Түркістандағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде NIS түлектері бас қосқан «Samgau» форумы өтті

Түркістандағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «EdGiving Alumni NIS: білім мен тәжірибені тарату үшін мектепке қайта оралу» тақырыбында «SAMGAU» түлектер форумы өтті. Аталған форум мақсаты NIS-тің бір шаңырақ астында түлектер мен оқушылар арасында берік байланыс орнату болып табылады.

Форумның ашылу салтанатында мектеп директоры Балкан Касимов алғысөз сөйлеп, NIS түлектері бас қосқан аталмыш форум түркістандық зияткерлерге берері мол екеніне сенім білдіріп, сәттілік тіледі. Онымен қоса, Alumni NIS бойынша сұрақтарға жетекшілік ететін корпоративтік қордың аға менеджері Асем Жакупова «Giving» концепциясын түсіндіруде оның маңызына тоқталып, түлектер қауымдастығының бірқатар жобаларын таныстырды.

Айта кетейік, ашылғанына 1 жыл толған Түркістандағы NIS үшін бұл форум жас зияткерлерге жан-жақты дамуға жаңа серпін сыйлады. Сондай-ақ форумға Шымкенттегі химия-биология және физика математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектері белсене қатысып, түркістандық NIS оқушыларына өз тәжірибелерімен бөлісіп қана қоймай мотивациялық тілектерінде жеткізді:

 

  • Мектеп берген әрбір білім мен тәрбие, құндылықтар тұлға ретінде қалыптасуда үлкен маңызға ие. Осы тұста жас зияткерлерге берер кеңесім әзірден алға қойған нақты мақсаттарыңыз болсын. Мектеп берген барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, қалыс қалмауға кеңес беремін. Себебі NIS қабырғасында өткен жобаларға белсене қатысқанымның арқасында өз тәжірибемде септігін тигізуде, дейді Шымкенттегі химия-биология бағытындағы NIS-тің 2018 жылғы түлегі Жайна Арыстан.

Ал, Шымкенттегі химия-биология бағытындағы NIS-тің 2016 жылғы түлегі Сымбат Қаңлыбай түркістандық зияткерлерге қолайлы мүмкіндікті жіберіп алмас үшін «жоқ» деген сөзді қолданбауға кеңес берді:

 

  • Алдарыңа келген қандай да бір мүмкіндік болмасын «жоқ» деген сөзді қолданбаңыздар. NIS-тің берген барлық білім ресурстары мен мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға кеңес беремін. Себебі мектеп қабырғасында жасалған әрбір жетістігің ертеңгі болашағыңа деген нық қадам дегім келеді, деді Сымбат Қаңлыбай түркістандық зияткерлерді өз сөзімен қанаттандырып.

 

Форум  бағдарламасы бойынша түлектер өз салалары бойынша сессиялар жүргізіп, зияткерлерге оқуға түсумен қатар мамандық пен университетті таңдаудағы тәжірибелерімен бөлісті.

Шара соңында мектептің мәжіліс залында Түркістандағы NIS оқушылары форум жайлы кері байланыс беріп, өз әсерлерін жеткізді:

 

  • Бүгін мектебімізде ұйымдастырылған «Samgau» түлектер мен форумы мен үшін түлектерден аларым көп болған басқосу болды. Бұл кездесу тек мамандық таңдаудан ғана емес, болашақта алған қойған мақсатымды одан әрі айқындауға көмектесіп, жан-жақты тұлға болып қалыптасуыма үлкен із қалдырды. Зияткерлер ордасына тәжірибеммен бөлісемін деп келген барлық түлектердің бөліскен ойлары залда отырған әрбір оқушыны жігерлендіріп, мамандық таңдау жолында туындаған сұрақтарына жауап болды, дейді 10 сынып оқушысы Аружан Жарылқап форумнан алған әсерімен бөлісіп.

 

Басқосу соңында форумға қатысушы түлектер мен оқушылар бірлесе Назарбаев Зияткерлік мектептерінің әнұранын орындады.

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған