ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ҚАЛАСЫНДА ӨНДІРІС ӨРКЕНДЕП КЕЛЕДІ

Арыс қаласына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім беру нысанының құрылыс жұмыстарымен танысты. Өңір басшысы сапар барысында жауапты мердігер мекеме  мен жобаны үйлестіруші «Самұрық-Қазына» қорының өкілдерімен түйткілді мәселелерді талқылады. Облыс әкімі кемшіліктерді ашық айтып, олардың шешу жолдарын қарастыруды, бірінші кезекте жұмыс сапасына мән беруді тапсырды. 

Салынып жатқан заманауи білім ордасы 600 орынға лайықталған. Құрылысы өткен жылы басталған мектеп ғимараты күзде пайдалануға берілмек.

Айта кетейік, биыл «Наурыз» тұрғын ауданынан «Жайлы мектеп» жобасы аясында тағы бір жаңа мектептің құрылысы басталады. Одан бөлек, «Отырар» тұрғын ауданында да 600 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, И.Журба мектебінде 300 орындық қосымша корпус құрылысы, Онтам шағын ауданынан жеке кәсіпкер есебінен 200 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, жеке инвесторлар есебінен 2 мектеп пен 5 балабақша салынбақ. Осылайша Арыс қаласында мектеп тапшылығы мәселесі толық шешімін табады.

Арыс қаласындағы «Барыс» шағынауданында жеке инвестор есебінен тұрғын үй салынып жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласына жасаған іссапары аясында құрылыс алаңына барып, үйлердің заманауи дизайнмен орындалуына, тұрғындарға қауіпсіз әрі қолайлы болуына ерекше мән беру керектігін ескертті. 60 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

10 мың тұрғын табиғи газ тұтынады

Таяуда Арыс қаласындағы 6 шағынаудан тұрғындары газға қолжеткізді. 2020 жылдан бері тоқтап тұрған нысанды іске қосу үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен маңызды жобаның жұмысы қайта жанданды. Нысан құрылысын аяқтап, әрі қарай халықты табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі «Жібек жолы – Келес газ» мекемесіне сенімгерлік басқаруға берілді. Мекеме міндетіне Арыс қаласының тұрғындарын үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз ету және техникалық қажеттілігіне байланысты жөндеу (реконструкция және т.б.) жұмыстарын жүргізу кіреді. Компания қазан айының соңына дейін 45 мыңнан астам тұрғынды 100 пайыз газбен қамтуды жоспарлап отыр.

Осы күні Арыс қаласындағы «Почтовый», «Сырдария», «ШПЗ», «Хлопком», «Наурыз» тұрғын аудандарына табиғи газ берілді. Яғни бір күнде екі мыңға жуық тұрғын үй немесе 10 мыңға жуық тұрғын газбен қамтылды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды іссапар барысында тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

Түркістан облысында жылдар бойы тоқтап тұрған 40-қа жуық газ нысандарының проблемасы шешілді. Бір жарым жылдың ішінде саладағы «сақалды құрылыстар» ретке келтіріліп, 120 мың тұрғын үй табиғи газбен қамтылды. АГРС проблемасы жақын уақытта толық шешілмек.

– Бүгін расында көптен күткен қуанышты күн. Бұл мәселенің маңыздылығын түсініп, аз уақыт ішінде құрылысы аяқталмай тұрған инфрақұрылым нысандарын қайта қолға алдық. Басталған іс біту керек. Облыс аумағындағы мұндай нысандар кезекпен шешілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауылды дамытуға күш салынған. Бұл жұмыстар тоқтамайды, – деді Дархан Амангелдіұлы.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *