Олжас Бектенов егіс науқаны туралы: Субсидиялар саланың ірі ойыншыларының табыс көзіне айналмай, ауыл тұрғындарының мүмкіндіктерін кеңейтуі тиіс
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, сондай-ақ Түркістан, Ақмола және Қостанай облыстарының әкімдері егіс науқанының барысы туралы баяндады.
2024 жылдың болжамды егіс алаңы 23,8 млн га құрайды. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бидайдың егістік алаңдары биыл қысқарады, алайда майлы дақылдар алаңын 373 мың гектарға және азықтық дақылдарды 66 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Бүгінгі таңда Қазақстанның кейбір өңірлерінде егіс жұмыстары жүргізіліп жатыр, 1,5 млн га жерге егілді. Ал жаппай егіс науқаны осы жылдың мамыр айының екінші онкүндігінде басталады.
Осы тұста, өткен жылы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған даму тұжырымдамасының жобасы әзірленген болатын. Аталған жиында Тұжырымдаманы жүзеге асыру барысы талқыланды. Аталған құжатқа сәйкес, алдағы 5 жылда Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есеге, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту көзделіп отыр. Өңір басшысы жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.
– Өңірімізде ауыл шаруашылығы саласын жан-жақты дамытудың барлық жолы, тәсілі қарастырылады. Тұжырымдама нақтыланып, толықтырылады. Ол үшін мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, қайта өңдеу және өзге де салалар бойынша сарапшылардың ақыл-кеңесі назарға алынады. Бұл ретте аудан, қала әкімдері өздеріңіз басқаратын аймақтың ерекшелігіне сай нақты ұсыныстарды берулеріңіз керек. Кейбір аудандарда агроиндустриалды аймақ ашамыз, кейбір аудандарда жеке шаруашылықтарға басымдық береміз. Қосымша жылыжай шаруашылықтарын дамыту үшін газ, энергия мәселелеріне жеңілдіктер қарастыру көзделіп отыр. Екіншіден, былтыр біраз ауданда ауыл шаурашылығы бойынша жоспар орындалмады. Инвестициялық жобалар аз. Сондықтан жауапты орынбасарға осы салаға қатысты жұмысты жандандыруды тапсырамын. Өз міндетін дұрыс атқармаған аудан, қала әкімдіктеріндегі жауапты басшылардың жұмысы қадағалансын. Биылға жоспарланған индикаторлар толық жүзеге асырылуы тиіс. Тұжырымдаманы толықтыру жұмысы жеделдетілсін. Бұл – облыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін маңызды жоспар, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, тұжырымдамаға сәйкес, АӨК негізгі капиталы мен тамақ өндірісіне тартылған жеке инвестициялар көлемін 6 есеге арттыру межеленген. Яғни, 84,9 млрд. теңгеден 481,1 млрд. теңгеге дейін көбейтілмек. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемін 1,03 трлн. теңгеден 2,12 трлн. теңгеге дейін көбейту жоспарланып отыр. Ал АӨК қайта өңделген өнімдерінің экспорты 136,9 млн. АҚШ долларынан 310,5 млн. АҚШ долларына жетеді деген жоспар бар.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру арқылы егіс көлемі 869,8 мың гектарға жеткізіледі (2022 ж. 859,9 мың га), мақта дақылы 46,3 мың гектарға қысқартылып, дәнді дақылдар, көкөніс, бақша және малазықтық дақылдардың көлемі ұлғаяды. Жылыжайлар көлемі 1569 гектардан 2118,6 гектарға ұлғаяды (+ 550 гектар), қарқынды баудың көлемі 4740 гектардан 8520 гектарға жеткізіледі (+3780 гектар). Мақта талшығын терең қайта өңдеу көлемін 17,0 мың тоннадан, 66 мың тоннаға арттыру жұмысы жүреді. 5 жылда 12 тоқыма тігін фабрикасын ашу, мақта шаруашылықтарын 2027 жылдан бастап жергілікті элиталық тұқымдармен 100 % қамтамасыз ету жоспарланған. 5 жылда жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу үлесін 0,23 %-дан 10 %-ға, ет өнімдерін өңдеу үлесін 12,3 %-дан 34,0 %-ға, сүт өнімдерін өңдеу үлесін 13,6 %-дан 31 %-ға ұлғайту көзделген.
Аудан, қала әкімдіктерінен алдын ала 2023-2027 жылдарға жалпы құны 320 млрд. теңгені құрайтын 109 жоба инвестициялық жоба тізімі анықталды. Оның ішінде өткен жылдың есебі бойынша құны 29,4 млрд. теңгені құрайтын 36 жоба енгізілген болатын. Инвестициялық жобалар тізімін кеңейту, өзектендіру жұмыстары жалғасататын айтты.
Дәл осы тұста Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров әкімдіктердің деректері бойынша бүгінгі күні қажетті 2,4 млн тонна тұқымның 99%-ы бар екенін баяндады. Қалған көлем Азық-түлік корпорациясының резерві есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар бүгінгі таңда шаруаларға барлығы 453 мың тонна тыңайтқыш тиеп-жөнелтілді.
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, биылға арналған жоспар 1,5 млн тонна минералды тыңайтқышты құрайды, оның ішінде 900 мың тоннасы отандық зауыттардың өніміне тиесілі. Бұл бағыттағы жұмыс тек Қызылорда облысында ғана толық аяқталды. Қалған әкімдіктерге жұмысты жеделдету қажет.
ҚР АШМ деректері бойынша, егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарында 150 мың трактор, шамамен 5 мың жоғары өнімді егіс кешені, 76 мың сепкіш, 219 мың топырақ өңдеу құралы бар. Бүгінгі таңда өңірлердің ақпараты бойынша техниканың дайындығы шамамен 98%-ды құрайды, жаппай егіс жұмыстарының басталуына қарай аталған техника 100% дайын болуы керек.
Егістіктерді химиялық өңдеу үшін мемлекет пестицидтердің құнын 50% мөлшерінде субсидиялау түрінде қолдау көрсетеді. Бұл қолайлы фитосанитариялық жағдайды сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2023 жылы шегірткелердің таралу аумағының үлкен болуына байланысты, биыл 2,5 млн га алаңда химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Аталған жұмыстарды жүргізу үшін барлық қажетті ресурстар бар.
2024 жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жеңілдікті дизель отынының көлемі шаруалардың «Gosagro.kz» ақпараттық жүйесі арқылы берген электрондық өтінімдері негізінде дайындалды. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша фермерлерге биыл жеңілдетілген дизель отынының көлемі қосымша 36 мың тоннаға – 376 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Оның құны литріне 250 теңге деңгейінде сақталады, бұл нарықтық бағадан литріне 45 теңгеге немесе 15% арзан. Облыстарды тиеп-жөнелту бойынша МӨЗ-ге бекіту кестесі бекітілді, бүгінде 52% жөнелтілді.
Энергетика министрлігінің деректері бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің атына жөнелту басым негізде жүзеге асырылады және тұрақты бақылауда болады.
Көктемгі егіс жұмыстарын қамтамасыз ету үшін Үкімет 140 млрд теңге бөлді. Форвардтық сатып алу бағдарламасына 40 млрд теңге көзделген. Осыған байланысты Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, егіс науқанын дер кезінде сапалы жүргізу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. АШТӨ тиімді субсидиялауға ерекше назар аудару тапсырылды.
«Субсидияларды бөлу бойынша барлық құқықтар әкімдіктерге берілгендіктен, Сізге, Айдарбек Сейпілұлы, әкімдермен бірлесіп, шаруаларға тиесілі субсидияларды әділетті және тиімді бөлу мәселесін қатаң бақылауға алу қажет. Қаржы осы саладағы ірі ойыншылардың табыс көзіне емес, ауыл тұрғындарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, шығарылатын өнім көлемін арттыруға ықпал етуі тиіс», — деді Олжас Бектенов.
Облыстардың әкімдіктеріне шағын және орта деңгейдегі қожалықтарға назар аударып, шаруалардың барынша ауқымды бөлігін қамту тапсырылды.
Премьер-Министр ауа райының ұзақ мерзімді болжамын ескере отырып, егіс жұмыстарын дұрыс жоспарлауға назар аударды.
Республиканың оңтүстік өңірлерін, оның ішінде ұзақ мерзімді перспективада суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар Үкіметтің ерекше бақылауында.
«Оңтүстік үшін сумен қамтамасыз ету мәселесі маңызды. Жамбыл облысында былтырғыдай жағдай қайталанбауы тиіс. Су ресурстары және ирригация министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, еліміздің оңтүстік өңірлерінде, оның ішінде ұзақ мерзімді перспективада суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Отандық зауыттарда тыңайтқыштардың жетіспеуі себебінен ауыл шаруашылығы өндірушілерінен келіп түскен шағымдар аясында Үкімет басшысы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сұранысқа ие тыңайтқыштар өндірісінің көлемін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Әкімдіктер тыңайтқыштар мен жеңілдікті дизель отынын жөнелтуді жеделдетуі қажет.
Фитосанитариялық жағдай бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, шегірткелердің таралу орындарын анықтауға қосымша ресурстарды жұмылдыру және өңдеу жұмыстарын бақылауға алу тапсырылды. Республикалық бюджеттен үйірлі шегіртке зиянкестерімен күресуге биыл 8,1 млрд теңге бөлінді.
«Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу бойынша барлық мәселелер жедел шешімін тауып, тұрақты бақылауда болуы тиіс. Туындаған мәселелерді Жедел штаб жұмысы аясында шешу қажет», — деп тапсырды Премьер-Министр.