ТҮРКІСТАНДАҒЫ КОЛЛЕДЖДЫҢ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ӨЗГЕШЕЛІГІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде атап өткендей, техникалық және кәсіптік білім беру саласында «Жас маман» жобасы аясында 180 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жыл сайын 100 мың студент тегін білім алу мүмкіндігіне ие болуда. Әсіресе аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға ерекше назар аударылып, мемлекеттік тапсырысты арттыру міндеті қойылды. «Түркістан Ахмет Ясауи кәсіби колледжі» – кәсіби білім беру бағытында  қалыптасқан дәстүрі бар университеттің құрылымдық бөлімі.  Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауда орнықты бағыт ұстанған колледждің  көкжиегі кең. Техникалық-кәсіптік білім беру жүйесін дамыту – мемлекеттің әлеуметтік маңызды басымдықтарының бірі.

Осы бағытта «Түркістан Ахмет Ясауи кәсіби колледжі» – сапалы маман даярлау мен еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыруға бағытталған жетекші оқу орындарының бірі. Колледж директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Алтынбек Кенжалиевпен сұхбат барысында колледждің ерекшеліктері мен жетістіктері жайлы әңгімелестік.

Алтынбек Тұрлыбиұлы колледжде оқу тиімділігін атап өтіп, мектептегі «қиын балаларды» қоғамнан оқшауламай, керісінше, олардың қабілеттерін ашу керектігін ерекше атап өтті. «Қазіргі таңда өз еркімен келетін талапкерлер саны артып, олардың арасында оқу үлгерімі жоғары студенттер көбейіп келеді. Бізге жүктелген міндет – әр студентке кәсіптік бағдар беріп, олардың еңбек нарығында сұранысқа ие маман атануына жол ашу», – дейді ол. Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік білім беру үшін бөлінетін гранттар санының артуы көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін үлкен қолдау екенін жеткізді.

Оқу орны 2001 жылы университетке қарасты аграрлық колледж ретінде Кентау қаласында құрылған. 2006 жылы Түркістан қаласына көшіріліп, біртіндеп көпсалалы колледжге айналды. Қазіргі таңда 1078 студент білім алуда, оның жартысынан астамы мемлекеттік грантта оқиды. Колледж университеттің материалдық-техникалық базасын, клиникалық орталығын, кітапханасын және спорт нысандарын еркін пайдалана алады.

Соңғы жылдары колледждің инфрақұрылымы мен оқу базасы айтарлықтай жаңартылған. Барлық оқу аудиториялары интерактивті тақталармен жабдықталып, заманауи зертханалар мен шеберханалар ашылды. Мәселен, «Тігін технологиясы», «Робототехника», «Ветеринария» және «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандықтарына арналған заманауи құралдар сатып алынды. Сонымен қатар, студенттер практикалық сабақтар барысында өндірілген өнімдерді өткізіп, қосымша табыс табуға мүмкіндік алды. Колледжде заманауи мамандықтарға ерекше мән беріледі. «Есептеу техникасы» бағыты бойынша IT мамандықтары, әсіресе техник-бағдарламашы мен веб-дизайнер мамандықтарына сұраныс жоғары. Сондай-ақ, «Ветеринария», «Аспаз», «Дене тәрбиесі және спорт» мамандықтарына еңбек нарығында қажеттілік артуда.

Кәсіпкерлікке қызығушылық танытатын студенттердің саны артып келеді. Мысалы, аспаздықты таңдаған жастардың көпшілігі болашақта жеке кәсібін ашуды мақсат етеді. Сонымен қатар, қоғамдық тамақтандыру мекемелеріне кәсіби технологтар мен аспаздарға қойылатын талаптардың күшеюі де бұл салада дипломы бар мамандарға сұранысты арттыруда.

Колледж студенттері халықаралық және республикалық деңгейдегі байқауларда жоғары нәтижелер көрсетуде. 2019 жылдан бері «WorldSkills» чемпионаттарына қатысып, бірнеше мәрте жеңімпаз атанды. Мысалы, 2023 жылы «Робототехника» және «Кабельдік желілер» құзыреттіліктері бойынша студенттер облыстық деңгейде 1-орын алып, ұлттық чемпионатта Түркістан облысының намысын қорғады. Сонымен қатар, пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар байқаулары және біліктілік сайыстарында да жүлделі орындар алып жүр. 2024 жылдың 15-17 мамыр күндері Түркістан Ахмет Ясауи кәсіби колледжінде «WorldSkills Turkistan» өңірлік чемпионаты өткізілді. Шара «Ақпараттық кабельдік желілер», «Мобильді робототехника», «Мейрамхана ісі» құзыреттіліктері бойынша ашылу салтанатымен басталып, өңірлік колледждердің білім алушылары 34 түрлі құзыреттілік бойынша бақ сынады. Бұл байқау студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіру, жаңа идеялар мен инновацияларды енгізу және еңбек нарығына қажетті мамандарды дайындауға ерекше мүмкіндік берді.

Колледж студенттері бұл сайыста жоғары нәтижелер көрсетті. Жалпы есепте колледж қоржынына 5 алтын, 3 қола медаль және 4 медальон қосылды.
Алтын медаль иегерлері:

  • «Мобильді робототехника» – Ермахан Айдын, Дүйсен Ернұр;
  • «Ақпараттық кабельдік желілер» – Егізбай Оразәлі;
  • «Графикалық дизайн» – Раева Гаухар;
  • «Мобильді қосымшаларды әзірлеу» – Сейдулла Нұр;
  • «Мейрамхана ісі» – Қуандық Бейсенбек.

Қола медаль иегерлері:

  • «Веб технологияларды құру» – Заманов Бекзат;
  • «Желілік және жүйелік әкімшілендіру» – Ажибек Азамат;
  • «CAD инженерлік графика» – Кәтіп Нұржан.

Медальон иегерлері:

  • «Сән технологиясы» – Исанова Дидар;
  • «Бизнеске арналған IT шешімдері» – Нұрғали Жанғали;
  • «Аспаз ісі» – Әбішов Адхам;
  • «Наубайхана шеберлігі» – Мақсұтхан Көркем.

Бұл жеңістер колледждің білім беру сапасының жоғары деңгейде екенін көрсетіп қана қоймай, студенттерді шабыттандырды. Енді өңірлік кезеңнің жеңімпаздары Астанада өтетін «WorldSkills Kazakhstan» республикалық чемпионатында Түркістан облысының намысын қорғайды.

Колледж алдағы уақытта материалдық базаны нығайтып қана қоймай, қосымша табыс көздерін дамытуға баса назар аудармақ. Аспаздар дайындаған өнімдерді сататын дүңгіршек ашу, ветеринарлық қызмет көрсету тапсырыстарын қабылдау сияқты бастамалар іске асырылуда. Бұл студенттердің кәсіби тәжірибесін арттырумен қатар, оқу ордасына қосымша табыс әкелмек. Колледжде білім беру ғана емес, студенттердің тұлғалық дамуы мен тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлінеді. 2024 жылдың 24 сәуірінде колледж кітапханасында «Отан тарихы әдебиетте» тақырыбында оқырман конференциясы өткізілді. Іс-шарада қазақ әдебиеті мен тарихы жазушыларының еңбектері талқыланып, студенттердің тарихи танымын арттыруға үлес қосылды. Сонымен қатар, экологиялық тәрбиені дамыту мақсатында «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Менің жасыл қалам» атты экоквест ұйымдастырылды. Студенттер Түркістан қаласындағы «Тұңғыш Президент» саябағында сенбілік өткізіп, квест ойындарына қатысып, таза орта қалыптастырудың маңыздылығын түсінді.

Түркістан Ахмет Ясауи кәсіби колледжі – білім мен тәрбиені үйлестіре отырып, сапалы мамандарды даярлайтын жетекші оқу орны. Колледждің жетістіктері мен жоғары кәсіби шеберлігі студенттердің өз саласында табысты болуына жол ашуда. Білікті ұстаздар мен талантты студенттер бірлесе отырып, колледждің абыройын одан әрі асқақтатып келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *