Естеріңізде болса, Мемлекет басшысының жол саласындағы жемқорлықты жою жөнінде тапсырма берген еді. Осы тапсырманы орындау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Көлік министрлігі жол құрылысы саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне бірлескен сыртқы талдау жүргізбек. Талдау аясында жол саласына бөлінген барлық қаражатты жоспарлау және жұмсау үдерістері зерделеніп, жол құрылысының халықаралық тәжірибесі, атап айтқанда, Гонконг, Сингапур, Қытай тәжірибесін зерделеуге ерекше назар аударылатын болады. Талдау нәтижелері бойынша жол құрылысының барлық кезеңдерінде жемқорлық тәуекелдерін жою және жолын кесу жоспарланған. Одан бөлек, ғылыми қауымдастықпен бірлесіп құрылыстың жаңа технологияларын енгізу тетіктері әзірленіп, ұсынылатын болады.
Біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қарапайым тұрғындармен де тізе қосып жұмыс істеп жатқанын жиі байқаймыз. Осы орайда жемқорлықтың алдын алу мақсатында күні кеше, яғни 30 мамыр күні жыл сайынғы «Халық заңгері» акциясы өткізілді. Бұл мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгерлер мен адвокаттар халықты қабылдап, тегін заңгерлік көмек көрсететін іс-шара. Іс-шара аясында мемлекеттік органдардың 2 мыңнан астам өкілі және құқық саласының мыңға жуық жетекші сарапшысы тұрғындарға түрлі мәселелер бойынша кеңес берген. Осылайша, еліміздің 150 мыңнан астам азаматы заңгерлік кеңес алды. Осы ретте, Агенттіктің сыбайлас жемқорлыққа немқұрайды қарамайтын азаматтар арқылы көптеген қылмыстың жолын кесіп, елге қауіпті әрекет жайлы ақпарат берген адамдарға арнайы сыйақы беру жүйесін жүзеге асырып жатқанын да айта кету керек.
Жалпы, соңғы уақыттарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі 64 жемқорлық қылмысын тіркеп, 70 адамды әшкерелеп, 38 адамға тиісті жазаларын берген. «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттер негізінен парақорлық, жымқыру, сондай-ақ лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілерімен байланысты болып отыр. Ал, негізінде бөлінген қаржы қозғалысының рәсімдері ашық болып, барлық аударым діттелген жерлерге жетіп, әр теңге көзделген мақсатқа сай жұмсалуы тиіс. Бұл тұрғыда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қыруар жұмыс атқарып жатыр. Бірақ, елді тұқыртатын бұл проблеманы жалғыз Агенттіктің түбегейлі жойып жіберуі қиындау. Демек, әр адам өзі, отбасы және Отаны үшін «қоғам індетінен» арылуға үлес қосуы қажет.
Б.Ерман
