Құрметті отандастар!
Баршаңызды еліміз үшін айрықша мәнге ие 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – татулық пен тұрақтылықтың, өзара сыйластық пен шынайы достықтың жарқын көрінісі. Тарихы терең, тағдыры ортақ көпұлтты Қазақстан халқы үшін бұл күннің маңызы ерекше. Өйткені, бірлік пен ынтымақ – тәуелсіздігіміздің тұғыры, елдігіміздің еңсесін биіктететін басты құндылық.
Бүгінде Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықтың өзіндік үлгісі әлем елдері тарапынан жоғары бағалануда. Бұл – халқымыздың сабырлылығы мен парасатының, өзара түсіністік пен құрметке негізделген өмір салтының айқын дәлелі.
Көпұлтты қоғамымыздың бірлігі – тек бейбіт өмірдің ғана емес, ел дамуының да басты алғышарты. Әралуан мәдениеттердің өзара тоғысуы мен рухани байлығы мемлекетіміздің бірегей келбетін қалыптастырып, оны әлемге танытып келеді. Бізді бір мақсатқа ұйыстыратын да, жарқын болашаққа жетелейтін де – осы ауызбіршілік пен ортақ жауапкершілік.
Бірлік – жай ғана ұғым емес, ол – әрбір азаматтың жүрегіндегі Отанға деген сүйіспеншілікпен ұштасқан асыл қасиет. Ол – ел ертеңіне деген сенім, ұрпақ болашағына деген жауапкершілік. Бірлігі мығым елдің тірлігі де тындырымды, болашағы да баянды болмақ.
Осы айтулы мереке күні баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, ынтымақ пен ырыс тілеймін! Әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш, толағай табыс пен береке орнасын!
Бірлігіміз жарасқан, Мәңгілік Ел болайық!
Ізгі тілекпен,
Бахыт Басымбек!
