Цифрлық технология дамыған сайын алаяқтар қарапайым тұрғындарды алдаудың түрлі әдіс-тәсілдерін меңгере бастады. Полицейлер тарапынан алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, «алдандым» дегендердің саны азаяр емес. Мәселен, 2024 жылы өңірде интернет алаяқтыққа қатысты 567 қылмыс тіркеліп, оның 219-ы сотқа жіберілсе, жәбірленушілерге 931 миллион теңге шығын келтірген ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталған. Атап өтерлігі, мұның барлығын облыстық полиция департаменті жанынан құрылған «Киберпол» тобының қызметкерлері анықтаған.
Интернет алаяқтықтың алдын алу үшін былтыр маусым айында облыстық полиция департаменті жанынан «Киберпол» тобы құрылған болатын. Қазір топта 6 жедел уәкіл, 3 тергеуші, 1 криминалист және 1 IT маманы жұмыс істейді. Олар облыс аумағында жұмыс істейтіндіктен, жәбірленушілердің арыздары алдымен осы жерге түседі. Облыстық полиция департаментінің Криминалды полиция басқармасы бастығының орынбасары Ердәулет Амантаевтың айтуынша, былтыр облыста интернет алаяқтыққа қатысты 567 қылмыс тіркелген.
– Кейінгі үш жылда интернет арқылы жасалатын қылмыстар саны едәуір өсіп отыр. Сондықтан бұған жіті мән беріп жатырмыз. Топтағы мамандар түскен қылмыстық істерді тергеп-тексерумен қатар интернет кеңістігіне де мониторинг жүргізіп отырады. Соның нәтижесінде, былтыр 67 қылмыскер құрықталып, олардың 113-нің интернет алаяқтық қылмыстарға қатысы бары дәлелденді, – дейді Ердәулет Дарханұлы.
Ал, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Құрманбек Сақовтың айтуынша, топ қызметкерлерінің жүйелі жұмыстары арқасында өңірдегі алаяқтық қылмыстардың саны 14 пайызға төмендеген. Ал, тіркелген 1211 алаяқтық қылмыстың 87,3 пайызы ашылған.
– Өкініштісі, оңай жолмен ақша тапқысы келетіндердің қатарында жастар көп. Мәселен, таяуда Сайрам ауданының 30 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол «Отау тв» қызметкерімін деп жасы үлкен кісілердің құжаттарын алып, аттарынан несие рәсімдеп отырған. Келтірілген шығын 5 миллион теңгеден асады. Ал, Шымкент қаласының тұрғыны «Индрайвер» мобильді қосымшасы арқылы таксистердің атынан несие алған. Оның осындай 18 жайтқа қатысы бары дәлелденді. Ол осылайша жәбірленушілерге 3 миллион теңге көлемінде шығын келтірген, – дейді Құрманбек Сатымбекұлы.
Ердәулет Дарханұлының айтуынша, облыс аумағында алаяқтар жиі қолданатын 9 сызба таралған. Оның біріншісі әрі ең танымалы – банктен қоңырау шалу.
– Банктен қоңырау немесе банктік картаны бұғаттау, болмаса қолма-қол ақшаға байланысты күдікті операциялар туралы хабарламалар келеді. Мұндай жағдайда дереу сөйлесуді тоқтатып, банктің сенім телефонына хабарласу керек, – дейді департамент өкілі.
Алаяқтықтың екінші тәсілі – сату жөніндегі хабарлама. Яғни сатушы алаяқтар алмаған зат үшін ақша аударуды сұрайды. Мұндай кезде полицейлер тауар үшін төлем жасамауға кеңес береді. Келесі сызба – интернет арқылы кез келген затты сатып алу туралы хабарлама.
– Тауарыңызды сатып алушылар ақша аудару үшін банктік картаңыздың деректемелерін немесе тауарға ақша аудару үшін sms-кодтарды сұрайды. Сөйтіп, сол арқылы шоттан ақша жымқырады. Сондықтан жеке ақпаратты ешкімге беруге болмайды, – дейді басқарма бастығының орынбасары.
Төртінші тәсіл – онлайн несиелерді рәсімдеу. Егер белгісіз адам қоңырау шалып, құжат суретін жіберуді сұраса, алаяқ екеніне күмәніңіз болмауы тиіс. Биржадан ақша табуды ұсынатындары да бар. Полицейлер осы ретте олардың сенімді екеніне көз жеткізбей, ешқандай әрекетке бармау керектігін ескертеді. Алдап соғудың тағы бір тәсілі – жалған нөмірмен қоңырау шалып, жазығы жоқ адамды жалалы ету. Ол үшін арнайы бағдарлама да бар. Интернет алаяқтары соны пайдаланып, адамға танысы ретінде қоңырау шалады. Ал, нөмірдің иесі ол туралы мүлде бейхабар болуы мүмкін. Нәтижесінде, жала жабылған адам кінәсіздігін дәлелдеу үшін уақыты мен денсаулығын құртады. Полицейлер мұндай телефон иесін табу өте қиынға соғатынын айтады.
– Алаяқтардың тағы бір легі сізге банк қызметкері ретінде қоңырау шалып, жинақ ақшаңызды сақтау үшін арнайы бағдарлама орнатуды сұрайды. Осы бағдарламаны орнатқаннан кейін сіз алаяқтар үшін қолжетімді боласыз. Яғни алаяқтар қаражатыңызды аударып алып, табанын жалтыратады. Сондықтан үшінші адамның өтініші бойынша ешқандай бағдарлама орнатпау керек. Ақша жымқырудың тағы бір тәсілі – фишингтік сілтеме жіберу. Егер сілтеме жіберіп, толтыруды сұраса, оған өтіп, деректерді толтыру орны толмас қателікке ұрындырады, – дейді Ердәулет Дарханұлы.
Д.Жүсіп.
