МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ ТҰРҒЫНДАР АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

«AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлаушылар алдында есеп беру кездесулерін өткізуде. Тұрғындардың талап-тілегін тыңдауға және партияның Сайлауалды бағдарламасының орындалуын талқылауға арналған кездесулер барысында депутаттар өздеріне жүктелген міндеттердің орындалуы, өңірлерде атқарылған жұмыстар мен қолға алынған жобалар туралы кеңінен мәліметтер ұсынылып жатыр. Әсіресе азаматтардың күнделікті тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін жол, ауыз су, электр жарығы, газдандыру, әлеуметтік нысандар құрылыстары, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы өзекті мәселелерге басымдық берілді.

Осы мазмұндағы кезекті есеп беру кездесуін Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев өзі сайланған Шауғар секторында өткізді. Осы аумақтағы Ғани Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінің ауласында бейресми форматта өткен жиынға тұрғындар көптеп қатысып, ұсыныс-пікірлерін ашық айтуына мүмкіндік жасалды.

Депутаттың есеп беру кездесуінде осы аумаққа қатысты бірқатар өзекті мәселелер шешім тапқаны айтылды. Соның ішінде, Шайхантәуір мен Ш.Ниязов көшесі тұрғындарының өтінішіне сәйкес, Темірқазық көшесінің бойына балалар ойын алаңшасын салу, аталған көшеге асфальт төсеу жұмыстарын атқарылғаны мәлімделді. Қала тұрғындарының бірнеше буыны білім алған Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясының және Б. Момышұлы атындағы №22 жалпы орта мектебінің педагогтары білдірген өтініштерге сәйкес, мектеп аулаларына балалар ойын алаңшалары мен спорт алаңшалары салынғаны айтылды.

Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы осы аумақта жүргізілген кәріз жүйелерінің құрылыстарынан кейін, көшелерге тас төсеу жұмыстарының атқарылуын жеке бақылауына алған. Шауғар секторында жаңа аллеяның салынуын ұйымдастырып, оның көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына белсене қатысқан. Тұрғындар білдірген сұраныстар бойынша аумақта жаңа спорт кешенінің салынуына ықпал еткен.

Осы және өзге де атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты мағлұмат берген Ғаппар Амантайұлы, сайлауалды уәделердің кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын атап өтті. Партияның кешенді жоспарына сәйкес, инфрақұрылымды жаңарту, әлеуметтік нысандардың құрылыстары, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты жобалар жүзеге асырылғаны туралы мағлұмат берілді. Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, жастарға мүмкіндік беру және әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасып жатқаны айтылды.

«- «AMANAT» партиясы халықпен тұрақты кері байланысты басты басымдықтардың бірі ретінде қарастырады. Өйткені елдің дамуы мен өңірлердің өркендеуі тұрғындардың нақты сұраныстары мен қажеттіліктеріне негізделуі тиіс. Осы ретте депутаттардың есеп беру кездесулері азаматтардың үнін естуге, қоғамдағы түйткілді мәселелерді анықтауға және оларды жүйелі шешуге мүмкіндік беретін тиімді тетікке айналып отыр», — деді Ғаппар Амантайұлы.

Осылайша партия депутаттары шешім қабылдау алаңында ғана емес, ел ішіндегі нақты мәселелердің шешілуіне ұйытқы болып келеді. Олар тұрғындармен тұрақты кездесіп, әрбір өтініштің орындалуын бақылауда ұстап, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуына ықпал етуде. Бүгінгі кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, тиісті мекемелермен бірлесіп шешу жолдары қарастырылатын болады. Бұл өз кезегінде депутат пен сайлаушы арасындағы сенімді нығайтып, қоғамдағы ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын күшейте түседі деген сенімдеміз.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *