Жалпы, университетте 2018-2021 жылдар аралығындағы Scopus базасында индекстелетін журналдарда 460 мақала жарық көрген. Оның ішінде 2021-2022 оқу жылы 146, ал, 2022-2023 оқу жылында 135 ғылыми мақала жарық көрді Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда 14%-ға артты.Университетте импакт факторлы журналдарда жарияланған ғылыми мақала және патент авторларын марапаттау бойынша ынталандыру қаражаты 900 000 теңгеге дейін арттырылды. Нәтижесінде 2020 жылы 1,5 млн тенге болған жарияланымдардың ынталандыру қаражат көрсеткіші 2021-2022 жылы 9 млн 700 мың тенгеге, 2022-2023 оқу жылында 10 млн теңгеге артты.
«Университеттің ОПҚ, қызметкерлер мен докторанттардың ғылыми жарияланымдарын ынталандыру бойынша ішкі грант» Ережесіне сәйкес, Медицина факультетінің PhD Ф.Саржановтың «PLoS Neglected Tropical Diseases, T15, V.10, October 2021» журналындағы процентиль көрсеткіші 93, жарияланған мақаласына университет тарапынан 2420 АҚШ доллары көлемінде жарнасы төленді.
Университет ғалымдарының еңбектерін жариялауға қолдау көрсету мақсатында «Тұран» баспаханасының жұмысын жандандыру бойынша бірқатар жұмыстар жүйеге келтірілді. Атап айтар болсақ, қабылданған шешімге сәйкес, университетіміздің ғалымдары дайындаған оқу құралы, оқулық, монография тағы басқа еңбектерін университеміздің есебінен басып шығаруға қолдау көрсетіледі. Мысал ретінде Тарих кафедрасының профессор м.а. М.Жолсейтованың «Қазақстанда халық-ағарту ісінің қалыптасуы мен даму тарихы» атты монографиясы «Тұран» баспаханасынан университет есебінен 100 дана шығару үшін шешім қабылданды. Сондай-ақ, ғылыми-зерттеулердің сапасын арттыру және докторанттардың дәр кезінде диссертацияларын қорғау үшін университеттің бұрын жұмыс істеп келген бірнеше ережелеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Атап айтар болса, «Жоғары білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша МҒЗЖ, ДҒЗЖ жүргізу туралы» Ережесі жаңартылды. Жоғары білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша диссертация/жоба тақырыбы және ғылыми жетекшісі туралы Ережесі дайыпдалып Сенатпен бекітілді. Диссертациялық кеңес туралы Ережесі талаптарға сәйкестендірілді. Жоғары білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша диссертация/жоба дайындау туралы Ережесі бекітілді.
2023 жылғы ақпанда “Тұрақты даму” ғылыми-зерттеу орталығының регламенті дайындалып, Өкілетті Кеңеспен бекітілді. Сәуірде БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдіктерінің басшылары және Германия, Солтүстік Македония секілді елдердің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшілерінің қатысуымен аталған Орталықтың салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. БҰҰ тарапынан 2015 жылы жарияланған Тұрақты даму мақсаттары бойынша университетте атқарылып жатқан үлкен жұмыстар бар, енді ол жұмыстар осы Орталық аясында жалғасатын болады.
Университетімізде бірнеше жылдан бері коммерцияландыру офисі жұмыс істейді. Бұл бағытта біршама оң тәжірибелер жалғасын тауып келеді. Осы коммерцияландыру гранты негізінде Экология ҒЗИ қызметкері, техн.ғ.д., профессор Г.Саинова «Қызыл калифорниялық құрттардың дәрумендендірілген биомассасы мен ақуызды азықтық вермиқоспаларды гранула түрінде өндіру» деген жобаны орындаған. Жоба нәтижелі аяқталды. Қор тарапынан берілген қаржы игеріліп, патенттелген заманауи өндірістік институт жанында цех жүйелі жұмыс істеп жатыр. Институт биогумус, азықтық қоспа өндіруде. ҒЗИ кейінгі үш жылда Ғылым қорының комерцияландыру бағыты бойынша берілген ғылым грантын жеңіп алып осы бағытта іргелі жұмыстар жүргізіп келеді Жаратылыстану факультеті биология кафедрасының доцент м.а., PhD Н.Салыбекова «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Ботаникалық бағының базасында Оңтүстік Қазақстанның қуаңшылық жағдайында отырғызуға арналған сәндік дақылдардың бейімделгіш және стреске төзімді көгалдандыру материалдарын жеделдете өсіру» тақырыбындағы ғылыми жобаларын ойдағыдай сәтті аяқтады.
Осы офистің шеңберінде ғалымдарымыз әрекет етуші интеллектуалдық меншік бойынша 29 республикалық патент, 121 авторлық құқық берілді. Университет тарапынан 2015-2021 жылдар аралығында шетелдік жоғары оқу орындарымен 146, Қазақстан Республикасы ҒЗИ және басқа да мекемелермен 26 Меморандумға қол қойылып, келісім-шарттар түзілді.
Ерекше атап өтер жайт, әлемдік жоғары оқу орындарының жыл сайын шығып отыратын рейтингтерінде алға жылжып, бұрын-соңды болмаған нәтижелерге қол жеткіздік. Мәселен, Quacquarelli Symonds (QS) Emerging Europe and Central Asia (EECA) University Rankings рейтингінде бірден 45 позицияға алға жылжып, былтырғы 175-ші орыннан биыл 130-шы орынға көтерілдік. Сонымен қатар, QS World University Rankings by Subject рейтингіне ілініп, елеулі серпіліс жасадық. «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» (Arts & Humanities) салалық рейтингінде 362-ші орынды, «Заманауи тілдер» (Modern Languages) пәндік рейтингінде 201-250 аралығындағы позицияны, «Білім және оқыту» (Education and Training) пәндік рейтингінде 301-350 аралығындағы позицияны иелендік. Ал бірнеше күн алдын ғана нәтижесі жарияланған әлемдегі ең әрі ықпалды әлемдік университет рейтингісі – QS World University Rankings-те алғаш рет ең үздік 1000 университет қатарына еніп, 701-750 аралығындағы позицияны иелендік. Әрине, бұл жетістіктер – жоғары білікті ұжымымыздың жылдар бойы жасаған еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз, дейді вице ректор бізбен сұхбатында.
Уиверситеттің Ботаникалық бағы – аймақтағы өсімдіктердің көбеюіне экологиялық жүктемені азайтуға және жағдайды жақсартуға бағытталған арнайы жоба болып табылады.
Түркістан облысы Қазақстанның экологиялық қолайсыз алты аймағының бірі. Қазақстанның оңтүстігіндегі шөлді дала жағдайлары өсімдік ағзаларына әсер ететін қолайсыз факторлардың ерекше күрделі жиынтығымен ерекшеленеді. Осыған орай, экологиялық ауыртпалықты азайту және өсімдіктерді көбейту жағдайын жақсарту мақсатында 1994 жылы университемізде ауданы 88 гектарды құрайтын ботаникалық бақ құрылды. Бүгінде Түркістан ботаникалық бағы биологиялық және экологиялық мәселелерді шешуге арналған танымдық ғылыми орталық болып танылды. Бұл пікірді Қазақстан ғана емес, Ресей және Өзбекстан ботаниктері мақалаларында жазып, түрлі мінберлерден айтып та жүр.Ботаникалық бақта сәндік ағаштар мен жеміс-жидек дақылдарын өсірудің ғылыми негізделген әдістері, сондай-ақ осы ағаштарға сапалы тұқымдық материал алудың жеделдетілген технологиялары әзірленеді. Бүгінгі таңда университет ғалымдары Түркістан қаласын абаттандыру әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жобаны жүзеге асыруда. Мәселен, коммерцияландыру жобасы аясында 26 сәндік өсімдіктердің көшеттері дайындалды.
Ботаникалық бақ базасында Ғылым қорының гранты есебінен 282 млн теңгеге ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыру бойынша ірі жоба іске қосылды, оның нәтижесінде Түркістан қаласының төңірегінде «жасыл белдеу» құрылатын болады.
«Университет аймақта ғана емес, елімізде медицина кадрларын даярлауда ірі орталыққа айналып келеді. Осы ретте, медицина кадрларын академиялық, ғылыми және клиникалық даярлаудың интеграцияланған моделін дамыту бағытында құрылған Медицина кластері туралы таратып айтсаңыз» деген сауалымызға университет ғылымының жетекшісі былай деп жауап берді: – Түрік Ынтымақтастық және Үйлестіру Агенттігі (ТИКА) «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Клиника-диагностикалық орталығына «Клиника-диагностикалық орталық жабдықтарын қолдау жобасы» аясында материалдық көмек көрсетті. Түркия Республикасынан келген профессорлар «Анадолыдан атажұртқа денсаулық көпірі» жобасы аясында университетіміздің медицина факультетінде сабақтар беріп, семинарлар өткізіп, науқастарға оталар жасады. Өткен жылы Түркияның Ыстамбул қаласындағы Мармара, Истиние, Жеррахпаша университеттік клиникаларында және Анкарадағы Гази университетінің клиникасында Түркістан облысының 100 дәрігері екі апталық біліктілікті арттыру курсынан өтті.
2023 жылғы 11 наурызда университетіміз бен ҚР Президентiнiң Іс Баскармасы Медициналық орталығының Ауруханасы арасында меморандум түзілді. Серіктестік арқылы университет студенттері мен клиникамыздың мамандары аурухананың базасын пайдалануға, білікті дәрігерлердің семинарларына қатысуға, тәжірибе алмасуға және т.б. мүмкіндіктерге ие болады».