МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ: ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҰСТАНУ ҮШІН ОРТАҚ ҰСТАНЫМ ҚАЖЕТ

«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады» деген Абай хакім адамзатты бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болуға шақырған. Бүкіл бабаларымыз ұрпақтарына бірінші кезекте адалдық пен әділдікті өсиет еткен. Өмірге келгендегі мақсат өмірді қалай болса солай сүру емес, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты, адал мен арамды, ақ пен қараны ажырата біліп, адамдықтан аттамай адал еңбек етіп, әділдік сақтап, тек өзіңе ғана емес, өзгелерге де пайдасы тиетін қағидаттарды ұстану болу керек. Атаның емес, адамның ұлы болып көптің батасын алып, ықыласына бөленіп, елге еңбек сіңіру – азаматтық борыш. Тек жан бағу деген қарекетпен өмір сүрсеңіз, ойыңыз табалдырықтан әрі аса алмай жатады. Нағыз ердің санасында бәрінен бұрын ел деген ұғым биік тұруы тиіс.

 

Ортақ ұстаным қажет

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда ұлттық бренд, идеология, тарих, сана, мәдениет, тәрбие, жалпы ұлттық құндылықтар мен креативті индустрия, саяси талдау, сараптау, шекаралас аймақтарды дамыту, мемлекеттік қызметкерлерді адалдық пен әділдікке жетелейтін қасиеттер мен істерге кеңінен тоқталды. Түсінгенге әділетті әрі адал қоғам жайында терең мағыналы ой айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ұлттық құндылықтарды ұстану үшін ортақ ұстаным қажет екенін айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:«Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақ-станды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал, арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс деді. Кез келген бастама адалдық әрі табандылықпен атқарылатын болса, ол міндетті түрде нәтижелі болады. Әрбір азаматтың ойында тек «мен» деген жеке ұғым емес, бойында «біз» деген ортақ ұстаным болуы тиіс. Сонда бүтін ел өркендеп, тіршілік түзеледі. Еліміздің жарқын болашағы үшін игілікті істерге бастайтын қоғамға пайдалы азаматтар керек. Нақты мақсатқа жету үшін тиянақты бағыт-бағдар да қажет.

 

Мінбер жоғарылаған сайын міндет те көбейеді

 

«AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен таяуда Астанада алғаш рет әр деңгейдегі мәслихат депутаттарының республикалық форумы өткені мәлім. Келелі кеңесте тіпті аудандық деңгейдегі депутаттардың имиджін қалыптастыру, сайлаушылармен тығыз байланыс орнату, уәделерді орындау сияқты жұмыстар бүге-шүгесіне дейін талқыланды. Әйтпесе бұрын сайлау кезінде ғана алашапқын болып, кейін ауылға ат ізін салмайтындар да болған. Тұрғындарға төбе көрсетпейтін әкімдер де бар. Мәселесін шешетін, шағымын тыңдайтын не әкім, не депутатын таппаған соң, халық көшеге, әлеуметтік желіге, тіпті халықаралық ұйымдарға шығып кетті. Бүгінде заман өзгеріп, өзгергенді көз көріп жатыр. Орнында бар оңалар, енді. Форумның мақсаты Президент айтқандай, халыққа адал қызмет етіп, әділетті Қазақстан орнатуға күш салу еді.

Мәжіліс төрағасы, партия жетекшісі Ерлан Қошанов:«Біздің – мақсатымыз айқын. Ол – Мемлекет басшысы қолға алған реформаларды аяғына дейін табысты жүзеге асыру. Баршамызды бір миссия – мемлекет пен халыққа адал, риясыз қызмет ету миссиясы біріктіреді. Өткен жылы партияның съезінде Мемлекет басшысы: «Мәслихат депутатының төсбелгісі оны халық сайлағанын білдіреді және депутат тек халықтың мүддесі үшін қызмет етуі керек» деген еді. Сондықтан, бізге қойылатын талап та аса жоғары болатынын естен шығармайық. Келесі маңызды мәселе – сайлаушылармен өзара іс-қимыл. Біз не істесек те, сайлаушылардың мүддесі үшін қызмет етеміз. Ол үшін қазірден бастап мәслихаттардың жұмысын түсінікті, ашық негізде жүргізу қажет. Жергілікті жерде бірқатар олқылықтардың бар екені жасырын емес. Азаматтар көбіне әділетсіздік пен немқұрайлы көзқарасқа  шағымданады. Соның кесірінен адамдар әділет іздеп Астанаға сабылады. Депутаттармен, министрлермен, тіпті Мемлекет басшысымен кездесуді талап етеді. Айналып келгенде, сол проблемалардың көбі сіздердің ықпалдарыңызбен өңірлік деңгейде шешілетін нәрселер. Сондықтан, барлық проблеманы орталыққа ысырып қоятын әдеттен арылғанымыз жөн деп ойлаймын. Әр өңірде партиялық кеңестер бар екенін де ұмытпаңыздар. Сол кеңестерге әкімдерді, басқа да лауазымды тұлғаларды шақырып, өзекті мәселелерді бірге талқылап, шешуге болады» деп ақиқатын айтты.

Биылғы сайлау бұрынғыдан өзгерек өтті. Партия қатарында барлар да, жоқтар да сайлауға түсе алды. Мен де сайлаушылар сенім артып, бір мандатты округтен сайланған депутатпын. Мінбер жоғарылаған сайын міндет көбейе түседі. Мәжіліс мандаты міндетті жауапкершілікті арттырады. Өйткені, мәжілісмен тек мәселе көтеріп қоймай, ел үшін маңызды құжаттардың қабылдануына атсалысады. Айналасы 3 айда Үкіметке 12 депутаттық сауал жолдадым. Көпшілікпен алғашқы сессияда істеген жұмыстың есебімен бөлісуді жөн санадым.

Жалғасы бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *