ОБЛЫС ӘКІМІ ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ОРДАБАСЫ АУДАНЫНА ІССАПАРМЕН БАРДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға қолдау көрсету жөнінде тапсырма берген болатын. Түркістан өңірінде осы бағытта ілкімді жұмыстар атқарылуда.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданына жасаған іссапары аясында Ақбұлақ ауылындағы «KAZ KIOTI» зауыты ұжымымен кездесті. Бүгінде облыста «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Trade in» бағдарламасы жүзеге асырылып, шаруаларға ауыл шаруашылығы техникалары ұсынылуда.
Облыс әкімі шаруаларға су жаңа тракторлар мен комбайндардың кілттерін табыстады. Жалпы, бұл күні 48 шаруа жаңа техникаға ие болды.
– Өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласына «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы нақты қолдау көрсетіліп жатыр. Осы орайда «Trade in» бағдарламасы да тиімді жүзеге асып, көптеген жерде ауыл шаруашылығы техникалары жаңаруда. Бүгін облысымыздың шаруаларымен қуанышты сәтте кездесіп тұрмыз. Жаңа техникаларыңыз құтты болсын! Біз әрдайым өңір экономикасын дамытуға серпін беретін жобаларды қолдауға дайынбыз, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Жаңа техникаға ие болған шаруалар мемлекеттік қолдауға ризашылықтарын білдіріп, басшыларға алғыстарын айтты.
Түркістан облысында қолға алынған «Trade in» бағдарламасы арқылы шаруалардың істен шыққан ескі техникалары нарықтық бағамен бағаланып, қабылданады. Бұл шаруаларға жаңа трактор алуға үлкен мүмкіндік береді. Ескі трактор мен техниканың бағаланған құны алғашқы жарна ретінде алынып, «KAZ KIOTI» зауытынан шыққан жаңа тракторлар «Оңтүстік» АИО ЖШС және «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы лизингке төмен пайызбен ресімделеді.
Оңтүстік Кореяның «Daedong» компаниясымен бірігіп, ауыл шаруашылығы тракторларын шығаратын кәсіпорын жұмысын 2015 жылы бастаған. Жоба жеке инвестор есебінен жүзеге асырылуда. 5 гектар аумақта орналасқан зауыттың инвестициялық құны –
6 919,0 млн. теңге. Мұнда 50 адам тұрақты жұмыс істейді. Зауыт толық қуатымен жұмыс істей бастағанда жылына 2000 техника жинауға мүмкіндігі болады. Кәсіпорын өткен жылы 304 трактор, 6 комбайн жасап шығарса, осы жылдың 3 айында 180 трактор жинаған.
Зауыт басшылығы жобаның сәтті жүзеге асатынына сенімді. Кәсіпорын ұжымы өндірісті одан әрі дамытуды, оның ішінде, өндірістік қуатты арттыруды, шығарылатын өнім түрлерін көбейтуді, локализациялау пайызын арттыруды жоспарлап отыр.
Осы күні ауданда жаңа зауыттың капсуласын салу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысты. Аудандағы «CENTRAL ASIA ALUMINUM» зауытының құрылыс алаңында болған облыс әкімі алюминий профильдерін өндіру жобасының жүзеге асырылу барысын көрді. Инвестормен кездесіп, пікір алмасты. Жаңа зауыт келесі жылы алғашқы өнімін шығаруды жоспарлап отыр.
– Инвестициялық жобаларға тұрақты қолдау көрсетіледі. Ешқандай кедергі жоқ. Жұмыс орындарын ашу – маңызды іс. Бұл зауыт та өңір экономикасының дамуына үлес қосады деп сенемін, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Алюминий профильдерін шығаратын зауыттың құрылысы басталып кетті. Қазір зауыттың орнын тегістеу жұмыстары жүруде. Келесі жылдың I тоқсанында жобаның бірінші кезеңі іске қосылып, 180 адам жұмыспен қамтылады. Ал,
ІІ кезеңінде тағы да 150 адам жұмысқа шақырылмақ. Кәсіпорынға 7,5 млрд. теңге инвестиция тартылады. Әр кезеңде 10 мың тоннадай өнім өндіріледі деп күтіліп отыр.
Облыс әкімі жұмыс сапары аясында Ақбұлақ елді мекеніндегі «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 300 орынды білім ошағының құрылыс алаңын аралап көрді.
Өңір басшысы мердігер мекеменің өкілдерімен кездесіп, құрылысқа қатысты туындаған мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, білім сапасын көтеру, мектеп тапшылығын жою маңызды екенін айтып, жауапкершілікпен жұмыс істеуді міндеттеді.
Түркістан өңірінде тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары қарқынды. Дархан Сатыбалды Темірлан елді мекеніндегі 1 қабатты, 2 пəтерлі 6 тұрғын үйдің құрылысымен, қазіргі жай-күйімен танысты. Үйлердің құрылысы өткен жылы басталып, биыл аяқталған. Жалпы алаңы 750 шаршы метр болса, 1 үйдің аумағы –
62,5 шаршы метр.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс кестесіне сәйкес өңірдегі барлық аудан, қалаларды аралап шығып, тұрғындармен кездесті. Биылғы қорытынды кездесу Ордабасы ауданында өтті. Үш жүздің басы қосылған тарихи мекенде бәтуәлі ойлар айтылды. Өңір басшысы өндірісті дамыту, кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу экономикадағы негізгі бағыттар екеніне тағы да тоқталды. Аудан әкімі мен басқарма басшыларына осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырды.
– Ауданның проблемаларын талқылауға арнайы келгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Бұл жиында атқарылған жұмыстар ғана емес, кемшіліктер, алдағы жоспарлар да айтылады. Біз өңіріміздің инфрақұрылымын жақсарту, елдің әл-ауқатын көтеру бағытында жұмыс жүргізудеміз. Оның ішінде Ордабасы ауданына да тиісті назар аударылған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ордабасы ауданында 2023 жылы 19 елді мекенде 24 жобаны іске асыруға 2,8 млрд. теңге бөлінді. Сол арқылы Темірлан, Қажымұқан, Бадам елді мекендерінде спорт кешендері салынуда. 681 млн. теңгеге 13 елді мекендегі 27 көше орташа жөндеуден өтті. Төреарық, Ықылас Темір, Дербес елді мекендеріндегі фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 14 елді мекенде 18 жобаны іске асыру үшін 3,3 млрд. теңге қаралды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1,7 млрд. теңгеге 259 жоба қаржыландырылды. Ауданда 30 мектептің интернет жүйесі жақсарды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 27 пайызға өсіп, 2023 жылы ол 145 млрд. теңгеге жетті. Біз осындай кездесулерде кемшіліктерді де жасырмай айтып, проблемаларды шешу жолдарын қарастыруымыз керек. Мегаполиске жақын әрі күре жолдың бойында орналасқан ауданның әлеуеті жоғары. Инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығы саласын дамыту керек және индикаторлар орындалмаған салалар бойынша жұмысты ширатыңыздар, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Кездесуде аудан әкімі Азат Оралбаевтың өткен жылғы және биылғы 6 айдағы көрсеткіштер бойынша есебі тыңдалды.
Ордабасы төріндегі жиында аудан тұрғындары мектеп ғимаратын жөндеу, жер дауы, инфрақұрылым, ағын су, баспанамен қамту және өзге де мәселелерді қозғады. Олардың бәріне қанағаттанарлық жауаптар берілді.
Одан кейін Дархан Сатыбалды жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *