Түркістан қаласының көшелері мен тұрғындардың көп шоғырланатын орындары қырағы көз бейнекамералармен жабдықталуда. Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі әрдайым басты назарда. Өйткені жыл сайын елімізде түрлі себептерге байланысты адам өміріне қауіп төндіретін оқиғалар орын алып, қайғылы жағдайлар саны өсіп келеді. Осыған орай құқық қорғау органдары заң талаптарын күшейтіп, бақылау шараларын қатаңдатуда.
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыстың алдын алу мақсатында бейнебақылау жүйесін жаңарту және кеңейту жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Жақында қала әкімдігінің аппараты басшысы Қуаныш Әлібековтің төрағалығымен өткен жиында осы бағыттағы маңызды мәселелер талқыланып, алдағы жоспарлар бекітілді.
Ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда қаладағы бейнебақылау жүйесінің тиімділігі едәуір артқан. Былтыр жыл ішінде қала аумағындағы 200 камера толық жаңартылып, олардың сапасы мен жұмыс тиімділігі күшейтілген. Сонымен қатар, 210 жаңа камера қоғамдық орындарда, көшелерде және стратегиялық маңызды аймақтарда орнатылған. Бұл шаралар көшедегі жедел бақылауды күшейтіп, құқық бұзушылықтарға дереу әрекет етуге мүмкіндік беруде.
Қала басшылығы бейнебақылау желісін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. 2026 жылға арналған жоспар бойынша қосымша 275 жаңа камера орнатылатын болады. Камералар ең алдымен тұрғындар көп жиналатын саябақтар мен алаңдар, демалыс орындары, жаяу жүргіншілер қозғалысы жоғары көшелер, қоғамдық көлік аялдамалары мен жарықтандыру деңгейі төмен жерлерге орналастырылады.
Бұл стратегиялық тәсіл қылмыс ықтималдығы жоғары учаскелерді бақылауды күшейтіп, қауіп-қатерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Бейнебақылау жүйесі тұрғындарға қауіпсіздік сезімін қалыптастырып қана қоймай, құқық бұзушыларға психологиялық тосқауыл қызметін атқарады. Жинақталған материалдар қылмыстық істерді ашуда дәлелдік базаны қамтамасыз етеді. Мониторинг орталығы арқылы төтенше жағдайларға немесе құқық бұзушылықтарға жедел әрекет ету уақыты қысқарады.
Түркістан қаласының әкімдігі бейнебақылау желісін дамыту арқылы қаланың цифрлық инфрақұрылымын жетілдіріп, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға баса мән беріп отыр.
