ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ЖУРНАЛ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАСЫЛЫМДАР ТІЗІМІНЕ ЕНДІ

Халықаралық туризм және меймандостық университетінің «Bulletin of the International University of Tourism and Hospitality» журналы ғылыми басылымдар тізіміне енді

Қазақстанның ғылым және білім саласы жаңа белестерді бағындыруда. Халықаралық туризм және меймандостық университеті негізінде құрылған «Bulletin of the International University of Tourism and Hospitality» журналы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің сапаны қамтамасыз ету комитетінің ұсынған ғылыми басылымдар тізіміне енгізілді. Бұл қадам отандық және шетелдік ғалымдардың туризм, экономика, қаржы, маркетинг және қонақжайлылық саласындағы ғылыми зерттеулерін дамытуға мүмкіндік береді.

Ғылыми журнал 2023 жылдың 19 маусымында Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат істері жөніндегі ұлттық агенттігінде тіркеліп, өз қызметін ресми түрде бастаған. Сонымен қатар, 2024 жылдың наурыз айында журнал Париждегі ISSN орталығында тіркелді. Қазіргі таңда журналдың ISSN кодтары ретінде баспа нұсқасына – 3007-083X, ал онлайн нұсқасына – 3007-0848 коды бекітілген. Журнал мақалалары CrossRef деректер базасына тіркеледі және әр мақалаға DOI беріледі, бұл электрондық құжаттардың қолжетімділігін және халықаралық сілтемелердің дұрыстығын қамтамасыз етеді. Журналдың басты мақсаты – Қазақстан, ТМД елдері және әлемнің басқа мемлекеттерінде туризм және қонақжайлылық саласында жүргізілетін зерттеулерді жариялау, іргелі және қолданбалы зерттеулердің нәтижелерін ғылыми ортаға таныстыру, сондай-ақ осы салалардағы ғалымдар мен мамандардың өзара ықпалдастығын қамтамасыз ету. Оқу орны құрған бұл ғылыми алаң үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде мақалалар қабылдайды, ал жарияланған материалдар журнал сайтында толық мәтінде қолжетімді.

Журналдың құрылтайшылары мен редакциялық алқасы отандық және халықаралық деңгейдегі тәжірибелі ғалымдардан құралған. Олар ғылыми мақалалардың сапасын қамтамасыз етіп, зерттеу тақырыптарының өзектілігін қадағалайды. Басылымда жарияланған материалдар туризм, экономика, қонақжайлылық, кәсіпкерлік, менеджмент және маркетинг салаларындағы соңғы жаңалықтарды қамтып, ғылыми-зерттеулер нәтижелерін ортаға ұсынады. Журналдың шығу мерзімділігі де нақты белгіленген. Жылына төрт рет, яғни үш айда бір рет баспа және электронды түрде шығарылатын журналдың нөмірлері наурыз, маусым, қыркүйек және желтоқсан айларында жарық көреді. Айта кету керек, мақалаларды жариялау ақысыз негізде жүргізіледі.

«Bulletin of the International University of Tourism and Hospitality» ғылыми басылымы отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми әлеуетін дамытып, туризм саласындағы білім мен тәжірибенің ортақ алаңына айналып отыр. Қазақстандық ғылымның дамуына ықпал ететін бұл басылым келешекте халықаралық деңгейде танымал ғылыми платформалардың бірі болары сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *