Ахмет Ясауи университеті жас ғалымдарға қолдау көрсетуді күшейтуде
Түркістан облысы ғылым мен білімнің ордасына айналу жолында ірі қадамдар жасап келеді. Ахмет Ясауи университетінің ректоры оқу ордасында жас ғалымдарға қолдау көрсету, білім беру сапасын арттыру және қоғамға пайдалы жобаларды жүзеге асыру бағытында атқарылған жұмыстар жайлы баяндады.
– Білім беру бағдарламаларын жаңарту және жас ғалымдарды қолдау
Университетте факультеттерді қайта құрылымдау және білім беру бағдарламаларын жаңарту арқылы магистратура мен докторантураға талантты ғалымдарды тарту шаралары қолға алынды. Әсіресе, халықаралық байланыстар нығайып, Түркияның алдыңғы қатарлы университеттерімен әріптестік қарым-қатынас айтарлықтай дамуда. Нәтижесінде, университет QS World University Rankings by Subject 2023 рейтингіне енген 8 қазақстандық университеттің қатарынан көрініп, әлемдік рейтингте 714-орынға ие болды.
– Ғылымға инвестиция және ынталандыру жүйесі
Университет ғалымдары үшін алдыңғы қатарлы халықаралық журналдарда жарияланған мақалаларға төленетін гонорар көлемі 900 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл қадам ғылыми ізденістерді ынталандырып, жобалар мен жарияланымдар санын арттырды.
2023 жылдың қазан-желтоқсан айларында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен қалалық және аудандық медициналық ұйымдардың 108 дәрігері Түркияның жетекші университеттерінің клиникаларында тағылымдамадан өтті. Ал 2024 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының қолдауымен еліміздің әр өңірінен 60 дәрігер үшін Түркияда тағылымдама ұйымдастырылды. Медицина саласындағы бұл игі шаралардың барлығы «Анажұрттан – Атажұртқа денсаулық көпірі» жобасы аясында жүзеге асырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің аймақтық 20 ЖОО базасында академиялық үстемдік орталықтарын іске қосу жөнінде жақсы бастамасы бар. Осыған орай университетімізде «Yassawi академиялық үстемдік орталығын» ашылды. Бұл орталық дамудың үш бағытын қамтитын болады: медициналық, биотехнологиялық және экологиялық. Неге біз осы үш бағытты таңдадық? Себебі осы үш бағыт бойынша университеттің ғылыми әлеуеті жоғары, сондықтан осы салаларды одан әрі дамытып, елімізге пайдалы жобалар жасай аламыз деп шештік», дейді университет ректоры.
Жалпы, университет елімізге негізгі екі мамандық бойынша кадр даярлайды. Бірініш кезекте медицина және педагогикалық бағытта. Осы ретте медицина факультетінің әлеуеті жоғары. Факультет практикалық базсы ретінде ашылған Клиника диагностикалық Орталығы Түркістан қаласы ғана емес, өңірге сапалы медициналық қызмет көрсетіп келеді. Университетте медицина саласы бойынша өте көп жұмыстар атқарылды. Жақсы сапалы медицина кадрларын дайындау, оны дүниежүзілік стандарттарға жеткізу – оқу ордасының басты мақсаттарының бірі. Ал биотехнология саласы бойынша стратегиялық жоспарға сәйкес, алдағы уақытта аграрлық факультетті құруды көздеп отырмыз. Ол үшін университтетің толық мүмкіндігі бар.
Оқу орнында 88 гектарлық жерді алып жатқан керемет Ботаникалық бағы бар. Мұндай бақ отандық ЖОО-ы ішінде тек қана ХҚТУ-де ғана бар. Ботаника бағының базасында көптеген ғылыми зерттеу жұмыстары, бірнеше коммерцияландыру жобасы жүзеге асырылды. Ал үшінші бағыт экологияны қолға алудағы басты мақсат – Түркістан өңірінде экологиялық жағынан шешілуі тиіс мәселелер жетерлік. Сол себептен университет шетте қалмай өз үлесін қосуды көздейді. Университеттің Экология ғылыми –зерттеу институты осы сала бойынша өңірде біршама жұмыстарды атқарып, маңызды экологиялық мәселелерді көтеріп жүрген ғалымдар шоғырланған ғылымиорталық. Жаңа орталықты құру инновациялық білім беруді қалыптастыруға ықпал етумен қатар, қолға алынып жатқан медициналық, биотехнологиялық және экологиялық ғылым мен практика саласындағы әлемдік жетістіктерді ықпалдастыруға мүмкіндік береді. Жобаны қаржыландыру мөлшеріне келетін болсақ, өкімет тарапынан үш жылға жалпы 4 млрд теңге қаржы бөлу қарастырылған.
Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысында (12 сәуір Ғылым күніне орай) Мемлекет басшысы ғалымдар ойлап тапқан жобалардың игілігін бүкіл еліміз көруі керек екенін айтты. «Түптеп келгенде, ғылым – азаматтардың тұрмысын сапалы, болашағын жарқын етуге тиіс. «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» боламыз десек, осы мақсатты жүзеге асыруымыз керек. Мемлекет пен ғылыми қауымдастық бұл жұмысты жұмыла атқарады деп сенемін», — деген Мемлекет басшының пәрменді сөздерін оқу ордасы нақты істермен жүзеге асыруда.
Медициналық саланы дамыту және халықаралық жобалар
«Анажұрттан – Атажұртқа денсаулық көпірі» жобасы аясында университетке Түркиядан медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер жеткізілді. Сонымен қатар, Түркияның жетекші университеттерінен 30 профессор келіп, шеберлік сыныптарын өткізсе, университет клиникасының мамандары Түркияда біліктілігін арттырды.
– Болашаққа жоспар: медицина, биотехнология және экология
Университет «Yassawi академиялық үстемдік орталығын» ашып, медициналық, биотехнологиялық және экологиялық бағыттарда жұмыс істейді. Бұл салалардағы ғылыми әлеуетті күшейту арқылы қоғамға пайдалы жобалар жүзеге асырылып, өңірдегі маңызды мәселелер шешімін табуда.
Түркістанның ғылыми болашағы жарқын
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылымды дамыту бастамалары университет ұжымының нақты істері арқылы жүзеге асуда. Түркістан өңірінің экологиялық, медициналық және ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған жобалар өз нәтижесін беруде.