ТҮРКІСТАНДЫҚ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНГЕН АЗАМАТ

Өмір жолында қоғамдық белсенділігімен ерекшеленіп, азамат ретінде Түркістан халқының ықыласына бөленіп жүрген жанның бірі Бақытжан Жүнісов дер едік. Ол кісінің атқарып отырған қызметін атап өтпей кетуге болмас. Түркістан қаласында теміржолшылар жанұясында өмірге келген ол №389 (қазіргі Әл-Фараби мектебі) орта метепте білім алып, 1972 жылы 10 сыныпты бітірген. Мектепті тәмәмдаған соң Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтына оқуға түсіп, 1977 жылы инженер-механик мамандығын алып шығады.

Жас маман осылайша алғашқы еңбек жолын Түркістан индустриалды педагогикалық техникумында мұғалім болып бастайды. Қалалық Партия хатшысынан ұсыныс түсіп, комсомол комитетіне жұмысқа қабылданып, бес жылдай жауапты қызметтерді атқарады. Осылайша еңбек жолы басталған Бақытжан Жүнісов 1982-1984 жылдары көлік жүргізу мектебінде (автошкола) директордың орынбасары қызметін атқарса, 1984-1987 жылдары кәсіптік-техникалық училищенің директоры, тігін фабрикасының бас инженері, 1995 жылы тігін-тоқыма фабрикасының директоры қызметтерін атқарған.

Бұдан соң «Тайқазан» шаруа қожалығының төрағасы және 2011 жылы «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесін қорғау қоғамдық бірлестігі құрылып, осы бірлестіктің төрағасы болып қызмет атқарды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау жолында ағамыздың атқарған еңбегі айрықша. Атап айтар болсақ қаламыздағы зиялы қауым өкілдерінен құралған бірлестікпен жұмыла жүріп кесенеге жөндеу жұмыстары жүрген кезде жіберілген олқылықты тұстарын түзетуге атсалысқан болатын.

Бақытжан аға осы мәселе жөнінде де және кесенеге «Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі» мәртебесін беру жөнінде де ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа және облыс әкімі Ө.Шөкеевке де хат жолдаған. Осылайша тарихи қаламыздың тағдырына алаңдаған ағамыздың бұл жылдардағы еңбегінің нағыз кемеліне келген кезең болды. Бұдан кейін «Зияратшылар орталығы» ЖШС директоры, «Түркістан» қонақ үйінің басшысы қызметін атқарды.

Қазіргі таңда, қала әкімдігінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ басшысы қызметін атқарып келеді. Құрамында 20 үкіметтік емес ұйымдары бар, «Асыл діңгек» үкіметтік емес Ассоциациясының президенті қызметін қоса атқаруда.

Бүгінде өмірлік серігі Қарлығаш Қасымбекова екеуі 43 жыл саналы да өнегелі ғұмырларын бірге өткеріп келеді. Екі ұл, екі қызды тәрбиелеп, олардан 13 немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Ұл-қыздары дәрігер, инженер-механик, аудармашы сынды салалардың беделді мамандары.

Бақытжан Жүнісовтың қоғам игілігіне бағыттап отырған ерен еңбектері туған өлкенің өркендеп, өсуіне өзіндік үлесі бар деуге болады. Осынау игілікті істе қанатыңыз талмай, қажыр-қайратыңыз қашанда арта берсін деп тілек білдіреміз. Шығар шыңдарыңыз әрқашанда биік болғай.

Арайлым МЕЙРАМХАНҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *