ТҮРКІСТАН: «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫ ЖАНДАНУДА

 

Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдама» белсенді түрде жүзеге асырылуда. Өңір әкімі Нұралхан Көшеровт сала басшылары өз міндеттерін сапалы орындаудың маңыздылығына ерекше назар аударды.

««Заң мен тәртіп» қағидатының маңызы зор. Оны іске асыру үшін қоғамдық акциялар мен іс-шараларды тек формалды түрде емес, білікті сарапшылар мен мамандарды қатыстыра отырып, ауқымды деңгейде өткізу қажет. Халыққа тегін заңгерлік кеңестер беру акциялары жыл бойы тұрақты түрде ұйымдастырылуы тиіс. Қаржылық қауіпсіздік бойынша профилактикалық жұмыстарды жандандыру қажет», – деді Нұралхан Көшеров.

Аппарат мәжілісінде Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаев есеп берді.

Облыстағы «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету» жоспары 5 негізгі бағыт пен 55 іс-шарадан тұрады. Полиция департаменті және жергілікті атқару органдарына іс-шаралардың 10 тармағы белгіленген. Осы жұмыс нәтижесінде былтыр өңірде 520 полицияның қоғамдық көмекшілері тартылып, олардың көмегімен 47 қылмыс ашылып, 1917 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Қала, аудан және шалғай ауылдарда тұрғындарға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша арнайы шаралар жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері азаматтарға тегін заңгерлік кеңес беру бойынша үш жолда қабылдау акциясы өткізілген. Сонымен қатар, есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстарда 76 мыңнан астам оқушы, студент, ата-ана және тұрғындар қамтылды.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарының маңына 514 жылдамдықты шектеу белгісі, 276 жасанды жол кедергісі, 4 бағдаршам орнатылған. 2100 метр аяқжол және 2 264 білім беру мекемесінің алдындағы жаяу жүргіншілер жолақтары жаңартылды.

Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында «Заң мен тәртіп» қағидаларын іске асыру бойынша 21 жоба жүргізілуде. Олардың ішінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру», «Қаржылық сауаттылықты арттыру және борышкерлерге құқықтық қолдау көрсету», «Пробация қызметіндегі азаматтарды қайта әлеуметтендіру» жобалары бар. Сонымен қатар, «Аманат» партиясымен бірлесіп жүзеге асырылған «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша жыл басынан бері 5872 адам (онлайн және оффлайн) оқытылды.

Жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 567 психо-профилактикалық шара өткізіліп, 36 210 жас қамтылған. Бұл жұмыстар облыста тұрақты түрде жалғасады.

Түркістан облысында «Заң мен тәртіп» қағидаттарын насихаттау – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру және жастардың құқықтық сауаттылығын арттырудағы жүйелі әрі маңызды қадам болып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *