АБАЙТАНУШЫ ОМАР ЖӘЛЕЛҰЛЫ АДАЛДЫҚ АЯСЫНДА КИЕЛІ ӨҢІРДІҢ ЖАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

 

Ағымдағы жылдың 15 қыркүйек күні «Жалын» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Халықаралық туризм және меймандостық университетінде филология ғылымдарының кандидаты, Абайтанушы Омар Жәлелұлының қатысуымен өңір жастарына адалдық, парасаттылық құндылықтары және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша келелі кездесу өтті.

«Адал ұрпақ – егемен елдің ертеңі» тақырыбында өрбіген игі шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, Департаменттің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов, «Түркістан – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі мен менеджерлері, Халықаралық университеттің оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

«Жалын» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілген кездесудің негізгі мақсаты – жас буын жастарды парасаттылық, әділдік құндылықтары негізінде рухани кемелдендіру және Отанға адал қызмет етуге жұмылдыру.

Ар тазалығы мен адам бойындағы ең ізгі қасиеттер сөз болған келелі шарада Омар Жәлелұлы ұлтымыздың ұлы перзенті Хәкім Абай Құнанбайұлының шалқар шығармашылығынан үзінділер келтіріп, қазақтың бас ақыны өскелең ұрпақтың адал болмыс иесі болуын өсиет еткендігін тілге тиек етті.

Рухани басқосуда Жаңа Қазақстанның бастау бұлағы – бүгінгі жастар екендігі ортаға салынып, ел дамуын тежейтін қоғам дертіне төтеп берудің тиімді тетігі – саналы, парасатты ел жастарын тәрбиелеп шығару екендігі баса атап өтілді.
Жастар санасын жаңғыртуға сеп болған кездесу соңында жиынға қатысушылар бірқатар сауалдарын жеткізіп, өз ұсыныс-пікірлерін ашық ортаға салды.

Шараны қорытындылаған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Ержан Жүнісов белгілі ғалымның адалдық қағидатын қалыптастыруға бағытталған арнайы дәрісі үшін айрықша алғыс білдіріп, киелі өңір жастарын жемқорлықтың алдын алуда белсенді болуға шақырды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған