ТҮРКІСТАН: ӨҢІР БАСШЫСЫ ОТЫРАР АУДАНЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап көрді.  Алдымен өңір басшысы Шәуілдір ауылында бой көтеріп жатқан 600 орынды жайлы мектептің құрылыс алаңында болды. Құрылыс компаниясының басшысымен кездесіп, жұмыс барысын бақылады.
– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы тікелей Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. Құрылыс сапасы белгіленген стандартқа сай болуы тиіс. Біз тек жоспарланған мерзімде сапалы жұмыс істеуді талап етеміз. Кедергілер болса, дер кезінде айтыңыздар. Әкімдік тарапынан көмек көрсетіледі. «Жайлы мектеп» жобасы арқылы салынып жатқан білім ұяларының құрылыс үлгісін өзге білім ұяларына да қолдануды қарастыру қажет, – деді Дархан Амангелдіұлы.
«Samruk-kazyna Construction» АҚ тапсырысымен салынып жатқан заманауи үлгідегі ғимаратта оқушылардың сапалы білім алуы үшін қолайлы жағдайлардың бәрі жасалады. Жоба құны – 5,5 млрд. теңге. «Inteqra Construction» ЖШС құрылыс жұмыстарын өткен жылдың маусым айында бастаған. Мектеп ғимаратын осы жылдың қараша айына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар «Отырар ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-нің тапсырысымен М.Шойманов ауылында 200 орынды Мәдениет үйі құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс барысын бақылаған облыс әкімі жауапты тұлғаларға жұмыс барысында туындаған проблемаларды назарға алуды тапсырды.
Өткен жылдың тамыз айында құрылысы басталған ғимаратты биыл тамыз айында ел игілігіне беру көзделіп отыр. Жалпы алаңы – 858,4 шаршы метр. Құрылыс жұмыстарын «КДСМ» ЖШС атқаруда.
Өңірде салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс сапасы тікелей өңір басшысының бақылауында тұр. Оның ішінде Отырар ауданының инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары одан әрі жалғасады.
Өңір басшысының тұрғындармен кездесуі өтіп, онда облысты дамыту бағытында атқарылған жұмыстар баяндалып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берілді. Проблемалар ашық айтылып, өткір сұрақтар қойылды.
– Мемлекет басшысы жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Сол тапсырмалардың бірі – инвестиция тарту, яғни жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында су үнемдейтін технологияларды кеңінен пайдалану. Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Отырар ауданында өткен жылы 10 елді мекенде 15 жобаны іске асыруға 1,1 млрд. теңге бөлінді. Атап айтқанда, аудандағы Арыс, Шойманов, Көкмардан, Шытты елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Ақтөбе, Шойманов елді мекендерінде Мәдениет үйінің құрылысы басталып, ол ғимараттар биыл пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 8 елді мекендегі 19,3 шақырымды құрайтын 12 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 8 елді мекенде 9 жоба іске асырылады. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру, әл-ауқатын жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 770 млн. теңгеге 139 жоба қаржыландырылды. Мұның көбі бюджет есебінен жүргізілді. Ауданның өзіндік кірісін көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды ширатқан жөн. Биыл алты айда ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестиция тарту салалары бойынша индикаторлар төмен деңгейде орындалуда. Жұмысты күшейту керек. Ауыл инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар тоқтамайды, – деген Дархан Амангелдіұлы ауданға инвестиция тарту бағытындағы өзекті сұрақтарға да жауап берді. Су үнемдеу технологиясын енгізу, мақта кластерін дамыту маңызды екенін, осы мәселелер іске асса, бірнеше мың тұрғын жұмыспен қамтылатынын атап өтті.
Жиында Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайдың аудан көлемінде атқарылған жұмыстар туралы баяндамасы тыңдалды.
Ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 60 пайызға өсіп, 2023 жылы 80 млрд. теңгеге жетті. 2023 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 34 млрд. теңгеден асып, жоспар 5,7 млрд. теңгеге артығымен орындалды. Ауыл шаруашылығының өнім көлемі өткен жылы 41 млрд. теңгені құрады.
Кездесуде тұрғындар көкейдегі сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Инфрақұрылым, жер, жайылым, газдандыру, ағын су және өзге де мәселелер көтерілді. Әрбір көтерілген мәселе хаттамаға енгізіліп, заң шеңберінде тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Кездесуден кейін облыс әкімі Дархан Сатыбалды азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету, жерді заңдастыру, білім саласы мен денсаулық сақтау саласындағы түрлі түйткілдер тарқатылды. Қозғалған мәселелер бақылауға алынып, тиісті жұмыстар атқарылатын болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *