Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлық тәуекелдерін талдау, жемқорлыққа қарсы мониторинг пен мәдениетті қалыптастыру үрдістерін де қалыптастырып келе жатқан орган екенін атап өтуіміз керек. Соның ішінде білім беру саласына айрықша көңіл бөлінген. Атап өтсек, былтыр Агенттік білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстарын жүргізіп, бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру процестерін автоматтандырудың, бұзушылықтардың алдын алу тетіктерінің және бухгалтерлік есептің ақпараттық жүйелері мен мемлекеттік дерекқорлардың интеграциялық байланыстарының болмауына байланысты проблемалар туындағанын анықтады. Анықтап қана қоймай, бүгінгі таңда аталған жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша қарқынды жұмыс атқаруда. Мәселен, былтыр жыл соңында Агенттіктің бастамасымен Павлодар, Ақмола және Түркістан облыстарында қолданыстағы бухгалтерлік жүйелер базасында цифрлық шешімдерді енгізу бойынша пилоттық жоба іске асырылды. Қуанышымызға орай, бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру процесін толық автоматтандыру, контингентті есепке алу және қызметкерлердің келуін бақылау, аванстарды негізсіз төлеуді бұғаттау тетіктері және қазынашылық деректерін бухгалтерлік жүйелермен салыстыру үрдісі ел игілігі үшін сәтті өтті деп айтуға болады. Олай дейтініміз, осы жұмыстар барысында құзіретті орган мемлекет бюджетінен бірнеше миллиард теңгенің жылдар бойы жымқырылып келгенін анықтап, тамыры тереңге кеткен проблеманың ақ-қарасын ажыратып жатыр. Бұл жұмыстар жалғасып, ел болашағы – балаларға білім беру саласының ілгерілеуіне оң ықпалын тигізе береді деп үміттенеміз. Одан бөлек, ұйым басшысының бет биометриясы бойынша төлем құжаттарына қол қоюы мен оларды шифрлау мәселесі пысықталған. Қазіргі уақытта осы цифрлық шешімдерді масштабтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тағы бір жаңашылдығы – Президенттің цифрлық теңгенің көмегімен бюджет қаражатын игеру процесінде «ақшаны бояу» пилоттық жобаларын іске қосуды игеріп, жаңа бастамаларды іске асырып жатқандығы. Агенттік Төрағасы мәлім еткендей: «Цифрлық теңге – жымқыруға жол бермеудің маңызды, прогрессивті құралы. Оны енгізу бюджет қаражатын тиімді, мақсатты пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді».
Негізінде, жемқорлықпен күрес – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ғана емес, тұтас қоғамның міндеті десек, қателеспейміз. Осы орайда қазір елімізде жемқорлыққа қарсы еріктілер де елеулі еңбек етіп келе жатыр. Бүгінде ол еріктілердің қатары қалыңдап, саны 3 мыңға жуықтаған. Нәтижесінде, қоғам індетіне бейжай қарамайтын еріктілердің арқасында жалпы көлемі 4 млрд. теңгеден асатын жемқорлық тәуекелдеріне тосқауыл қойылған.
Өткен айда қазақстандық Антикор Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі органдардың халықаралық қауымдастығына енді. Дәлірек айтсақ, Агенттік Төрағасы Асхат Жұмағали бастаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет делегациясы Гонконгта өткен «Жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа жолын жобалау» атты 8-ші симпозиумға қатысып, Агенттік Төрағасы Гонконгтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Тәуелсіз Комиссиясының басшысы Дэнни Ву мырзамен кездескен болатын. (Айта кету керек, Транспаренси Интернешнл рейтингі бойынша қазір Гонконг 180 елдің ішінде 14-ші орында тұр.) Кездесу нәтижесінде өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл келісім құқықтық көмек көрсету, активтерді қайтару, адамдарды іздестіру, бюджет қаражатын мақсатты пайдалану мен сатып алу мониторингі, жасанды интеллектті қоса алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жаңа технологияларды енгізу мәселелерінде әріптестікті нығайтуға бағытталған. Одан бөлек, Комиссияның шақыруы бойынша Қазақстан Агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі органдардың халықаралық қауымдастығына ресми түрде енді. Бұл шетелдік әріптестермен өзара іс-қимылды едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді, сондай-ақ озық тәжірибе мен білім алмасуға ықпал етеді. Агенттік шетелдік әріптестермен өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастыра бермек.
