Ордабасы – өндіріс пен инвестицияның жаңа орталығы

Бүгін түркістандық журналистер Ордабасы ауданында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен танысып, өңірдегі ілкімді істердің куәсі болды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай жаңашылдықтар бар. Біз көрген Рәміздер аллеясы, су спорты және теннис корты кешенінің құрылысы, Темірлан ауылының батыс бөлігінде бой көтеріп жатқан заманауи тұрғын үй қалашығы мен өндірістік аймақта іске қосылуға дайындалып жатқан кәсіпорындардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Әр нысан басында сала мамандары мен жауапты басшылар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жұмыс барысын таныстырып, жан-жақты мәлімет берді.
Халқымыздың игі жақсылары бас қосып, бәтуалы шешімдер қабылдаған құтты мекеннің әлеуеті жыл сайын артып келеді. Бұл жолы да соның нақты дәлелі болатын жұмыстарды көзбен көрдік. Іс-шара соңында аудан әкімі Азат Оралбаев БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.

Негізгі көрсеткіштерге тоқталсақ, ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы жылдың бес айының қорытындысы бойынша 84,1 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,6 пайызға артқан.

2026 жылғы жергілікті бюджет кірістері өткен жылмен салыстырғанда 1 млрд 533 млн теңгеге ұлғайған.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі 13,4 пайызға өсіп, 29,3 млрд теңгеге жеткен. Әсіресе қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық берілуде.

Өткен жылы жалпы құны 11,5 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске қосылып, 364 жаңа жұмыс орны ашылған.

Ал биыл жалпы құны 28,5 млрд теңгені құрайтын 14 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 525 жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Жыл басынан бері ауданға 20,9 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 10,6 пайызды құраған. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 55 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр.

Шетелдік инвесторларды тарту мақсатында Қытай мен Түркияға жасалған іссапарлар және өңірге келген инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде жалпы құны 25 млрд теңгені құрайтын, 549 жұмыс орнын ашатын 7 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде құны 7,2 млрд теңгені құрайтын 3 жоба іске қосылып, 304 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Ауданда жаңа өндіріс орындарын ашу үшін 102,5 гектар аумақта қажетті инфрақұрылыммен қамтылған индустриялық аймақ құрылған. Қазіргі таңда мұнда жалпы құны 23 млрд теңгені құрайтын, 722 жұмыс орнын ашқан 9 жоба іске асырылған.

Осылайша, Ордабасы ауданында атқарылып жатқан жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы, инвестиция көлемінің ұлғаюы, тұрғын үй құрылысының қарқын алуы және спорттық-мәдени нысандардың бой көтеруі ауданның жан-жақты дамуына тың серпін беруде. Журналистер көрген әрбір нысан құрғақ статистиканың емес, нақты жүзеге асып жатқан жұмыстардың айқын көрінісі болды. Ел игілігіне бағытталған бұл бастамалар Ордабасының алдағы уақытта да өңірдегі жетекші аудандардың бірі ретінде дамуын жалғастыратынына сенім мол.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *