ӨҢІРДЕГІ АУРУХАНА ҒИМАРАТТАРЫ ЖАҢАРУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға ерекше назар аударғаны белгілі. Президент «Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады» деген болатын.

Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау мақсатында Түркістан облысында да жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Қазіргі таңда облыста 8 медициналық ұйымның ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, Кентау қалалық орталық ауруханасы, Келес ауданындағы «Абай» ауруханасы және Бәйдібек аудандық орталық ауруханасына қарасты Боралдай дәрігерлік амбулаториясын күрделі жөндеуден өткізетін мердігер компаниялар анықталып, келісімшарт түзілген. Қазір аталған нысандардың техникалық қадағалаушысы анықталып жатыр, жуырда құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.

Сонымен қатар Сайрам аудандық орталық ауруханасын, Сайрам ауданындағы «Қарабұлақ» ауруханасын, Созақ аудандық орталық ауруханасын, Жетісай ауданындағы «Асықата» ауруханасын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленген. Қазір ол құжаттар мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр.

Былтыр Жетісай аудандық орталық ауруханасында да күрделі жөндеу жұмыстары басталған еді. Бүгінгі таңда ол жұмыс толығымен аяқталып, қайта ашылған аурухана халыққа қызмет ете бастады. Ал, Сарыағаш аудандық орталық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары 90 пайызға орындалған. Мұндағы жұмыстар одан әрі жалғасуда.

Бұдан бұрын Сарыағаш, Жетісай, Сайрам және Ордабасы аудандық орталық ауруханаларының ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізіп, оларды заманауи медициналық техникамен жабдықтап, ауданаралық сауықтыру ауруханаларына айналдыру жоспарланған болатын.

Оның ішінде Ордабасы аудандық орталық ауруханасы ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары 2022 жылы аяқталса, Жетісайдағы аурухананың жөндеу жұмыстары, жоғарыда айтқанымыздай, сәуір айында аяқталды. Ал, Сарыағаш аудандық ауруханасында жұмыс мамыр айының соңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Сайрам аудандық орталық ауруханасы ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары биыл басталып, келесі жылы аяқталады деп күтілуде.

Айта кетейік, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Бәйдібек ауданындағы  Шақпақ ауылында орналасқан «Алғабас» дәрігерлік амбулаториясы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары былтыр күзде аяқталған болатын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *