БІЛІМДІ ҰРПАҚ — ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ


Жақсы маман қай кезде де сұранысқа ие. Мамандардың бәрі бірдей мықты болып кете алмайды. Олардың саны әр салада жеткілікті болғанымен, өз ісінің нағыз шеберлері аз.
Табыс – көп оқу, іздену еңбектенудің арқасында келеді. Қай кезеңде, қай қоғамда болсын жеке тұлғаның қалыптасуы ұстаздан басталады. Білім саласындағы түбегейлі өзгерістер ұстазға үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өздігінен білім алатын, жан-жақты ізденетін, алдағы өмір жолын өзі болжай алатын тұлға тәрбиелеу – ұстаздың қолында.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың білім саласына негізделген тапсырмаларының бірі педагогтердің біліктілігін арттыру мерзімін 5 жылда бір реттен 3 жылда бір ретке дейін өзгерту болатын. 1 тамыздан бастап мұғалімдерді оқыту басталған болатын. Пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға арналған тегін курстарды өткізу жалғасын табуда.
Түркістан қаласы Адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты №16 Т.Бигелдинов атындағы жалпы орта мектеп базасында, қыркүйек айының 12-23 жұлдызы аралығында, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен орыс тілі мен әдебиеті пән мұғалімдеріне арнайы «Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің 5-9 сыныптарындағы күрделі тақырыптары» атты курс өткізілді. Курсқа Түркістан қаласы мен Созақ ауданынан 30 ұстаз қатысып білімдерін шыңдады. Ұстаздарға тренер Рахимжанова Гүлфариза Қозыбайқызы дәріс берді. Бұл курс ұстаздардың өз пәнін жетік білуі үшін, өз пәніне шәкірттерінің қызығушылығын ояту, маман болуға қажетті дағдыларды дамытуға керемет мүмкіндік болғаны сөзсіз. Мұғалімнің кәсіби шеберлігі оқушының мектепте ғана емес, өмірде де табысты болуына ықпал етеді. Осы орайда біліктілікті арттыру курстарының маңызы зор.
Халықаралық және ұлттық білім жетістігін бағалауда сонымен қатар оқу сауаттылығында Қазақстан оқушылары төмен көрсеткіш көрсетті. Білім сапасында жоғары нәтижеге қол жеткізу-ұстаздың құзыреттілігнде.
Курс мұғалімдерді сапалы дайындау маңызды шарттардың бірі болып аталып, сол себепті осы оқу бағдарламасы орыс тілі мен әдебиеті пән мұғалімдерінің күрделі тақырыптарды меңгеруде құзыреттілігі мен білімділігін арттыруға негізделді.
Курс соңында оқытудың тиімділігіне талдау мен мұғалімдердің алған біліміне қорытынды бағалау жүргізілді. Мұғалімдер тест тапсырып, барлық бөлім бойынша шекті балл жинап сертификат алды.
Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттеліп отыр. Оқушылардың бойына өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектенуі керек. Оқу бағдарламасы аясында тек өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады.
Ата – бабамыз «Оқу инемен құдық қазғандай» демекші, шығармашыл, ізденімпаз ұстаз ғана табысты болады, нәтижеге жетеді.
Ұстаздардың құзіреттілігін көтеру мақсатында үйымдастырылған жұмыстары үшін ҚР Оқу-ағарту министрі Аймағанбетов Асхат Қанатұлына және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының директоры Мухаметжанова Әсел Зейнуловнаға алғысымызды білдіреміз.
С. НАЛИБАЕВА,
Түркістан қаласы
С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінің
орыс тілі мен әдебиеті пән мұғалімі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *