ТҮРКІСТАН: ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БАСТЫ НАЗАРДА

Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаев: “Барлық деңгейдегі әкiмдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсiн. Кездесулер барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, проблемалық мәселелерді шешудiң жолдары мен мерзімдерін түсіндірсiн,”-деп әкiмдерге тапсырма берген болатын. Иә, елдегі маңызды әлеуметтік мәселелердің бірі де бірегейі  – жұмссыздықтың алдын алу, жұмыс орындарын ашу, жұмыспен қамту. Бұл жөнінде ел Президентінің: «Қазіргі күрделі кезеңдегі біздің басты міндетіміз – жұмыссыздықтың күрт көбеюіне, жұмыс орындарының жаппай қысқаруына және тұрғындар табысының азаюына жол бермеу. Сонымен бірге іскерлік белсенділікті сақтау үшін бизнесті ынталандыру өте маңызды», – деген сөздерінен мәселенің маңыздылығын ұғу аса қиын емес.

2023 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің облыс орталықтары мен мегаполистерінде 20 Еңбек мобильділігі Орталықтары құрылған болатын. Ал жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары «Мансап Орталықтары» болып қайта құрылды. Сол тұста, Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» құрылып, өз қызметін 2023 жылғы 1 шілдеден бастап кетті. Аталмыш орталыққа 22 жыл әлеуметтік салада қызмет етіп, әлеуметтік бағыт өмірінің өзегіне айналған Ақмарал Жолаева басшылық етеді. Орталықтың атқарған жұмыстары мен тыныс-тіршілігінен хабардар болу үшін басшымен сұхбаттасуды жөн көрдік.

— Ақмарал ханым, қателеспесем 2021 жылдан бері Түркістанда қызметте жүрсіз. 4 жыл деген аз уақыт емес. Осы аралықта басшы ретінде не түйдіңіз, қандай қиындықтарды еңсердіңіз?

— Иә, Түркістанға 2021 жылы ауысып келдім. Одан алдын Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы, Шымкент қалаларында қызмет еттім. Ең алғашқы жұмысымды тәрбиеші болып, қоғамдық негізде бастағанмын. Содан бері әлеуметтік бағыттан айныған емеспін. Өздеріңізге белгілі, былтырдан бастап жұмыспен қамту орталықтарының барлығы жабылып, облыс бойынша «Еңбек мобильділігі орталығы» құрылды. Жалпы біздің міндет халықты сапалы жұмысқа орналастыру. Әлеуметтік осал топтағы адамдарды үйлестіре отырып, олардың қоғамға бейімделіп кетуін қамтамасыз ету. Басшы ретінде осыны басты назарда ұстау міндетім. Алғашында қиындықтар болды. Алайда оның бәрі тәжірибе арқылы орнына келетінін түсіндім.

— Алғашында қиындықтар болды деп қалдыңыз. «Еңбек мобильділігі орталығы» құрылғаннан кейін қандай мәселемен бетпе-бет келді?

— Еңбек мобильділігі орталығы 2023 жылдың бірінші шілдесінен бастап жұмысын бастағаны баршаға мәлім. Бұған дейін 17 аудандағы жұмыспен қамту орталықтарының, яғни, қазіргі таңдағы мансап орталықтарының бюджеті өздерінде болып келген. Әр аудан өз бетінше сол қаржыны игеріп, үлестіріп отырған. Енді 2023 жылы шыққан жаңа қаулы нормасына сәйкес сол 17 ауданның бюджеті біздің орталыққа жүктелді. Бастапқы айда жұмыскерлерге қаржы аудару, белсенді шараларға тартылған азаматтарға қаржы жолдау қиындық тудырды. Жасыратыны жоқ, бір ай қаржыны кешіктіріп төлеген кездер болды. Ал негізінен осы мәселенің туындауына барлық ауданның бюджеті бір орталыққа жүктелгені себеп болған еді. Қазіргі таңда, барлық олқылықтар жолға қойылды, ол этаптан да өттік.

Осы қиындықтан қалай шықтыңыз? Орталық басшысы ретінде қандай шара қолдандыңыз?

— Осы мәселенің туындауына байланысты қаржы бөлімін кеңейттік. Қазір бізде 17 ауданға он бухгалтер қызмет көрсетеді. Штаттық құрылымдық қызметті кеңейту арқылы осы проблеманың алдын алдық. Бүгінгі таңда қаржылық аударым бойынша мәселе жоқ, барлығы жолға қойылды. Ал біздің қазіргі міндетіміз бен күшіміз мемлекеттік грант бөлу жұмыстарын жүргізу. Әлеуметтік бағытта азаматтарға арналған жобалар легін бастап кеттік.

— Әлеуметтік жобаларға тоқталайықшы. Түркістан облысында әлеуметтік кәсіпкерлер көп пе?

— Мен сізге бес жылдық салыстырмалы қорытындыны айта алмаймын. Себебі ол уақытта мен қызметте болмадым, әлі орталық құрылмаған болатын. Алайда 2023 жылы әлеуметтік жобаларға 1688 өтініш келіп түссе, ал биыл 2024 жылы олардың сан — 1793. Оның ішінде биыл 897 жобаға арнайы грант бөлінеді. Осы көрсеткішпен салыстырып қарайтын болсақ, жылдан жылға әлеуметтік жобаларға деген қызығушылықтың артқанын байқаймыз. Енді әлеуметтік жоба болған соң оның негізгі шарттары болатыны белгілі. Кәсібі бар жандар бол жобаға қатыса алмайды. Негізгі аудиториясы әлеуметтік осал топтағы адамдар, көп балалы аналар. Сондықтан қоғамның осы тобы әлеуметтік салаға белсенді атсалысып, жоба ұсынып жатса өте қуанышты жаңалық.

— Облыста еңбек қатынастарын үйлестіру, халықты жұмыспен қамту бағытында тұжырымдама аясында бағдарламалар қалай жүзеге асуда? Төрт айлық көлемінде қандай нәтижеге қол жеткіздіңіздер?

— Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы болып өзгерді. Бұл жоба жаңа бағытта, жаңа форматта жүргізілетін болады. Жобаның негізгі мақсаты: халықты нәтижелі жұмыспен қамту, жұмыссыздықты азайту бағытында белсенді шараларды ұйымдастыру болады. Осы ретте жобаның еңбек бағыты бойынша белсенді шараларына тоқталып өтейін. Төрт айда біз қандай нәтижелерге қол жеткіздік? Өздеріңізге мәлім, бүгінде жастар арасында жұмыссыздық белең алып отыр. ЖОО бітіріп жұмыс таппай жүрген жастар өте көп. Осы азаматтарға арналған «Жастар практикасы» деген бағыт бар. «Жастар практикасы» бұған дейін мерзімі 6 ай көлемінде болса, биылдан бастап 12 айға ұзартылды. Төленетін қаржы 30 АЕК, 110 760 теңге көлемінде қарастырылған. «Жастар практикасына» ЖОО-ны немесе арнаулы орта оқу орнын бітірген, диплом жарамдылығы 5 жылдан аспаған жастар қатыса алады. Биыл бұл бағытта 8 500 түлекті жұмыспен қамтуды жоспарлаған едік, қазіргі таңда 1 442 азаматты мамандығына сәйкес жұмысқа орналастырдық. Жұмыссыз жастарды қолдау шараларының бірі «Алғашқы жұмыс орны» деп аталады. Бұл бағытта әлеуметтік енжар санаттағы (NEET) санатындағы жастарға басымдық беріледі. Биыл біз осы санаттағы 1802 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлаған едік, бүгінде 995 адамды жұмысқа орналастырдық. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына қатысушыларынан диплом талап етілмейді, сондықтан мамандықсыз ұйымдастырылатын жұмыстар ұсынылды. Негізгі талабы: бұрын еш жерде жұмыс істемеген, аты айтып тұрғандай қатысушының алғашқы жұмыс орны болуы тиіс. Тағы бір бағытымыз «Күміс жас» жобасы, ол дегеніміз 50 жастан асқан, зейнет жасына жетпеген жұмыссыз азаматтарды жолдай аламыз. Биылға «Күміс жас» жобасы бойынша 2 208 жоспарланса, 1 мамырға 2 037 азаматты жұмыспен қамтылды.

–Әрине, біз былтыр 4000 азаматқа қызмет көрсету жоспарланған болса, ол артығымен орындалып 5400 азамат нәтижелі жұмыспен қамтылды. «Жастар практикасы» бойынша  400-ге жуық жасты өз мамандығына сәйкес жұмыспен қамтыдық, ол көрсеткіш жыл соңына дейін 500-ге жетпек. Жоғарыда айтып өттім, оның мерзімі жарты жылдан  1  жылға ұзартылды. Кез келген  саналы жас осы уақыт ішінде өзін жақсы жағынан танытып, сол мекемеде тұрақты жұмысқа қалуға ұмтылады.  Біз жұмыс берушіге осы азаматтардың барлығын жұмысқа аласыз деп талап қоя алмаймыз. Мысалы, 10 жас түлекті бағыттайтын болсақ, жұмыс беруші соның ішінен сенімін ақтаған  3-4 түлекті тұрақты жұмысқа алып қалады. Сайып келгенде, мұның бәрі жастарды қолдауға, жұмыссыз азаматтарға беріліп отырған мүмкіндік.  Жыл өткен сайын көрсеткішіміз жақсырып келеді. Жұмыссыздарды қолдауға бөлінген қаржы көлемі де жылдан жылға ұлғайып келеді. Мүмкіндіктеріміз де кеңейіп жатыр. Бұл әлбетте, белгілі бір деңгейде жұмыссыздықтың азаюына ықпал етеді деп ойлаймын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *