы да еліміз GRECO-ға кіру арқылы мемлекеттік және жеке секторлардағы адами тазалықты арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің қарқынын көтерудің тың мүмкіндіктеріне ие болды. Осылайша, сол кезеңнің өзінде еліміз сыбайлас жемқорлықты қабылдаудың әлемдік индексіндегі рейтингін 124-ші орыннан 113-ші орынға дейін көтере алды. Ал, 2020 жылы 94-ші орынға жоғарыласа, қазір 93-ші орында тұр. Әлбетте, бұл кейде керіп мақтанатын көрсеткіш емес. Десе де соңғы жылдардағы жемқорлыққа қарсы әрекеттердің нәтижесі көңілге үміт ұялатады.
Мәселен, өткен жылғы ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жүйелі жұмыстарының арқасында соңғы 2 жылда мемлекеттік сатып алу саласында 67 млрд. теңгеден астам бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілмеген. Атап айтсақ, Антикор бұл саланы бақылауға арналған «Бірыңғай сатып алу терезесі» ақпараттық жүйесін «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жүзеге асыруда. Бұл бағыттағы іс-шаралар – бүгінде мемлекеттік сатып алу саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Антикор ең көп таралған қылмыстық схемалардың бірі – нақты жеткізушілердің мүдделерін қолдау, техникалық сипаттаманы қалыптастыру және жалған актілерге қол қою екендігін де анықтаған.
Сонымен қатар, былтыр жыл соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қабылдаған шаралардың нәтижесінде мемлекеттің жалпы көлемі 120 млн. АҚШ доллары немесе 55,4 млрд. теңгеден асатын қаражаты ел игілігіне қайтарылды. Жалпы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет соңғы 2 жылда бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 912 млрд. теңгеден астам мүліктік активтер мен ақшалай қаражатты қайтаруды қамтамасыз еткен. Әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, сәнді үйлер, пәтерлер мен автомобильдер, акциялар мен компаниялардағы үлестер, теміржол жолдары мен ақша қаражаттар сынды заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмыстары әлі де үздіксіз жалғасуда. Оның бір дәлелі ретіндң Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жыл басында мемлекетке қосымша 44,6 млрд. теңгені қайтарғандығын да атап өтсек болады.
Агенттіктің тағы бір ұтымды бастамасы былтыр бизнесті қорғау жұмысы аясында іске қосылған «Бизнеске жол» жобасы болатын. Бұл жоба жергілікті жерлерде кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған. Тиісінше, жоба іске қосылған сәттен биылғы жылдың баына дейін 600-ден астам проблемалық іс шешімін тауып, 30 мыңға жуық кәсіпкерге көмек көрсетілген. Ел экономикасына бизнес өкілдерінің сүбелі үлес қосатынын ескерсек, олардың мүддесін қорғап, саладағы жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу ең маңызды істердің бірі екенін анық ұғынамыз.
