Бала деген жас құрақ сияқты. Жел қай бағытқа қарай соқса, жас құрақ та солай қарай иіледі. Сол сияқты баланың да дұрыс жолды таңдауы – тәрбиеге байланысты. Сондықтан балаларды түзу жолға салып, кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың алдын алу қашан да өзекті. Облыс прокуратурасы бұл бағытта кешенді іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Айталық, облыстағы әрбір оқу орнына уәкілетті және прокуратура органының қызметкерлері бекітіліп, олар құқық бұзушылықтың алдын алуда бірігіп жұмыс атқаруда. Жайсыз отбасылардың тізімі түзіліп, балалардың тұрмыс жағдайлары жіті бақылауға алынды. Өгей әкесі немесе шешесімен бірге тұратын балалардың да тізімі жасалып, олардың психологиялық және тұрмыстық жағдайлары қадағалануда. Жасөспірімдер қылмысының алдын алу үшін жасырын сауалнамалар жүргізіліп, кемшіліктерді дер кезінде жоюға ілкімді қадамдар жасалып жатыр. Балалар құқығын түсіндіру мақсатында арнайы дәрістер өткізіліп, БАҚ бетінде танымдық мақалалар жариялануда. Бірлесе жүргізілген осындай жұмыстардың арқасында балалар құқығын қорғауға қатысты негізгі басымдықтар анықталды. Жасөспірімдерді қорқыту және жыныстық құқық бұзушылыққа қатысты деректер прокуратура тарапынан ғана емес, мектеп, ата-ана тарапынан да балаларға жіті бақылау керектігін көрсетіп отыр.
Балаларды заңсыздықтан, теріс тәрбиеден қорғау мақсатында облыс прокуратурасы «Бұзушылыққа тоқтам» атты жоба әзірлеген еді. Аталған жоба арнайы телеграм-боттың көмегімен жүзеге асырылады. Жобаның басты артықшылығы – қоғамды толғандыратын тақырыптарды жіктеп, шиеленіс ошақтарын дер кезінде анықтау. Әрі бұл жобаның нәтижелі, өміршең болуы – мүдделі тараптардың «заңсыздықты жойсақ, балаларды қылмыстан алыс ұстасақ» деген ниетіне байланысты. Өйткені, жоба талабына сай телеграм-бот арқылы кез келген азамат өзі куә болған барлық құқық бұзушылықтар, оның ішінде есірткіні насихаттау, заңсыз жарнамалар, есірткі заттарын қолдану, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, интернет желісіндегі алаяқтық фактілері немесе күмәнді жарнамалар туралы құзырлы органдарға онлайн хабарлай алады.
Отандық заңнамада ана мен баланы қорғауға айрықша басымдық берілген. Бүгінгі қоғамда әйелдерге деген қамқорлықтың ауқымы кең. Ең бастысы, осы қамқорлықтың игілігін аналарымыз, қарындастарымыз жете сезінулері керек. Мәселен, облыстағы мемлекеттік қызметшілердің 27,6 пайызы нәзікжандылар, ал, тұрақты жұмыспен қамтылғандардың 44,5 пайызын әйелдер құрайды. Қыз-келіншектер бизнесте де белсенді. Жаңа өмір, тиянақты тірлік жасауға ұмтылған осындай белсенді әйелдер басқаларға да үлгі болуы тиіс.
Әлемді әдемі ететін де, ұлтты тәрбиелейтін де – әйел. Соған қарамастан, әйелдер бүгінде әлімжеттіктің құрбанына айналып отыр. Зайырлы мемлекетте аналар жыламауы, әйелдер зорлық-зомбылықтың құрбаны болмауы тиіс. Түркістан қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік қызметтер көрсететін 50 орынды орталық ашылды. Онда өмірден теперіш көрген жандарға жасалған жайлы жағдайдан бөлек, құқықтық, психологиялық және медициналық кеңес беріледі. Былтыр өңірдегі дағдарыс орталықтарынан 210 адам көмек алды. Мұндай жұмыстар биыл да жалғасатын болады.
Мұрат ТІЛЕУБЕРДИЕВ,
Түркістан облысының прокуроры.
