ТҮРКІСТАН: ЗАЙЫРЛЫ ЕЛДЕ ЗАҢ ҮСТЕМ

 

Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидатының негізгі өзегі қауіпсіз қоғам қалыптастыруды көздейді. Бұл ретте құқық қорғау органдары мен прокуратураға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Оның үстіне, еліміздің рухани астанасы – Түркістанның қылмыстан ада, заңсыздықтан алыс болуын қамтамасыз ету міндетімізді, тіпті, еселей түсті. Қазір облыс прокуратурасы осы үдеден шығуға барынша күш салып келеді. Заңдылықты қадағалау бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесі де жаман емес.

Атап айтар болсақ, былтыр облыстағы криминогендік ахуал 5,7 пайызға төмендеді. Оның ішінде адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, қарақшылық, тонау, жол-көлік саласындағы қылмыстар бұрнағы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай азайды. Ел ішінде жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде адам ұрлау дерегі де едәуір төмендеді деуге болады. Бұл қылмыстың негізгі бөлігін қыз алып қашу оқиғалары құрап отыр. Құқықтық мемлекетте қыздарды келісімінсіз алып қашу қылмысқа жатады. Адам ұрлау қылмысынан жалтару үшін қазақы салт-дәстүрге арқа сүйеуге болмайды. Қаншалықты қазақы өңір болсақ та, әр отбасы қыздың қалауын ескеріп, қыздың көз жасына қалмау керегін үнемі ескертіп отыруы тиіс!

Соңғы жылдары адам алдауды кәсіп еткендер де көбейді. Соның салдарынан алаяқтық қылмысы 14,2 пайызға, оның ішінде интернет-алаяқтық 5,8 пайызға өсті. Қанша рет ескерту жасалып жатса да, алаяқтардың арбауына түсетіндер азаймай отыр. Алаяқтар жаңадан велосипед ойлап тауып жатқан жоқ. Бірақ, көпшілік құзырлы органдардың ескертуінен гөрі, алаяқтардың жылтыр сөзіне, орындалмайтын уәдесіне көбірек сенеді.

Айталық, тұрғындарды алаяқтықтан сақтандыру үшін құрамында прокуратура, әкімшілік, полиция, білім беру және басқа да уәкілетті орган өкілдері бар ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Қала, аудан прокуратураларының интернет-парақшаларында құқықтық сауатты арттыратын, алаяқтықтың алдын алуға көмектесетін 80-нен аса мақала жарияланды. Билбордтар ілініп, интернет-алаяқтыққа қарсы арнайы бейнеролик әзірленіп, ол әлеуметтік желілерде кеңінен таратылды. Прокурорлар білім ошақтары мен жоғары оқу орындарында алаяқтыққа қатысты дәріс оқып, келелі басқосулар ұйымдастырды. Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында күмән тудыратын 300-ге жуық жарнама анықталып, бұғатталды.

Ең бастысы, алаяқтық бойынша анықталған қылмыстар ашық талдана бастады. Өйткені, алаяққа алданып, опық жемейінше, азаматтар «мұндай жағдай менің басыма келмейді» деп ойлайды. Қапы қалмас үшін «Тек жүрсең, тоқ жүресің» дегенді тұрғындарға әлі қанша уақыт түсіндіреріміз белгісіз. Мұндай жымысқы әрекеттермен тек көп болып күрескенде ғана нәтиже шығаратынымызды көпшілік ұмытпаса екен дейміз.

Есірткі саудасына байланысты қылмыстың көбеюі де  прокуратураның басты назарында. Есірткі елді аздырып, жастарды өлімге жетелейді. Есірткіні табыс көзіне айналдыру да адамды азғындыққа ұшыратады. Өңірімізде есірткіге қатысты қылмыс 49,5 пайызға көбейіп отыр. Бұл – көпшілікті ойландыратын мәселе. Әрине, пайыздық көрсеткіштің көтерілуі есірткі бизнесіне қарсы күрестің күшеюімен, сонымен бірге, көрші елдерден келетін контрабанданың көбеюімен байланысты. Биылғы 3 айдың өзінде ғана есірткі қылмысына қатысты 50 қылмыстық іс тіркелді. Соған орай, облыстық прокуратура көршілес елдердің құқық қорғау органдарына шекаралық және кедендік қызметтердің жұмысын күшейту жөнінде хат жолдады. Көршілес жатқан екі ел есірткімен бірлесе күрессе, оң нәтиже көп күттірмейді деп ойлаймын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *