САУРАН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ҰОС АРДАГЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Өмірдің ыстық-суығына төзіп, талай сыннан сүрінбей өткен ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне деген құрмет ешуақытта толастамайды. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Ұлы Отан соғысының ардагері Закир Мусаевтың отбасына арнайы барып, құттықтады.

Ескі Иқан ауылының тұрғыны, 100 жастағы Закир ата аудан басшылығын қуана қарсы алып, жауынгерлік жолдарынан сыр шертті. Аудан басшысының өзін арнайы құттықтап келгеніне риза болып, алғысын айтып, “Еліміз аман, жастарымыз бақытты өмір кешсін. Бейбіт заман болсын” деп батасын берді. Аудан әкімі Отан үшін кеудесін оққа тосып, бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгерге алғысын білдіріп, сый-сияпатын табыстады.

Закир Мусаев 1943 жылы Кеңес әскері сапына шақырылып, қыркүйек айында соғысқа аттанған. Соғыс аяқталған соң, 1950 жылға дейін Германияның Дрездин қаласында МВД ғимаратында күзетші болып жұмыс істеген. 1950 жылы елге оралып, Калинин колхозында есепші болып жұмыс атқарды. ХХІІІ партсъез совхозы Иқан мақта пунктінде 35 жыл есепші болып жұмыс істеген. 1985 жылы 31 маусымда зейнетке шыққан.

Бүгінгі таңда ұл-қыздарының ортасында өмір сүріп жатқан атамыздың ойы – сергек, санасы – тың. Ұрпағы мен елінің тыныштығын тілеп отырған жайы бар.
Ақ тілегін аямаған қазыналы қарияның көрер қызығы таусылмасын деп ақжарма ниетімізді білдірдік.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған