ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІ: БІЗДІҢ БОРЫШЫМЫЗ – АТА-БАБА АМАНАТЫНА АДАЛ БОЛУ

Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында 2024 жылы Жошы ұлысының Қазақстан аумағында құрылғанына 800 жыл толатынын атап өткен болатын.
«Бүгінгі таңда көптеген қандастарымыз, шетел жұртшылығы Жошы хан кесенесінің біздің елде орналасқанын біле бермейді. Біздің борышымыз – ата-баба аманатына адал болу. Сондықтан біз Алтын Орданың негізін қалаушы Жошы ханға құрмет көрсетуге міндеттіміз. Бұл тарихи тұлғаға бүкіл әлемнің назарын аударып, оның кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру өте маңызды міндет» дей келе Президент Ұлытауды халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризм орталығына айналдыруды ұсынды.
Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры, тарихшы Жақсылық Сәбитовтің айтуынша, Жошы әулеті Қазақстан аумағында 1224 жылдан 1860 жылдарға дейін алты ғасыр бойы билік жүргізді. Бұл кезең Қазақстан тарихы үшін маңызды кезең. 1223 жылы Шыңғыс хан Күлтөбеде өткен үлкен құрылтайда үш мәселені қозғайды. Ұлы қаған алдымен келесі жылы Батысқа жорыққа шығатыны туралы айтады. Содан кейін жаулап алған жерлерін бәйбішесі Бөртеден туған төрт ұлына бөліп беретінін (үлкен ұлы Жошыға Ертістен Орал тауының етегіндегі Еділ өзенінің төменгі сағасына дейінгі жерді тапсырады) мәлімдейді. Үшіншісі, өзі қайтыс болған жағдайда империяның тағына ұлы Үгедей отыратынын хабарлайды.
Ұлы ұлыстың жалпы аумағы 10 млн шаршы шақырымға жеткен. Зерттеушілердің баяндауынша, Жошының қол астына қараған аумаққа қазіргі қазақ жерінің 65 пайызы кірген. Кейін оның құрамына Ресейдің еуропалық өңірі, Балтық теңізінің шығысындағы өлкелер, Польша, Мажарстан, Балқан елдері, Солтүстік Кавказ, Хорезм, Шығыс және Батыс Дешті Қыпшақ даласы енген.
Жошы ұлысы қанатының астына жиналған 20 миллионнан астам халықтың дені түркілер болды.  Бату ханның кезінде 80 мың тұрақты қарулы қолы болған. Оның 90 пайызы қыпшақ-түркі тектестерден құралған.
Қазіргі Моңғолия жерінде XIII ғасырға дейін түрік тілді керей, найман, меркіт, жалайыр, қоңырат, ұйғыр, қырғыз, татар тайпалары мекендеген. Бұл территорияның түркі тектес ұлыстардың неше мың жылдар бойы мекені болғанын жер-суң атауларынан да байқауға болады.
Ұлытау маңындағы «Жошы ханның мазары» жайлы алғашқы хабарды Бұхар билеушісі Абдаллах 1582 жылы Ұлытауға барғанда мәлімдеді. Ол ескерткішке 1946 жылы Ә.Х. Марғұланның басшылығымен  археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Жошы мазарынан ұлысқа қарасты 26 тайпаның таңбалары табылды. Ғалымдар 26 таңбаның барлығы да бүгінгі қазақ руларына тиесілі белгілер екенін айтады.
1266 жылы Алтын Орда тағына Батудың немересі Мөңке Темір отырды. Осыдан бастап Орда Қарақорымда Шыңғыс хан құрған түркі-моңғол империясы құрамынан «Алтын Орда» аталған, Ұлы қаған әміріне бағынбайтын, жаңа түркі мемлекеті бөлініп шықты.
Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры, тарихшы Жақсылық Сәбитов «Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда деген атаулар ешқандай да мемлекеттің аттары емес. Ол – Жошы ұлысын басқарған хандардың әр кездегі резиденцияларының түсі, атауы. Хан егер астанада болса, дипломаттарды, әмір-кінәздерді алтын киіз үйде қабылдаған. Сол резиденциясын «Алтын Орда» дескен. Ал, жазғы жайлауда болса, ақ шатырда қарсы алған. Ханның бұл ставкасы «Ақ Орда» аталған» дейді.
Ресейлік антрополог Л.Т. Яблонский 30 жыл бойы Алтын Орда көшпенділерінің бассүйегін, қаңқасын зерттей келе «Орта ғасырларда өмір сүрген алтынордалықтардың бет-пішініне, қазіргі халықтардың ішінде пошымы жағынан тек қазақтар қатты ұқсайды» деген қорытынды жасаған. «Қазақтар өздерін Алтын Орда татарларының ұрпақтарымыз деп санайды» деген деректерді Шоқан Уәлихановтың естеліктерінен де кездестіруге болады.
Кеңестік кезеңде тарихшыларға бағыт-бағдар беріліп отырғандықтан Алтын Орда тарихы бір жақты, яғни кеңестік идеологияның шеңберінде ғана зерттелді. Ал, біз әлі күнге дейін ғылыми еңбектерде «моңғолдар», «моңғол әскері» деп жазып келеміз. Мысалы, Шыңғыс хан Қытайды басып алып, қалауынша билеп-төстеді. Сонда Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары билік жүргізді екен деп Қытайды «моңғол елі», «моңғолдар» деуге болмайды ғой, солай емес пе?!
Қалай десек те Жошы ұлысының Қазақстан тарихына енуі революциялық оқиға болды. Осы айтулы датаға орай бүгінде кең ауқымды зерттеулер қолға алынуда. Биыл Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстары аяқталады. Бұл еңбекке 200-ден астам қазақстандық, 60-қа жуық шетелдік мамандар жұмылдырылған.

Серік МАМРАЙМОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің доценті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *