ТҮРКІСТАН: ОТБАСЫЛЫҚ БАЙҚАУ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ


Қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен отбасылық өнер байқауы болып өтті.
Адамның тұлғалық қасиетінің қалыптасуына әсер етуші фактор – отбасы. Ол – адам баласының дүниеге шыр етіп келгенде, есігін айқара ашып енетін қасиетті мекені. Бала кішкентай кезінде көрген-түйген дүниелерін кейін өзі бөлек отау құрғанда жаңа отанына алып барады. Сол себепті, отбасылық тәрбиенің – әулет, ұрпақ, ағайын, мемлекет, Отан алдында маңызы өте терең болып саналады.
Атаулы байқауды ұйымдастыру арқылы өнегелі құндылықтарды жаңғырту және отбасы мен некенің жағымды үлгісін тарату, отбасы мәртебесін арттыру басты орынға қойылды. Отбасылық құндылықтарды насихаттау, балаларды еңбекке баулу, егде жастағы ата-аналарына қамқор болуды дәріптеуге де баса назар аударылды.
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев байқау қатысушыларына сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйледі.
Байқауға қаламыздың өнегелі отбасылары – Тлеулиевтер, Өсербаевтар, Жақыповтар, Тулежановтар жанұялары қатысты. Олар үш кезең бойынша сайысты. Әуелі, «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» атты таныстыру кезеңінде өздерін таныстырды. Одан соң, «Өнерлі өрге жүзер» кезеңінде өнерлерін көрсетті. Ал, үшінші кезеңде отбасындағы отағасының сүйікті тағамдары мен күзгі өнімдерден дайындаған салаттарды ұсынды.
Қатысушылардың барлығының да үлкен дайындықпен келгені байқалып тұрды. Өнегелі отбасылар тарапынан тәрбиелік тағлымы мол қойылымдар қойылып, ұл-қыздарының орындауында ұлы ақын Абай Құнанбаевтың қарасөздері мен танымал ақын Қалқаман Сариннің өлеңдері жатқа оқылып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлап, рухани демалуға зор үлесін қосты.
Сонымен үш кезеңнің нәтижесі бойынша, қазылар әділ шешімін шығарды. Қалалық әйелдер алқасының төрайымы Ұлжалғас Мұстафаева, облыстық аналар кеңесінің төрайымы, педагогика ғылымдарының кандидаты Гүлсара Тоққұлова, Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының актері Шакен Амантұров қазылық еткен сайыстың қорытындысы бойынша бас жүлдені – Жақыповтар отбасы қанжығасына байласа, бірінші орынды Тулежановтар отбасы иеленді. Ал, Өсербаевтар отбасы екінші орынды, Тлеулиевтер отбасы үшінші орынды иеленіп, мерейлері тасыды.
Қалалық мәдениет үйінің директоры Лиза Шамет байқауға қатысып бағын сынаған отбасылар мен қазылық еткен әділ қазы мүшелеріне алғысын жеткізді. Барлық жеңімпаз отбасылар қаржылай сый-сыяпаттармен марапатталып, үлкен ықыласқа бөленді.
Иә, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылғы соңғы Жолдауында отбасын қорғау және бала капиталын қалыптастыруға ерекше мән берді. Мұндай қолдау әрбір қазақстандықтың өз болашағына деген сенімін нығайта түсетіні сөзсіз. Ал, осындай халық игілігіне бағытталған игі шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп сенеміз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған