Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Қысқы мектеп аясында Стратегия апталығы өз жұмысын бастады. Стратегиялық даму, рейтинг және сапа орталығы ұйымдастырған бұл апталық университеттің 2024-2029 жылдарға арналған даму бағдарламасының стратегиялық міндеттерін талқылауға және жүзеге асыру жоспарын пысықтауға арналды.
Апталықтың негізгі мақсаты – 2024 жылғы есептік кезең нәтижелерін саралап, 2025-2026 жылдарға арналған стратегиялық жоспарларды айқындау. Бұл мақсатта университеттің басшылық құрамынан бастап, құрылымдық бөлімдер мен факультет басшыларына дейінгі кең ауқымды қатысушылар тартылды.
Жиынға университеттің вице-ректорлары, департамент директорлары, құрылымдық бөлім басшылары, факультет декандары, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары және кафедра меңгерушілері қатысты. Апталықтың алғашқы күні стратегиялық сессия отырысына арналды. Университет ректоры Жанар Темірбекова жиынның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәтті жұмыс тіледі. Ол стратегиялық жоспарлар университеттің даму бағытын айқындауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сессияны Ғылым және стратегиялық даму жөніндегі вице-ректор Айнаш Ошибаева ашып, 2024-2029 жылдарға арналған Даму бағдарламасының стратегиялық мақсаттарына тоқталды. Оның баяндамасы 2024 жылдың қорытынды есебін және қол жеткізілген, сондай-ақ қол жеткізілмеген көрсеткіштерді қамтыды. Сонымен қатар, ол дәлелдемелік база мен ұсынымдарды ұсынып, 2025 жылға арналған Action Plan жоспарының негізгі тармақтарын таныстырды.
Келесі кезекте:
- Ғылым департаментінің директоры Хайрулла Масадиков;
- Коммерцияландыру офисінің директоры Азат Исаков;
- Академиялық даму жөніндегі вице-ректор Эльмира Идрисова өз салалары бойынша есептер мен ұсыныстарын баяндады.
Олар университеттің ғылыми-зерттеу, академиялық және коммерциялық даму көрсеткіштеріне қатысты индикаторларды атап өтіп, нақты нәтижелер мен жоспарлар туралы ақпарат берді. Стратегиялық даму, рейтинг және сапа орталығының басшысы Салтанат Кырыкбаева соңғы айларда жүргізілген ауқымды жұмыстарды атап өтті. Ол әрбір факультет пен бөлімнің даму бағдарламасы негізінде өздерінің нақты экшн-жоспарларын әзірлеп, сол бойынша жұмыс жүргізу керектігін айтты. Сессия барысында қатысушылар есептерді тыңдап, сұрақтарын қойып, маңызды пікір алмасты. Университеттің даму бағыттарын жетілдіруге қатысты ұсыныстар айтылып, оларды жүзеге асыру тетіктері талқыланды. Стратегия апталығы 22 қаңтарға дейін жалғасады. Бұл уақыт аралығында қатысушылар университеттің даму бағдарламасын іске асыруға қатысты нақты қадамдарды айқындап, алдағы жылдарға арналған жоспарларды бекітеді.
Стратегия апталығы университеттің жүйелі дамуында жаңа серпін беріп, оқу орнының сапалы білім беру мен ғылыми жетістіктерге бағытталған қызметін нығайтуға ықпал етеді. Мұндай ауқымды іс-шаралар тек университет ұжымының емес, жалпы білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосады.