Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне өткен жылды қорытындылап сұхбат берген болатын. Ал ел Президентімен сұхбатты Дихан Қамзабекұлы жүргізді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы, уақытыңыздың тығыздығына қарамастан «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат беруге келіскеніңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Сіздің қоғам
ды толғандыратын мәселелер туралы пікіріңіз қазақ баспасөзі үшін өте маңызды. Сондықтан түрлі тақырыпта өзіңізбен ашық әңгіме өрбіткіміз келеді. Өткен жыл несімен есіңізде қалды?
2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Біз негізгі саяси реформаларды аяқтап қалдық. Конституциялық Сот жұмысын бастады. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайладық. Ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты. Былтыр 700-ге жуық ауыл әкімі сайланды.
Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен мықтап айналыстық. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қолдау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлемақы енгізілді. Табиғатты қорғауға жауапты мекемелердің қызметкерлеріне олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерге қатысты үстемеақы төленетін болды. Медицина қызметкерлерінің, мектепте, колледжде және балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің жалақысы өсті. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді. Негізгі экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде инфляция деңгейін ескере отырып ең төменгі жалақыны анықтайтын әдістеме қабылданды.
Осы жұмыстың бәрі 2024 жылы да жалғасады. Біз тиянақты және жоспарлы әрекет жасаймыз, мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз. Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады.
– Ал жаңа жылдан не күтесіз? Еліміздің алдында қандай міндеттер тұр?
– Мен өткен қыркүйектегі Жолдауымда жаңа экономикалық үлгіге көшетінімізді айттым, 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есеге арттыру мәселесін басты стратегиялық мақсат ретінде белгіледім. Көп ұзамай Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Онда еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылып, алдағы жұмыстың амал-тәсілдері айқындалады.
Ұлттық құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды. Бұған дейін жаздыгүні шақырылып келе жатқан Құрылтайдың отырысын биыл сәл ертерек, көктемде өткізетін шығармыз.
Осылайша, биыл экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салаларда атқарылатын жұмыстың негізгі бағыт-бағдары бірінші тоқсанда-ақ айқындалады.
Біз ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастырамыз. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз.
Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді. Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Сонымен қатар тарихшылардың пайымдауынша, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады. Биыл Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстарын да аяқтаймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмылдырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа.
Осындай маңызды оқиғалардан бөлек, күнделікті атқарылуға тиіс жұмыстар да аз емес. Бұл жылдың ел тарихында қандай орын алатыны барша азаматымыздың ерік-жігеріне де байланысты. Мен жаңажылдық құттықтауымда биыл бәріміз тұтас ұлттың өсіп-өркендеуіне куә болатынымызды айттым. Бірақ осы мақсатқа жету үшін біз бір ел болып, білек сыбана жұмыс істеуіміз керек.
– Қасіретті Қаңтар оқиғасынан бері тура екі жыл өтті. Қаңтар Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірге жол ашқан бетбұрыстың белесі болды. Сіз бұған дейінгі сөздеріңізде, сұхбаттарыңызда сол қайғылы оқиғаға нақты баға бердіңіз. Дегенмен, әлі де бірқатар сұрақ бар. Қаңтар оқиғасына әртүрлі түсініктеме беретіндер де кездеседі. Алмағайып күндерден бері біршама уақыт өтті. Қазір Сіз сол оқиғаны қалай сипаттар едіңіз? Оның басты себебі неде және оған не түрткі болды деп ойлайсыз?
– Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт.
Мен 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз саяси жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкілдері, белсенді азаматтар, сарапшылар қатысты. Түрлі диалог алаңдарында, соның ішінде, менің ұсынысыммен арнайы құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында көптеген бастама көтеріліп, жан-жақты пысықталды.
Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады.
Жоғары лауазымды тұлғалардан тұратын бұл топтың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билікті күшпен басып алуға бел буды. Тергеу мәліметтеріне жүгінсек, олар 2021 жылдың ортасына таман дайындыққа кіріскен. Сосын Үкімет сұйытылған газдың бағасын күрт өсіру туралы жан-жақты ойластырылмаған, құқықтық негізі жоқ шешім қабылдады. Маңғыстау облысында арандатушылардың айтағына ілескен жұрт шеруге шықты.
Сол кезде Үкімет менің тапсырмаммен арнаулы комиссия құрды. Оның мүшелері қоғам өкілдерімен кездесіп, ортақ мәмілеге келу үшін бірден аймаққа барды. Бірақ наразылық шерулері экстремистік сипат алды. Оны қаскөйлер дереу өз мүддесіне пайдаланды.
Бас прокуратураның тергеуінен қаңтар оқиғасының бірнеше толқынмен өрбігенін көруге болады.
Шерулер алдымен Маңғыстау облысында басталды. Көп ұзамай басқа да өңірлерге жайылды. Орталық билік және әкімдіктер жағдайды реттеуге тырысқанымен, ел ішіндегі ахуал шиеленісіп кетті. Ортақ мәмілеге келу үшін жүргізілген келіссөздер мен диалогке толқуды ұйымдастырушылар еш мойын бұрмады.
Көптеген аймақта алғашқы қақтығыстар басталды. Мұның бәрі арнайы дайындалған жансыздары арқылы жағдайды одан әрі ушықтыруға тырысқан қаскөйлер үшін «іздегенге сұраған» болып шықты. Осындай аса күрделі жағдайдың өзінде құқық қорғау органдары күш қолданбай, сабыр сақтады. Бұл – екінші толқын.
Жетекшілері ымыраласқан топтың айтқанын екі етпейтін және лаңкестермен, оның ішінде сырттан келген лаңкестермен байланысы бар қылмыстық топтар өршелене іске кіріскенде үшінші толқын басталды. Олар арнаулы технологияны, арандатушылар мен қарақшыларды пайдаланып, бейбіт шерулерді жаппай тәртіпсіздікке ұластырды. Ұрып-соғу, қирату, өртеу, өзгенің мүлкін қасақана жою белең алды. Дүрбелең кезінде қарулы радикалдар мен лаңкестер бір мезетте, бір ғана бұйрықпен мемлекеттік органдардың және күштік құрылымдардың ғимараттарына, қару-жарақ дүкендеріне, құқық қорғау мекемелері мен әскери бөлімдердің қоймаларына шабуыл жасады. Мұндай оқиға Алматыда ғана емес, бірқатар облыс орталығында да болды. Қаңтар оқиғасы кезінде үш мыңнан астам қару қолды болғанын айта кеткен жөн. Оның ішінде автомат, пулемет, тіпті гранатомет және басқа да атыс құралдары бар. Оған қоса, көлік инфрақұрылымы және телекоммуникация нысандары шабуылға ұшырады. Қарақшылар мен лаңкестер өзара ұйымдасып, бір-бірімен тығыз байланыста әрекет жасағанын тағы да қайталап айтқым келеді.