ОБЛЫСТА БИЫЛ 1 МИЛЛИОН ТҮПТЕН АСА КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ

Түркістан облысында биыл 1 038 870 түп түрлі тал көшеттерін отырғызу жоспарланған. Оның 522 935 түбі – көктем айларында егілсе, күз айларында – 515 935 түп көшет егілмек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы аясында 2021-2025 жылдар аралығында облыста 1,5 миллион түп көшет отырғызу көзделген. 
Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген. Аталған іс-шара аясында өңірдегі 852 елді мекеннің шамамен 90%-ын көгалдандыру үшін 4 млн. түптен астам көшет егу жоспарланған. Бұл жайында арнайы өткізілген брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев мәлімдеді.
Сондай-ақ, басқарма басшысы республикалық «Таза Қазақстан» экоакциясының «Жасыл аймақ» апталығы аясында біршама жұмыстардың атқарылатынын жеткізді.
 «Жасыл аймақ» апталығында атқарылатын жұмыстар негізінен елді мекендерді тазалау, әктеу, сырлау, көшет егу, ағаштарды ретке келтіру, түптерін қопсыту, суару жүйелерін реттеу, қоршауларын қалпына келтіру бағытында жүргізіледі. Бір күнде бір гектар орман ауадан 120-280 келі көмірқышқыл газын сіңіріп, бойынан 180-200 келі оттегін шығарады. Тіпті, бір ағаштың өзі 3 адамның тыныс алуына жеткілікті оттегін бөледі. Жүргізіліп жатқан көшет егу жұмыстары өңіріміздің экологиясын жақсарту, тұрғындардың денсаулығын түзеу бағытында үлкен маңызға ие, – деді Қайрат Амангелдіұлы.
Сонымен қатар, өткен «Киелі мекен» апталығының қорытындысын облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков баяндады.
– 15-20 сәуір аралығында өткен апталыққа облыс көлемінде 22 мыңнан астам азамат қатысып, 496 техника жұмылдырылды. Жалпы 226 көлемді іс-шара өтті. Нәтижесінде облыстағы 1 410 көшенің бойлары тазаланып, 7 816 түп ағаш отырғызылды. 16 508 түп ағаш әктеліп, 40 024 шаршы метр аяқжол тазаланды. Сондай-ақ, 346 саябақ пен скверлер, 244 балалар және спорт алаңшалары ретке келтірілді. 176 шақырым болатын, өзен-каналдар мен бұлақтардың арналары, көпірлер, 517 көпқабатты тұрғын үй аумақтары мен аулалары, жертөлелері тазаланды, – деді ол.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *